• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 16:34:30
Алматы
+35°

08 Қыркүйек, 2016 Аймақтар

Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА: «Мәңгілік Елдің» мызғымас жеті тұғыры бар

Биылғы жылы мемлекетіміздің мәртебелі белесі – Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойында тарихи табыстарымызды, жоталы жетістіктерімізді елеп-екшегенде...

Биылғы жылы мемлекетіміздің мәртебелі белесі – Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойында тарихи табыстарымызды, жоталы жетістіктерімізді елеп-екшегенде отбасылық дәстүрді орнықтырудағы іргелі істерді айрықша атап көрсетуіміз керек. Егемендіктің алғашқы жылдарында Ата Заңға арнайы бап енгізіліп, «неке және отбасының, ана, әке болудың және балалықтың мемлекет қорғауында болатыны» айқындалды. Осы арқылы тәуелсіздік жылдарында отбасылық-демографиялық саясат мемлекет дамуының стратегиялық бағыты ретінде бекітіліп, бұл саладағы келелі мәселелер кезең-кезеңімен түпкілікті шешімін тауып келеді. Ширек ғасырда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бәсекеге қабілетті ұлт, әл-ауқаты артқан отбасы, білімді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған сындарлы саясаты отбасылық саясатты жетілдіруге, ана мен баланы мемлекеттік қолдау бойынша бағдарламалық құжаттардың қабылдануына, осы бағытта тұтастай жүйенің құрылуына жол ашты, - деп жазады Qamshy.kz "Егемен Қазақстанға" сілтеме жасап.

Осылардың қатарында Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясының қабылдануын, Отбасы күнінің белгіленуін, Балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың ұлттық моделінің қалыптасуын, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының өткізілуін және басқа көптеген нақты шараларды алға тартуға болады. Бұл игілікті істер нәтижесінде әрбір босағасы берік отбасы Отанымыздың баянды болашағының берік негізі ретінде орнықтырылды.

ХХІ ғасырда адамзаттың рухани-мәдени, әлеуметтік сұраныстары мен өмір сүру құндылықтарының өзгерістерге ұшырауына байланыс­ты бүгінде бүкіл әлемде отбасы институтына қатысты түрлі зерттеулер жүргізілуде. Алысқа бармай-ақ бұл мәселе бойынша ТМД елдерінде қалыптасқан жағдайға назар аударсақ, Ресей, Украина, Бела­русь елдерінде отбасылардың 57-60 пайызы бір ғана баламен шектеліп, ша­ғын отбасы моделіне өту үрдісі белең алған. Сонымен бірге Қазақстанда жастардың отбасын құру жасы ұлғайып бара жатқаны байқалса, Өзбекстанда, керісінше, 16 жастан бастап некеге тұруға рұқсат етілуі бірқатар әлеуметтік мәселелерге орын берген. Яғни, бұдан шығатын қорытынды, қазіргі таңда отбасыны заманға сай бейімдеу, жастарға уақыттың өз сұранысына сәйкес тәрбие беру маңызды міндеттердің қатарына шықты.

Бұл орайда, Алаш қайраткер­лерінің бірі, ақын Мағжан Жұма­баевтың: «Тәр­бие­дегі мақсат баланы тәрбиешінің дәл өзіндей етіп шығару емес, келешек өз заманына сай қылып шығару», деген сөздеріне терең мән беруіміз керек. Нақтырақ айтсақ, отбасылық қаты­настар заман талабына сай ұдайы зерт­теуді, жіті сараптауды, бұқараның сана­сына отбасылық құндылықтарды сіңіру мен соның нәтижесінде тиісті мем­лекеттік саясатты жүргізуді қажет етеді.

Мемлекет басшысының Жарлы­ғы­мен 2013 жылдан бері мерекеленіп келе жатқан Отбасы күні осы мақсаттан туындаған игілікті қадамдардың бірі болып табылады. Алдағы Отбасы күні отандастарымыз асыға күтетін, ізгілікті іс-шараларына шынайы ықы­ласпен, ыждағаттылықпен қатысатын жалпыхалықтық жарқын мерекеге айналды. Еліміздің мерекелер күн­тізбесіне бұл күннің енуі сан ғасырлар бойы қалыптасқан отбасылық құн­дылықтардың жандануына, дәстүр­лердің жаңғыруына, түрлі буын өкілдерінің арасындағы сыйластықтың нығаюына, ұрпақ тәрбиесіне жаңаша дем беріп, өнегелі әулеттердің өрісін кеңей­туге ықпал етті. Яғни, бұл мере­кені отбасылық құндылықтарды құр­меттеудің, іргесі берік жарасымды отбасы қалыптастыруды насихаттаудың, жол көрсетудің шуақты күні ретінде қабылдауымыз керек. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің өткен жылға жасалған демографиялық
ахуал туралы талдауында осы мереке белгіленген кейінгі аз ғана уақыттың ішінде елімізде бұзылған неке санының қысқаруы (2014 жылы – 54 438, 2015 жылы – 53 007), өткен жылы оның алдын­дағы жылмен салыстырғанда кәмелетке толмағандарға қатысты жасал­ған қылмыстың 49%-ға (7 360-тан 3 751-ге) төмендегені, бала асырап алу ісінде оң өзгерістердің орнығып, соның арқасында бірнеше интернаттық ұйым­дардың жабылғаны көрініс табуы осы игілікті ықпалдың жемісі деуге болады.

Жалпы алғанда, тақырыпты тарату барысында статистикалық мәліметтерді қолдану адамның айтар ойын құрғақ деректермен құрсаулай түсетіні белгілі. Бірақ кез келген саладағы нәтижелі істерді, қол жеткізген қомақты табыстар­ды оқырманға жеткізу үшін де дәйекті фактілерге жүгінуге тура келеді. Сол себепті, отбасы институтын мемлекет тарапынан қолдау шараларына қатысты нәтижелі мәліметтерге мән берсек.

Айталық соңғы 5 жыл ішінде қазақ­стандықтардың өмір сүру ұзақтығы 71,6 жасқа дейін ұзарды, өлім-жітім кеміді, оның ішінде ол аналар арасында 1,4 есеге және нәрестелер арасында 1,5 есеге азайды. Мемлекеттік саясат халықтың саламатты өмір салтын қамтамасыз етуге, дене шынықтыру мен спортты да­мытуға бағытталып отыр. Соңғы жылдары елімізде дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтардың саны артып келеді, яғни 4 581,7 мың адамды құрайды (ел тұрғындарының 26,3%-ы), олардың ішінде әйелдердің саны 968,2 мың адам (55,4%), бұлардың 332,2 мыңы ауылдық әйелдер екенін атап өту керек.

Бүгінгі таңда балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың ұлттық моделі мемлекеттік жәрдемақы мен қызмет жүйесі арқылы жүзеге асырылуда. 2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бала туғанда берілетін жәрдемақыны тө­леуге шығыс көлемі 27,3 млрд теңге­ні, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне берілетін жәрдемақыны төлеуге шығыс көлемі 28,6 млрд теңгені құрады.

Соңғы жылдары әйелдердің эконо­микалық белсенділігі 66%-ға артты. Мемлекеттің отбасын қолдау бо­йынша қабылдаған шаралары 10 жылдың ішінде елдегі демографиялық ахуалдың жақсаруына оң ықпал етіп, 2005 жылдан бері дүниеге келген сәбилердің саны жыл сайын орташа есеппен 11,4 мыңға көбейіп отыр.

Әйелдер арасындағы жұмыссыздық көлемі екі есеге азайды. 2015 жылы Бүкіләлемдік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индек­сін­дегі «Ерлермен салыстырғанда жұмыс істейтін әйелдердің үлесі» көр­сет­кіші бойынша 26-орынға көтеріл­ді. Міне, оң үдерістерді осылайша орнықты деректермен үздіксіз жалғастыра беруге болады.

Статистикалық көрсеткіштерге тоқ­талудағы тағы бір басты себеп – еліміз­де отбасылық қатынастарды одан әрі нығайту және халықтың мемле­кетшіл рухын қалыптастыруда әлеу­меттік қамтамасыз ету деңгейін арт­тыру маңызды рөл атқара бермек. Бұл орайда, Тәуелсіздіктің 25 жыл­дық мерейлі жылында қабылданған «Мәң­гілік Ел» Патриоттық актісінде қара­пайым, түсінікті және біздің әрқай­сымыз үшін ең қымбат ақиқаттар – отбасы амандығы, қонақжайлық және еңбексүйгіштік, тұрақтылық, қауіпсіз­дік және бірлік, ертеңгі күнге деген сенім ұғымдары айқын көрініс тапты. Мемлекет дамуының жалпыұлттық патриоттық идеясында отбасылық құн­ды­лықтардың арқау болуы да халқымыз үшін отбасының орны аса жоғары екенін айғақтайды.

Қазақстан Республикасының Прези­ден­ті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комиссия өз қызметін «Мәңгілік Елдің» мызғымас жеті тұғыры: Тәуелсіздік және Астана, Жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім, Зайырлы мемлекет және Жоғары руха­ният, Инновация негізіндегі тұрақты экономикалық өсім, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы, Тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы, Ұлттық қауіпсіздік және Қазақстанның жалпы әлемдік және өңірлік проблемаларды шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы сияқты басты идеялық бағдарларын іске асырудың мәртебелі міндетімен ұштастырады. Осы бағыттағы іс-шаралар қоғамның басты мәйегі – отбасында Болашағы біртұтас елдің іргетасын қалайтын дені сау, ойы озық ұрпақ қалыптастыруды мақсат тұтады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында: «Біз, қазақстандықтар, бір экономикалық немесе саяси кеңістікте ғана емес, бір мәдени кеңістікте де өмір сүріп жатырмыз» деген ақиқатты сезіну бірте-бірте орнығады» деп атап көрсетті. Яғни, қазақстандықтар белгілі бір географиялық аумақты мекен ететін тұрғындар ғана емес, өздерін осы елдің болашақ тағдырымен тікелей байланыс­тыратын тең құқықты азаматтар, Ұлы Даланың ұлағатты отбасылары екен­дігін терең түсінуі, санасына сіңіруі аса қажет.

Тарихтың тереңіне бойласақ, ұлты­мыздың бойында отбасылық құнды­лықтарға, анаға деген құрмет ерекше өркен жайған. Талай ғасырлар бұ­рын Мәңгілік Елдің мұраттары тасқа қашалған Күлтегін жазбасында: «Әкем Елтеріс қағанды, Шешем Елбілге ананы, Тәңірі төбесіне ұстап, Жоғары көтерген екен» деген сөздердің жазылуы да көп жайтты аңғартса керек. Сонымен бірге арғы бабаларымыз түркілер дәуірінде Тәңіріден кейін Ұмай анаға табынуы да осы ойымызды толықтыра түседі. Осыған орай, өңірлерде жұртшылық арасында жүргізілетін жұмыстың тақырып ауқымы кеңейіп, іс-шаралар көбейе түсті. Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталатын жұмыстар Қызылорда, Алматы облыстарында кеңінен өткізі­ліп, неке мен отбасының рухани не­гіз­дерін нығайту, этномәдени дәстүр­лерді жаңғыртуға бағытталған іс-шаралар көпшілік қолдауына ие болды. Отбасылық тәрбие және бос уақытты өткізу орталықтары, аула клубтары жүйе­лі жұмыс жүргізіп отыр. Бұл мәселе­лер «Отбасылық қатынастарды, мораль­дық-этикалық және рухани адам­гершілік құндылықтарды нығайту­дың 2015-2020 жылдарға арналған Жалпыұлттық іс-шаралар жос­парында» да қамтылып, ол өңірлерде жұмыс жүргізуде басшылыққа алынып отыр. Бұл Болашағы біртұтас елдің азамат­тарына лайықты тәрбие беру – мемле­кеттің отбасына жағдай жасап, оның беделін арттыру мақсатында берген бағыттарынан бастау алатынын көр­сетеді.

Сонымен бірге балалар мен жастарды адамгершілік-рухани тәрбиелеу, отбасы мен балалықты қорғау жөнінде қабылданатын шаралар Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы», «Баланың құқықтары туралы» заңдарында, Бiлiм берудi дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемле­кеттiк бағдарламасында, Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында, Білім берудің барлық ұйымдарында оқыту процесінің тәрбиелік құрамдауышын күшейту жөніндегі кешенді үлгілік жос­парда және т.б. құқықтық-нормативтік актілерде айқындалған.

Биылғы жылы Қазақстан Респуб­ликасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегия­сы қорытындыланбақ. Қазір Ұлттық комис­сия құрған жұмыс тобы Елбасы­ның тапсырмасымен Қазақстан Респуб­ликасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік сая­сат тұ­жырымдамасының жобасын әзірлеуде. Жаңа құжатта қоғамымыз үшін аса маңызды сала – отбасылық саясатқа: отбасылық құндылықтардың сақталуы мен дамуына, отбасы абыройын арттыру, сапалы ұрпақ өсіру, отбасылық мәдениетті дамыту, тағы басқа мәсе­лелерге баса мән берілетіні сөзсіз.

Биылғы жылдың игілікті жаңа­лықтарының бірі – Мемлекет басшы­сының Жарлығымен Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылуы. Бұл – Қазақстан Республикасында бала құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдіруге деген құлшынысты, балалар өмірі үшін қолайлы және ізгілікті ортаны қалыптастырудағы әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін қолдайтынымызды көрсететін айтулы жетістік. Еліміздің БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясына бейілділігін растайтын қадам. Уәкіл мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимыл жасау арқылы балалардың құқықтар кепілдігі мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру істерімен айналысатын болады.

Сонымен бірге отбасын қолдау, балаларға жағдай жасау жұмыстарының заңнамалық тұрғыдан шешімін табуына назар аударылды. Бала асырап алатын азаматтардың және басқа отбасына баратын балалардың құқықтарын күшейту мақсатында биыл сәуір айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабыл­данды. Бұл бала асырап алу ісіне оң өзгерістер әкелгені сөзсіз. Өйт­ке­ні қазыналық емес, отбасылық үлгі­дегі балалар үйінің тәрбиелік те, эко­но­ми­калық та тиімділігі іс жүзінде дәлел­денген.

Тұлға ретінде қалыптасуда балалар­дың отбасында тәрбиеленуі аса маңызды екендігі – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Бүгінде өңірлердегі бірқатар қазыналық балалар үйлері (соңғы бір жылдың ішінде Шығыс Қазақстан облысында – 3, Павлодар облысында 1 балалар үйі) жабылып, отбасылық балалар үйлері, отбасылық балалар ауылдары ашылуы да осыған негізделген.

Жетім балаларды асырап алу және оларды қандас отбасына қайта­ру, қамқорлық, қорғаншылық пен пат­ронатқа тапсыру қызметінің белсенді жүргізілуі балалар үйлеріндегі тәр­биеленушілер санының азаюына ықпал етті. Егер 2010 жылы олардағы балалардың саны – 14 052 болса, 2015 жылы мұндай мекемелерде небары 8 066 бала қалды. Болашақта бұл балалар да өз үйін, өз отбасын табады деп сенеміз.

Балалар үйлерінің түлектерін тұрғын үймен қамтамасыз етуде оң үрдіс қалыптасты. 2013 жылы қабылданған заңға сәйкес жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың бірінші кезекте тұрғын үй алу құқығы бекітілгелі бері мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алған жетім балалар мен ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған балалардың саны ұлғайды (2014 жылы 951 пәтер, 2015 жылы 1 486 пәтер). Бір ғана Жамбыл облысында соңғы бес жыл ішінде 277 жетім балаға пәтер берілді.

Биыл жазда ата-аналарының қамқор­лығынсыз қалған балалардың және балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдардың рес­публикалық деректер банкі жасалып, тұсаукесері өткізілді. Бұл жайттың елімізде бала асырап алу ісінің алға басуына оң ықпал етері сөзсіз. Ақпарат ретінде айтсақ, бүгінгі таңда жетім жəне ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жалпы саны 29 666-ны құрайды, олардың 21 780-ін ел азаматтарының отбасылары қамқоршылыққа алған.

Ана мен балаға қамқорлық жасау, отбасын қолдау, ұлттық құндылықтарды сақтау ісіне мемлекеттік органдар ғана емес, еліміздегі ірі компаниялар, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық ұйымдар қатысуының сандық және сапалық көрсеткіші арта түсуде. Айталық, үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен «Саламатты отбасы», «Мүмкіндіктері шектеулі әйелдердің денсаулығын сақтау», «Толық отбасы», «Ана мен бала», «Отбасының қолы­нан бәрі келеді», «Репродуктивтік ден­саулықты сақтау, отбасын жос­парлау, жүктілікке дайындау және халықты, медицина қызметкерлерін оқыту арқылы дені сау бала туу» атты әлеуметтік жобалар іске асырылды.

«BI Group» холдингінің қол­дауы­мен «Ана үйі» жобасы жолға қойылып отыр. Қазіргі уақытта өмірлік қиын жағдайға тап болған аналардың уақытша тұруына арналып, республика бойынша 26 үй ашылды. Олар ашылғаннан бері 1 171 әйел мен балаға қолдау көрсе­тіліп, 2015 жылы 589 ана (50%) өз орнын тапса, биылғы жылы жүргізілген түсіндіру жұмыс­тарының нәтижесінде «Ана үйін» паналаған 301 әйел баласымен өз отбасына қосылды.

Жыр сүлейі Сүйінбай Арон­ұлы­ның «Ер жігіт ел-жұртының панасындай, Жақсы әйел жалпы жұрттың анасындай» деген қанатты сөзінің жастар үшін тәрбиелік мәні зор деп білемін. Отбасылық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына бала жастан сіңі­руге қатысты қызмет – Ұлттық комис­сия үшін қай уақытта да бас­ты ба­сымдықтардың бірі болып қала бермек. Бұл ретте отбасы мен білім беру ұйым­­дарының ынтымақтастығы нәтиже­сінде жүзеге асатын тәрбие жұмыс­тарына жүктелетін міндет зор. Қашанда жаңалық мемлекет ордасынан таралып, игі істер содан басталады. Сол дәстүрмен елордада соңғы жылдары өзекті болып отырған өмірдегі, отбасындағы әке рөлі тақырыбын жандандыру қолға алынды. Республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің бастамасы бойынша Астанада «Әкелер ізі» конкурсы өткізіліп, болашақта отбасы тірегі, ел қорғаны болар ұландарды тәрбиелеу мәселесіне назар аударылды. Қоғамда қайырымдылық дәнін себу, жас ұрпақ бойында ізгі адами қасиеттерді қалыптастыруды мақсат еткен іс-шаралар бастау алды. Астаналықтар ұйытқы болған «Әкелер ізі» конкурсы Ұлттық комиссияның назарын аударып, жұмыс жоспарына енгізілді.

Әлбетте, бүгінгі қоғам өмірінде отбасылық-демографиялық, рухани-адамгершілік ахуалға тақтайдай тегіс, оқтай түзу деген үзілді-кесілді баға бере салу асығыстық болар еді. Өйтке­ні өзіміз өмір сүріп отырған бүгінгі әлеуметтік ортада бүкіл ел болып қолға алатын қордаланған проблемалардың да бар екені шындық. Соның ішінде соңғы кездері балаларға, әйелдерге зорлық-зомбылық жасау сияқты жантүр­шігерлік оқиғалардың орын алуы қоғамды қатты алаңдатып отыр. Мұндай қылмыстардың алдын алуға қатысты мемлекеттік органдар тарапынан заң талаптарын қатаңдату, педофильдерге қатал жаза қолдану шаралары күшейтілуде. Десек те бұл дертпен күресуде ең бастысы ошақтың үш тұғырындай «отбасы-қоғам-мемлекет» болып бірлесіп күш біріктіру, осы арқылы ымырасыз күрес жүргізу қажет деп ойлаймыз.

Мемлекет басшысы белгілеп берген Бес институттық реформаның алғашқы реформасында айтылғандай, қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидаты салтанат құруға тиіс. Сонымен бірге жастар арасында ажырасу фактілерінің де белең алуы қоғамдағы моральдық-этикалық ахуал бойынша біршама жұмыс жүргізу қажеттігін көрсетіп отыр. Бұған қоса, мемлекет тарапынан жасалып отырған тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларына, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамта­ма­сыз етуге бағытталған «Бала­пан» бағдарламасы мен басқа да әлеуметтік қолдауларға басым­дық беріп, осы арқылы жас отау­дың шаңырағының шайқалмауы­на, сөйтіп қоғамдағы үлгілі отба­сылардың қатарын толықтыруға күш салуымыз керек. Бұл орайда, Мемлекет басшысының бағыт беруі бойынша елімізде отбасылық-демографиялық саясатта осыған дейін атқарылған істер ауқымды, алдағы кезеңде еңсеретін жұмыс ересен деп ой түюімізге болады.

Отбасы беделін арттыру бағы­тында жүзеге асырылып жатқан осындай елеулі іс-шаралардың қатарында «Мерейлі отбасы» ұлт­тық конкурсын да атап өту керек. Ұлттық комиссияның бастама­сымен 2011-2013 жылдары «Мақта­ным, тірегім – отбасым» деген тақы­рыппен өткізіліп келген іс-шара­ның «Мерейлі отбасы» ұлттық кон­курсына ұласқаны белгілі. Ұлттық конкурс биыл үшінші рет өткізі­луде. Бұл – соншалықты көп уақыт болмаса да өзіндік қорытын­дылар жасауға мүмкіндік беретін мерзім. Айталық, 2014 жылы конкурсқа еліміз бойынша 1 298 отбасы қатысса, биылғы жылы олардың саны 2 579-ға жетті. Кон­курсқа биыл 1960 ауылдың өкілдері қатысуы (бірінші жылы – 1 213 ауыл) ол туралы тек қалалар мен ірі елді мекендер ғана біліп қоймай, насихаты еліміздің шалғай ауылдарына дейін жеткенін көрсетеді.

«Мерейлі отбасы» ұлттық кон­кур­сының шын мәнінде халықтық мереке екендігін оған елімізді мекен еткен этностардың барлығы дерлік қатысуы және жыл өткен сайын олардың қатарының ұлғая түсуі де көрсетіп отыр (2014 жылы – 124, биыл – 241 отбасы). Бұл ретте өз аумақтарында тұратын этнос өкілдерінің белсенді қатысуын қам­тамасыз ету жөнінен Ақтөбе, Сол­түстік Қазақстан, Шы­ғыс Қазақстан, Қарағанды және Оң­түстік Қазақстан облыстары көш бастап тұр. Конкурсқа қатысқан кәсіптік шеберлігін әулеттен әулет­ке жеткізіп беріп отырған ұрпақтар отбасылары да екі есе өскен (226 – 483). Көп балалы отбасылардың белсенділігі (2014 жылы – 492, биыл – 1 065 отбасы) қуантса, жас отба­сылар санының өсуі (алғашқы жылы – 238, биыл – 472 отбасы) көңілі­мізге Қазақстанда отбасы инсти­тутының іргетасы нығая түседі деген сенім ұялатады.

Сондай-ақ Ұлттық конкурс­ты наси­хаттау ісінде бұқаралық ақпарат құрал­дарының елеулі жұмыс атқарғанын айта кетуіміз керек. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын ақпараттық сүйе­мелдеу бойынша және отбасы институтын дамыту тақырыбына баспасөз және электрондық ақпарат құралдарында 1000-ға жуық материал жарық көрді. Осы­ның бәрі отбасы – адам баласының өмірге жолдама алатын кәусар бас­тауы, арқасүйер алтын діңгегі екенін, Қазақ­стан қоғамында отбасының мәртебелік мәні қашанда терең екенін көрсетеді. Өйткені «Мәңгілік Елдің» іргесін берік, керегесін кең, шаңырағын биік ететін ұлттың басты құндылығы өрелі ұрпақ, ұлағатты отбасы екені ақиқат.

Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір