• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 09:40:05
Алматы
+35°

21 Ақпан, 2019 Әлем

Гүлді қонжықтар кішкентай баланың қабіріне қойылатынын білесіз бе?

Флористер фоамиран гүлдерінен жасалған сүйкімді қонжықтардың негізгі «міндеті» - ерте кеткен балақайлардың қабірін күзету екенін білмеген де шығар.

Соңғы кезде, шамамен, бір жыл көлемі болды-ау, сірә, осындай гүл қонжықтар күллі әлемде қаптап кетті! Өзі ерекше! Нәзік жандылардың көңіл қылын шертер таптырмас сыйлық! Ал, бірақ дәл осы қара ленталы, көзсіз, гүлді қонжықтарды Қытайда о дүниелік болған балалардың қабіріне қоятынын естіп пе едіңіз? Иә, қабірге қояды! Әрі кішкентай баланың!

"Флористер фоамиран гүлдерінен жасалған сүйкімді қонжықтардың негізгі «міндеті» - ерте кеткен балақайлардың қабірін күзету екенін білмеген де шығар. "Соңғы 1-2 апта ішінде дәл осы қонжықтарды жерлеу рәсімінде сыйлайды" деген ақпарат ғаламторды шулатып жіберді. Расымен де солай ма? Ендеше, солай ойлатындардың дәлелін келтірейік.

1.Қонжықтың көзі, аузы жоқ.

2.Мойнында қара лента байланған.

3.Ақпаратты кейбір флористер растапты.

4.Ғаламторға «жерлеу рәсіміне арналған гүлді қонжықтар» деп жазсаңыз, бірден осы қонжықтар шығады.

 

қонжық

"Ал, енді ол жай ғана бәсекелестердің қитұрқы әрекеті" деп, бұл ақпаратты жоққа шығарғандардың нақты дәлелдерін келтірсек.

1. Кейбір флористер бұл ақпаратты растамады.

2. Қытай салт-дәстүрінде гүлден жасалған қонжықтар туралы бір де бір жерде жазылмаған, айтылмаған. Жерлеу рәсіміне әкелетін жан-жануарлардың бәрі де қытай күнтізбесіне сай. Ол тізімге қонжық кірмейді. Егер әлдебір қытайлық досының қабіріне жануардың мүсінін әкелгісі келсе, онда ол тек марқұмның туған жылына сай жануарды алып келеді.

3.Қытайда қайғыны білдіретін түс – ақ түс.

4.Қара лентадағы «Happy everyday»  деген жазу «Әрқашан бақытты» деген мағынаны білдіреді, яғни, «күнде бақытты» деген сөз." (дереккөз: semicvetic.com)

Демек, бұл ешқандай да жерлеу рәсіміне арналған қонжық емес. Жай ғана әдемі сыйлық түрі. Талғамға талас жоқ. Мұны да ерекше ұнататын "жанкүйерлер" баршылық. 

Ғаламтордан Қазақстан бойынша іздесеңіз, неше түрін таба аласыз. Бағасы көлеміне байланысты. 2000-2500-ден басталады.

Мысалы, шамамен:
25 см - 9.900 теңге.
40 см - 14.900 теңге.
60 см - 26.900 теңге.
70 см - 42.900 теңге.

Түсі де сан алуан. Қалтаңыз қалың болса, қандайын қаласаңыз да, табылады. Нақты қай жерден алатыныңызға байланысты. Қара базарда, сөзсіз, арзан. Ал қала ішінде, арнайы орындарды анағұрлым қымбаттау болады. Таңдау сізде.

Негізі мен бұл сыйлықты алатын адамдарды да түсінбеймін. Қолөнермен айналысатындықтан, басында қызығушылық таныттым. Тіпті, жасағым келді. Материалдары да қолжетімді. Есесіне, біраз табыс табуға болатын сияқты.

Бірақ мені тоқтатқан мына ой болды. Біріншіден, мұнымен не істеуге болады? Шын гүл емес, иісі жоқ. Не тәтті емес, жеп, рахаттанатын. Не жұмсақ ойыншық емес, жастанып жататын. Екіншіден, түк пайдасы жоқ затқа сонша ақша шығарып сатып алатын адамдарға обал ғой. Табысы бекерге кетеді. Демек, менің де табысымда береке болмайды. Одан да оның орнына жейтін, не пайдаланатын бірнәрсе алса... Тым құрығанда, уақыт өте келе солып қалатын тірі гүл болса да. Ол да біраз уақыт иісімен, түрімен айналасына әдемілік сыйлап тұрмай ма? Ал мына қонжықтарды бір көргенде «ПАҺ, шіркін!» дейсің, сосын ары кетсе бірнеше рет суретке түсесің, әлеуметтік желіге салу үшін. Болды. Сосын шаң басып тұрады. Соны ойладым да, "жасамаймын" деп түбегейлі шешім қабылдадым. Бастысы – ниет. Кімге, не сыйласаң да, ниетің түзу болса болғаны...

сыйлық

Айтпақшы, осындай қонжық алған нәзік жандыларға бір кеңес. Уақыт өте келе қонжықтың «мәні» кете бастағанда, гүлдерін алып, айнаның шетіне ернеу қылып жабыстырып, басқа тағатын әшекей жасап, резеңкеге тігіп, тіпті болмаса, аяқ киім жәшігін түгелдей осы қонжықтың гүлдерімен қаптап тастасаңыз, ішіне асай-мүсей салуға арналған керемет жәшік болып шыға келеді. Солай...

Ұсынған: Мақпал Сембай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір