• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 13:40:32
Алматы
+35°

13 Наурыз, 2018 Спорт

Головкин мен Альварес бокстасатын болды ма?

Бізге Альварестің жазалануы мүмкін еместей көрінеді.

Бірнеше күн бедерінде кәсіпқой бокстан нәпақасын айырып жүрген мексикалық Сауль Альварестің кленбутеролмен ұсталып қалғаны жайлы ақпарат ғаламтор кеңістігін жайлап үлгерді. Рұқсат етілмеген бұл преперат туралы әбден оқып, зерделеп, қаныққан боларсыз. Ендеше дәмі кеткен қазыны көп шайнамай, GGG-Canelo арасындағы екінші шайқасқа кленбутерол кедергі бола ма деген сауалға жауап іздеп көрсек.

Біріншіден, Канелоның бизнес-империя екенін айта кеткен жөн. Кім не десе о десін, бірақ Сауль Альварес – бүгінгі кәсіпқой бокс әлемінің паспорты. HBO секілді алпауыт телеарна үшін де, бокс ұйымдары үшін де Альварес – Анд тауының ұшар биік шыңы. Ал қай тарапқа болсын қырғын ақша түсіретін, жанкүйерлер базасы әбден қалыптасқан, нағыз бизнес-жобаны түп-тамырымен кесіп тастау кімге тиімді? Канелоның есебінен ақша тауып отырған барлық тарапқа тиімсіз. Қандай ауыр қылмыспен ұсталса да, басқа-басқа, мексикалықтар үшін бәрі кешірімді. Өйткені кәсіпқой бокс әлемі аталатын төрт бұрыштың жартысын мексикалықтар ұстап тұр. Мейлі, фанаттар әскері жағынан, мақұл, бокс ұйымдары тарапынан болсын... Иә, санамалайық па? Бүкіл әлемдік бокс кеңесі (WBC), бүкіл әлемдік бокс ассоциациясы (WBA) секілді алпауыт ұйымдар Маурисио Сулейман мен Хилберто Мендосоның қолында тұрғанда Канелоның жолына кім кедергі тастар тастай алмақ? Ешкім...

Екіншіден, Альварес көшеде жүрген боксшы немесе «жолаушы» (попутчик) чемпион болған емес. Оның өткізген жекпе-жектерінің тізімінен кімдерді көресіз? Мани, яғни кіші Флойд Мейвезер, көптеген былғары қолғап шебері үшін өте ыңғайсыз Эрисланди Лара, Остин Траут... Қысқасы, топ боксшылар жеткілікті. Мұның ішінде Сауль тек Флойдқа есе жібергенін білеміз. Ал жанкүйерлер үшін жағымыз персона бола тұра кәсіпқой бокстың короліне айналған Мейвезер мансабын аяқтаған соң Альварес жеке-дара бизнес жобаға айналды. Қандай кәсіпқой бокс ұйымы «сауын сиырдан» айрылғысы келеді? Ешқайсысы. Бұл дәлелдеуді қажет етпейді.

Үшінші және ең басты аргументіміз, Головкин – Альварес арасында шешімін таппаған дау бар. Иә, бірінше жекпе-жекте қазақстандық боксшы басымдау көрінген. Алайда «Golden boy» промоутерлік ұйымымен, Аделайда Берд секілді «сұңғыла» төрешілер тандемімен және Сауль Альвареспен шаршы алаң ішінде және сыртында жұдырықтасқан Генаға оңай соққан жоқ. Айталық, Альварес чемпион болып, Головкин үміткер саналғанда әйтіп-бүйтіп жеңісті мексикалыққа әпере салар еді. Тіпті, бірінші шайқас көп адамның көкейінде күмән қалдырды. Барлық жағынан әйгілі Оскар Де Ла Хойяның (Альварестің промоутері) айтқанына көніп, айдауына жүре салатын Том Леффлер (Головкиннің промоутері) астыртын тең нәтижеге келісіп алуы да бек мүмкін. Оны Головкиннің жаттықтырушысы Абель Санчес те білуі ықтимал. Тек Гена білмесе керек... Стратегияны бапкер құрады ғой. Сондықтан біз сәл басқашалау шайқас көрдік...  Осындай ой да мидың дәлізін кезіп кететіні бар. Кім білсін? Бірінші жекпе-жек, қалай десек те, жұмбақ болып қалды. Жұрт жұмбақтың шешілгенін қалайды. Тек фанаттар емес, бүкіл бокс әлемінің майталмандары. Сол себепті екінші кездесу нағыз кассалық айқасқа айналмақ. Бұл промоушн үшін де, телеарна үшін де, боксшылар үшін де аса маңызды. Енді осындай кездесудің алдына қайдағы бір кленбутерол кедергі бола алады деп ойлайсыз ба? Жоқ! Кленбутерол – тек қосымша интрига.

Кезінде Эрик Моралес пен Франсиско Варгастың бойынан табылған кленбутерол оларға түк те кесірін тигізбеген болатын. Моралес те, Варгас та – ғаламат боксшылар. Әйткенмен, аты аталған былғары қолғап шеберлері дәл Альварес секілді «сауын сиыр» бола алмады. Енді ойлаңыз, Моралес, Варгас айналып өткен допинг дауы Альварестің алдындағы алынбайтын асу ма? Езуге күлкі үйіріледі. Альваресті, қажет болса, VADA да, басқа да ақтап алуға тас-түйін дайын. Ендеше бізге Альварестің жазалануы мүмкін еместей көрінеді. Соған қарағанда, Қазақстан уақытымен 6-мамырды күтетін түріміз бар. Мега шайқас мерзімі тым таяу. Үміт басым, күдік кемшін. Біз Генаға сенеміз. Сіз ше?

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Erkebulan Nurekesh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір