• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 01:25:04
Алматы
+35°

05 Қараша, 2018 Экономика

Германияның  бір бөлке нанын 1500 теңгеге сатып алатындар отандық өнімнің сапасына сенбей ме?

Мысалы, бізге неге Италияға пицца жасауға сапалы әрі өтімді дайындалған жайма шығармасқа?!

Бізге шетелге шикізат таси беруді емес, өнім өткізуді үйрену керек.  Экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәменов алға тартып отырғандай,  шикізатты экспорттай беру арқылы халықтың жағдайын түзей алмаймыз. Сондықтан бұл мәселе қатысты байыпты шешімдер қабылдайтын кезең жетті.

«Қазірде ауыл шаруашылығы министрлігі өңделген экспорт көлемі он есеге артты дейді. Бірақ Қазақстаннан экспортқа шығатын өнімдердің түрі бидай, ет, ұн, аздаған мал басы. Осы арада терең өңделген өнімдердің экспортталғаны жоқ. Мысалы, бізге неге Италияға пицца жасауға сапалы әрі өтімді дайындалған жайма шығармасқа?! Сол тәрізді қазақтың қазы-қартасы неге Францияға экспортқа шығарылмайды?! Емдік қасиеті бар қымыз-шұбат неге Еуропа елдерінде емес?!  Мұның орнына Алматыда Германияның бір бөлке нанын 1500 теңгеге сатып алатындар бар. Мұны мен нақты білемін. Міне, бізге осы Еуропа елдері тәрізді ең соңғы дайын өнімге дейін өнім шығаруды меңгеру керек. Шикі өнімді экспорттап, түрлі бағдарламалар легін қабылдай бергеннен ештеме өнбейді»,-деді экономист-ғалым Атамұрат Шәменов.

Ғалымның пайымдауынша, біздегі экономиканың жауы шетелден келетін импорт тасқыны  болып тұр.  Мәселен, қазіргі кезде біз доллармен күресеміз деп қаншама еңбектеніп жатырмыз. Осы арада белгілі болғандай Қазақстан доллардың құнын өсірмей, теңгені тежеп ұстау үшін интервенция жасау барысында былтырғы жылдан бері 28 млрд теңге жұмсаған. Десек те, көк қағаздың бағасы әлі де аспандап, теңгеміз бір жылдың ішінде айтарлықтай құнсызданып кетті. Бұл мәселеге қатысты экономист-ғалым Атамұрат Шәменов теңгені нығайтатын тек отандық өндіріс екенін алға тартты.

«Алыпсатарлық экономика қашан да импортқа тәуелді. Импортқа жүгіну бұл экономиканың әлеуетін көтеретін жол емес. Бізде жыл сайын Үкімет пен Ұлттық банк қаржы саясатын жариялайды. Үкіметте бір-бірінен туындап жатқан бағдарламалар көп. Бір министр келіп бір реформаны айтса, екіншісі келіп тағы бір реформа ұстанады. Айналып келгенде халық дүбәра қалыпта қалады. Сондықтан өз басым,  отандық өнім өңдеу саласын нақты қолдауға кірісу керек деп есептеймін»,-деді Атамұрат Шәменов.

Жалпы, «ең соңғы дайын өнімге дейін жұмыс істеу керек» деген ғалымның пікірін «Барометр» талдау орталығының экономист-сарапшысы Арман Мусин де қолдап отыр. Оның айтуынша, қазаққа расымен де шетелге консервіленген ет, шұжық, кондитер өнімдерін, қазы-қарта,  қымыз-шұбат шығарып үйрену керек.

«Шетелге шикі ет экспорттаймыз. Бір ғана Ресейге 60 мың тонна ет жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ал бізге Бельгиядан, Австралиядан, Парагвайдан ет және ет өнімдері келеді. Олардың консервілеген өнімдері қымбат. Қазір супермаркеттерде консервіге салынған бұқтырылған еттің 1 данасы 500-800 теңгенің аралығында сатылады. Импортталған  сапалы шұжықтардың бір келісін 2000-2500 мың теңгеден сатып аламыз. Сонда бізге неге осы өнімдерді өзіміз дайындап шетелге шығармасқа?! Дүкен сөрелерін импорт басып алды. Осылай жалғаса беретін болса, отандық өнімдер сыртқы нарықты қойып, ішкі нарықта да бәсекеге төтеп бере алмай қалады. Бұдан соң отандық өндіріс өзінен-өзі кері кете бастайды. Сондықтан алдағы уақытты үкімет расымен де осы мәселелерді түбегейлі шешетін қадамдарға баруы тиіс»,-деді экономист-сарапшы Арман Мусин.

Сарапшы-маман алға тартып отырған ет өндірісіне қатысты деректерге жүгінсек, 2017 жылы Қазақстанға сырттан жеткізілетін ет көлемі, 3,1 пайызға артқан. Бізге сырт елдерден АҚШ-тан 40,7 мың тонна, Украинадан 17,1 мың тонна, Польшадан 3,5 мың тонна, Канададан 1,6 мың тонна, Парагвайдан, 1,5 мың тонна, Бельгиядан 2,8 мың тонна ет және ет өнімдері келеді. Ал тек ауыл шаруашылығы шикізатынан түсетін пайда 112 млрд долларды  құрайды. Әлемдік бидай өндірудің 12 пайызы және бұл өнімді экспорттаудың 17 пайызы Қазақстанның үлесінде. Бұған қатысты сарапшы маман Арман Мусин осыншалықты көп шикізатымыз бола тұра өзгелердің өніміне телміруіміз ақылға сыйымсыз екенін айтып отыр.

«Ең қиыны,  өзімізде шикізаттың мол көзі бола тұра дайын өнім өндіру жағын ақсатып алдық. Өндіргеннің өзінде отандық өнімнің сапасына күмән келтіретіндер  баршылық. Мысалы, қазір супермаркеттерде импорт өнім толып тұр.  Азық-түліктің түр-түрі бар.  Байқағанымдай, көпшілік қауым тіпті отандық өнімнің сапасына аса сеніңкіремейді. Өйткені біз импорт тауар сапалы деген түсінікті әбден қалыптастырдық. Шарап грузиндікі жақсы дейміз, аққайнардан француздардікін  мақтаймыз. «Германияның аппақ бөлке нандарына жетпейді» дейтіндер бар. Ресейдің айранын мақтаймыз, қырғыздың қаймағын жақсы дейміз. Бұл – шындық. Бұқараның арасында осындай түсінік қалыптасты. «Российский», «Германский», «Итальянский» деген брендтерді жақсы көреміз. Отандық өнім өндірушілер болашақта осы сеңді бұза алса жақсы. Кез келген елді дағдарыстан алып шығатын отандық өндіріс екенін біз әсте ұмытпауымыз керек»,-дейді сарапшы Арман Мусин.

Ал «Қазақстандағы Тұтынушылардың құқын қорғау» қоғамдық орталығының жетекшісі Сәбит Марданұлының айтуынша,  бізге Қазақстанда жасалған өнімдерге арналған мемлекеттік дүкендер желісін құру тиімді болмақ.

«2015 жылы «Қазақстанда жасалған» деген айдармен супермаркеттердің бір бөлігінде тек қана қазақстандық өнімдерді сататын бұрыштар ашылды. Бұл акция отандық өнімнің жарнамасын әжептәуір асырған болатын. Бірақ бұл жобаның соңы аяқсыз қалып кетті. Бізге осындай нақты жобалар керек. Қазақстанда жасалған өнімдерге арналған мемлекеттік дүкендер ашылып, ондағы өнім делдалдарсыз тікелей зауыттағы бағасымен сол дүкендерге жеткізіліп отырса, өнім бағасы да қалта көтереді. Бұл үрдіс халыққа да, отандық өнім өндірушілерге де қолайлы болар еді. Бұдан соң отандық өнім өндірушілерге салықтық жеңілдіктер қарастырылуы тиіс. Субсидия мәселелерінде қағазбастылыққа жол берілмесе, ол да үлкен көмек болар еді. Мұның барлығы бәсекеге қабілеттілікті арттырып, Қазақстанда жасалған өнімдердің мәртебесін өсіруге ықпал етеді. Болашақта отандық өнім қалтарыста  қалмауы үшін бізге осындай қадамдарға баруға тура  келеді. Олай етпесек, отандық өнім импорттың тасасында қалып қоя ма деген қорқыныш та жоқ емес. Демек, отандық өнім сапасына сенімсіз қарайтындардың қарасы көбеймеуі үшін бізге осындай қадамдарға бару керек»,- деді Сәбит Марданұлы.

 

Қарлығаш Зарыққанқызы

 

 

 

 

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір