• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 09:33:47
Алматы
+35°

28 Қараша, 2018 Әдебиет

Газеттің басынан кешкендері

Көп ұзамай газет лапылдап, қызыл жалыған оранып жанып бара жатты. Газеттің соңғы сөздері орманды жаңғыртты.

(ертегі)

    Адам баласы қағаз бен сия ойлап тапқан ерте заманда ең алғашқы газет өмірге келіпті. Ол үнемі жұрттың назарында болуды қалап, өн-бойына таң қаларлық жаңалықтар жариялапты. Алғашқы газеттің таралымы өте аз болыпты.

- Әй, менің көшірме бауырларым! - дейді ең алғашқы газет. – Міне, біздің дәуреніміз келді. Бүгіннен бастап біз әлемді ауызымызға қарататын боламыз!

- Біз өте қарапайым, бар болғаны бір-ақ бет парақшамыз ғой, қалайша даңқты боламыз, - деп шулап қоя береді көшірмелер.

- Ол оп-оңай, газет шығаратын адамдар біздің бетімізге ғажайып оқиғалар жайлы жазады. Жұрттың бәрі бізді оқуға асығатын болады әлі, - дейді бірінші газет. – Цезарь патшаның өзі бізді шығару үшін бақандай жүз құлды жалдап, жазу үйретті емес пе? Осыншама еңбек жасалғанда, елге пайдаң тимесе, несіне өмір сүресің?!

- Рас-ей, осының өзі адамдарға керемет жаңалық емес пе?  Бірақ, Цезарь патша біздің бетімізге қарапайым жұрт оқитын хабарларды емес, өзінің жарлығын жазып қойды ғой.

- Міне, көрдің бе? – дейді ең алғашқы газет. – Біз ең ұлы императордың сөзі жазылған газеттерміз. Бірақ кейін жұрт қызығып оқитын, ең пайдалы ақыл-кеңестер жазылатын болады.

   Газеттердің бәрі болашақтың жарқын боларына сеніп, үндемей қалады. Арада ғасырлар зулап өтеді. Ағылшын жерінде бір емес, бірнеше беттік газеттер өмірге келеді. Жұрт дүңгіршектерден қалаған газетін сатып ала бастайды.

- Әй, қатты жұлқыламаңдар, мен жыртылып қалам! – деп газет басына телпек киген ағылшын тектес адамның саусақтарына. Бұл кезде қожайын үйіне келіп, диванға жайғасып, газет оқымақ болып еді.

- Сен өзіңді керемет санап тұрсың ғой, - дейді ақсүйектің саусақтары. – Біле білсең, сен менің аппақ тәніме қара бояуды жағудан басқа ештеңені білмейсің!

- Қожайының менімен күннен қорғанбағанда, сен баяғыда-ақ қарайып кетер едің.

- Ой, шіркін-ай, ә! Бөсесің-ау, сен! Мен саған қазір шіренгеннің қандай болатынын көрсетейін, - деп саусақтар газеттің бастан-аяқ шықырлата бүктеп, терезенің үстіне қонып тұрған шыбынды алып ұрды.

- Ойбай! - дей айғай салды газет. – Сен өзің не істегеніңді білесің бе? Ақсүйектің саусағы екенмін деп, денеме лас шыбынды жабыстырып тастадың. Сен мені бағаламай, лас жұмысқа жегіп қойдың. Жасаған-ау, мына шіркін өліп қалыпты ғой!

 - Оны өзіңнен көр! – деді ақсүйектің салалы саусақтары үстелдің бетінде тақ-тақ, тақ-тада-дақ, тақ-тақ, тақ-тада-дақ деп, ырғаққа салып билей жөнелді.

- Масқара! Сен мені қылмыскер қылдың! Енді жұрттың көзіне қалай қараймын. Ақсүйектің саусақтары мені аяусыз жаншып, тіршілік иесін өлтіруге мәжбүрледі деп қалай айтам? Айтсам да, біреу сене қояр ма? Бар кәнәні өзіме аударар. Сен тегі мені әнебір қылмыс әлемі туралы жазатын газетпен шатастырып алғаннан саумысың?

- Күңкілдей берме! Әйтпесе, дәл осы жерде күл-паршаңды шығарып жыртып, отқа лақтыра саламын.

- Сенің қожайының мені сатып алмағанда, мен балаларға барар едім. Сен балалардың саусақтарын көрген жоқсың ғой. Олар сондай мейірімді. Әрі жұп-жұмсақ.

- Иә, саған, өте кішкентай ақымақтау саусақтар сені жыртып тастауы мүмкін, - деп жуан саусақтар шамына тиіп бітті. Мына дөрекі, ебедейсіз саусақтардан тезірек құтылғысы келді.  

   Ақсүйек адам шыбын жабысқан газетті ақтарғысы да келмей, терезенің алдына әкеліп тастай салды. «Ух, ана бір көргенсіз саусақтардың құрсауынан құтылдым-ау»» деп газет даладан ішке қарай соққан таза ауамен тыныстап алды. Сосын ең алғашқы газет – атасынан туыстары арқылы жеткен өсиет сөздерді есіне алды. «Біз әлі бүкіл әлем жұртына пайдасы тиетін бұйым боламыз. Сендер сабыр сақтап, сол бақытты күнге жету үшін жақсы қасиеттеріңді көрсетіп, адамдарға жақсылықты насихаттаңдар!» деген еді.  

  Газеттің жанында бірнеше бауырлас газеттер жатты.

- Мен «Ағылшын жұлдызы» деген газет боламын, елге ең қызықты, сарайдағы сауық кештер туралы, тіпті ханзада мен ханшайымның өмірі туралы тамаша хабар таратамын, - түрлі-түсті түспен басылған газет мақтана жөнелді. Жанындағы қара-көк сиямен басылған газет мырс етіп күліп жіберді.

- Байқұс-ау, әркімді бір мақтаймын деп, көзіңді әбден шел басыпты ғой. Сенің түрлі-түсті көйлек кигенің кімге керек? Сені байлар ғана оқиды. Сарайдағы сәнқой, жатыпішер жалқау, халықты тонаған ақсүйектердің жұмақ өмірі кедей-кепшікке қызық дейсің бе?!

  Мақтаншақ газет жым болды. «Оппозиция» деп аталатын әлгі газет  шындықты айтумен халыққа ұнайтынын айтты.

- Сенің үстіңдегідей түрлі-түсті көйлегім жоқ болса да, қараша халық мені іздеп жүріп оқиды. Өйткені мен тек әділдікті жақтаймын. Сен мақтап жүрген нашар адамдарды айызым қанғанша сынап, елдің билікке деген сенімсіздігін өршіте түсемін. Бар билік біздің қолымызда, ел толқыса сенің ақсүйектерің кірерге тесік таппай қалар.

- Бауырлар, бір жақты кетуге болмайды, - деді өзін «Тәуелсіз» деп атайтын салмақты газет. – Мен айна секілдімін, егер ақсүйектер мемлекеті халықтың қаржысын орынсыз шашатын болса, сынаймын, ал қамқорлық жасаса, сүйінші сұраймын, - деді.

   Газеттер осылайша өзара айтысып, сөздерін елеусіз тыңдап тұрған кішкентай газетке:

- Сен өзі кімсің? Қайдан келдің? – деп сұрады.   

- Мен бе? Мен баспадан шықтым.

Бұл жауапқа салмақты газеттер кеңкілдеп күліп алды.  

- Шырағым-ау, бәріміз баспадан шықтық қой. Бірақ сені жасаған мекемені білесің бе?

- Білмеймін.. Әйтеуір, балалар көп келетін жер. Ол жердің адамдары мейірімді екен.

- Сен өзі қалай аталатыныңды білесің бе?

- Шекемдегі жазуды оқып көрмеппін.

- Байқұс-ай, сен әріп танымайтын шығарсың. Сенің маңдайында «Жас өрен» деген жазу бар екен. Демек, сенің атың  - «Жас өрен».

- Бәсе, елдің бәрі осы сөзді неге айта береді десем, атымның өзі осындай екен ғой, - деп балалар газеті ойланып қалды.  

- Сен өзі атқаратын міндеттіңді білесің бе?

- Білгенде қандай! Мен күн сайын балалардың үйіне барамын. Менің бетімде қызықты ертегілер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, әр түрлі тапсырмалар жазылады. Балалар әр бетімді қызыға оқып, суреттеріме тамсана қарайды.

- Сендер бұл газетке бекер сөз шығындап отырсыңдар, бұл әлі жас қой. Нені біледі дейсің? – деді ғылыми газет маңғаздана.

- Ағалар, айтыңдаршы, егер балалар кішкентай күнінен алдына мақсат қойып, еңбек етпесе, арманына жете алады ма?

- Әрине, жете алмайды, - деп шу ете түсті газеттер. – Еріншек, жалқау бала қайтып арманына жетсін! Ол сабағын жақсы оқымаса, тіпті бізді де оқи алмай, жаңалықтан құр қалады.

- Міне, көрдіңіздер ме, егер балалардың бойындағы қабілетін ашпасақ, үлкен-үлкен газеттерге мақала жаза ала ма?

- Әрине, жаза алмайды, - деп шулай түсті газеттер.

- Балалар өздері салған суреттерін газет бетіне жарияланғанын көргенде қатты қуанады. Ақын мен жазушы болатын балалар ең алғашқы шығармалары газет бетіне шыққанда ынталана түседі. Міне, мен апта сайын балаларды қуантуға асығып жүремін, - дейді «Жас өрен».

   Небір озық ойлы газеттердің өзі кішкентай газеттің ақылына риза болады. Осы кезде қатты жел соғып, кішкентай газетті далаға ұшырып әкетеді. Көшеде жатқан газетті балалар бірі тауып алып, басына қалпақ жасап алады.

- Қап, мына бала мені төрт бүктеп, мыжғылап тастады-ау, - деп күңкілдеді газет. Бір кезде қалпақ астындағы шаштар шулап:

- Ух, қандай рахат! Қожайын, бағанадан бері неге телпек кимеген, күн ыстықта көлеңке астында тұрған қандай жақсы, - деп жамырай жөнелді.

- Міне, енді мен қалпақ та болдым. Бір емес, бірнеше қажетке жарайды екенмін ғой, - деп көмегі тигеніне қуанып, масайрай түсті газет. Бірақ қуанышы көпке созылмады. Балалар газеттен қайық жасамақ болды. Газетті қақ ортадан тартқылай бастағанда  газеттің жаны шығып кете жаздады.

-А-а-а-йй, абайлаңдар, мен өте жұп-жұқамын ғой, жұп-жұқамын. Жыртылып қалуым мүмкін, - безілдей жөнелді. Қос беті дар етіп айрылғанда бақырып жіберді. Байқұстың ұнжырғасы түсіп кетті.

- Мен деген ұлы газетпін ғой, ал сендер болсаңдар, қадірлемейсіңдер, - деп өкпеледі.  Бірақ балалар газеттің сөзін елемеді ме, қайық жасап, суға ағызып жіберді.

- Ух, жаным-ай! Қандай рахат! – деп азырақ тыным алған газет. – Еркінмін, ешкімге тәуелді емеспін. Осы сумен бірге әлемді шарлап, небір қызыққа батқым келеді. Сосын оны бетімен жариялап, керемет жаңалық жазар едім, - дейді масаттанып. Бірақ қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады екен, бір есерсоқ бақа жайбарақат жүзіп келе қайықтың үстіне отырып алып, суық суды шолп еткізді. Ол қайықтың үстіне отыра бергені сол еді, ауыр салмақты көтере алмай, қайық суға бата бастады. Бақа суға секіріп кетті.

- А-а-йй, құтқарыңдар! Мен суға батып барам. Мен әлі елге керекпін. Жаңалығымды әлі ешкім оқыған жоқ, - деп суға батып бара жатқан ол көл құсындай шулап қоя берді. Бірақ бақа да, басқа біреу де көмекке келген жоқ. Біз кезде қатты жел соғып, қайықты жағаға шығарып тастады.

- Ух, жаным-ай! Әйтеуір, тірі қалдым ғой, - деп газет жағада күнге қыздырынып жатты. Қазір ол қайық емес, екі бүктелген қағазға айналған. Кепкен газет шытырлап қалпына келді, бірақ әріптері көмескіленіп кетіпті.

- Алақай! Мен енді азатпын! – деп газет қуанып қалды. Бұл кезде өзен жағасындағы қармақ ұстаған бір адам аулаған балығын пісіріп жемекші болды. Оттығы бар, бірақ ағашты тұтататын ешнәрсе жоқ еді. Балықшы айналасына көз жүгіртіп, жағада жатқан газетті көрді. Ол газетті кепкен бұта-талдың астына тығып, от жақты. Бұл кезде газеттің шыңғырып, бақырғаның көрсеңіз. Бірақ оның үнін ешкім естімеді.

  • Ойбай, күйіп-жанып барам, менің армандарым көп еді ғой, мына адамға қалай ғана тап болдым,  - деп бажылдады. Көп ұзамай газет лапылдап, қызыл жалыған оранып жанып бара жатты. Газеттің соңғы сөздері орманды жаңғыртты.
  • -Мен жанып бара жатсам да адамдарға көмегімді тигізіп барам, сол үшін өзімді бақытты санаймын. Мен бақыттымын! Мен бақыттымын!  - деген газеттің дауысы от арасынан естіліп жатты.

Асхат Өмірбаев

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір