• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 03:21:42
Алматы
+35°

15 Мамыр, 2018 Саясат

Газадағы қантөгіске Түркия 3 күн ұлттық аза тұту күнін жариялады

Оқиға салдарынан біреуі сәби жиыны 59 палестиналық қаза тапса, 2771 адам жараланған.

(Иерусалимде АҚШ елшілігін ашқан Ақ үйдің аға кеңесшісі Иванка Трамп және АҚШ-тың қаржы Министрі Стивен Мнучин. Бірдей уақытта Газадағы жағдай)

Израильдың Газаға шабуылы салдарынан Түркияда  3 күнге жалау түсірілді, деп жазады Qamshy.kz жергілікті ақпарат көздеріне сүйеніп.

Газа мен Израиль шекарасы маңына палестиналықтар  шатырлар тігіп, Некбе (үлкен зұлмат) күніне қарсылық шеруін өткізген. «Миллиондар маршы» аталған шеруді Израиль әскерлері қарулы шабуылмен басқан. Оқиға салдарынан біреуі сәби жиыны 59 палестиналық қаза тапса, 2771 адам жараланған. Олардың арасында ондаған журналист бар.  Аталған шеруді АҚШ-тың Израильдегі елшілігін Тель-Авивтен Иерусалимге көшіруі өршіте түскен. Әлемнің 46 елінде жоспарланған протестке Израиль шабуылын Түркия бастаған бірнеше ел террор деп баға берді. Ал, АҚШ елшілігінің Әл-Құдысқа көшірілуін Ұлыбритания, Ресей, Германия, Мысыр, Иран сияқты алпауыт елдер және бірқатар араб елдері, халықаралық ұйымдар айыптап, тұрақсыздыққа бастар қадам деп бағалады.

Айта кетсек, Некбе күні - Израиль 1948 жылы құрылған соң Палестина жерінің жергілікті палестиналық тұрғындардан тазалануына назар аударған бір күн. Сол кезде Израильдің құрылуы жарияланған елді-мекендерде өмір сүрген жергілікті тұрғын санының 85 пайыздан астамы ауылдары мен аудандарынан кетуге мәжбүрленген. Босатылған жерлер жермен-жексен етілген. Күштеп айдалғандар орнына еврей тұрғындар орналастырылды. Акра мен Хайфа сияқты тарихы маңызы бар Палестина қалалары босатылып, іздері жойылды. Шамамен 700 мыңнан астам адам сүргінге кетті. Жұртсыз қалдырылды.

Құрылуы жоспарланған Израильдың келешегі үшін аймақты палестиналықтардан тазалау саясаты тәуелсіздік алдында басталған болатын. 30 наурыз бен 30 мамыр күндері арасында 200-ге жуық палестиналықтың ауылы басқыншылыққа ұшырап, жергілікті тұрғындар күштеп көшірілді. Израильдің тәуелсіздігі жарияланбай тұрғанда, тұрғын санының жартысы жұртсыз қалдырылды.

 Израиль басқыншылығына ұшыраған жерлерден палестиналықтарды тазалау саясаты тәуелсіздіктің артынан жалғаса берді. Израиль шекаралары ішіндегі жерлерден палестиналықтарды алыстату 1950 жылдарға дейін жалғасты. Кеткендердің қайта оралуына әрі күш қолданып, әрі заңды жолдармен кедергі жасалды. 1956 жылға дейін үйіне қайтып оралғысы келген 5 мың палестиналық Израиль қауіпсіздік күштері тарапынан жәбірлеудің құрбаны болды. Шығарылған жаңа заңдармен жұртсыз қалдырылған палестиналықтарға азаматтық құқы берілмеді. Мүліктері мен жерлері қолдарынан тартып алынды.

Палестиналықтар жыл сайын әрі Израильдің ресми тәуелсіздік күні, әрі Некбе күні болған 15 мамырда бас қосады. Израильдегі шерулерге еврей адам құқықтары белсенділері де қолдау беріп келеді.

Бірақ «аймақтағы жалғыз демократия» ретінде аталған Израиль Некбе күнін «заңсыз» деп жариялаған заң жобасын 2012 жылы қабылдады. Израильдің ресми мәлімдемесіне қарағанда, бұл еске алу күні Израильдің «Еврей мемлекетін мойындамау» деген мағынаға келеді. Сондай-ақ қуаныш пен бақыт күні болуға тиісті бір күннің аза тұту күні деп аталуына қарсы шығады.

Ашық түрде сөз еркіндігіне жатпайтын бұл заңға қарсы Атазаң сотына жасалған шағымдар қабылданбады. Сондықтан Израиль үкіметі бұл шерулердің алдын алу үшін жыл сайын қолдан келгенді аямайды. Қазір БҰҰ-на тіркелген 5 миллионнан астам палестиналық босқын бар.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір