• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 02:28:32
Алматы
+35°

17 Сәуір, 2019 NEWS

Франциядағы өрт немесе қытай жастарының кекшілдігі

Мұны Франциялықтар өз елі тарихындағы «үлкен трагедия» деп бағаласа, әлем халқы аталған шіркеуді «адамзат мәдениетінің асылы еді» деп аһ ұрып жатыр

Сейсенбі күні Францияның бас қаласы Париждегі Құдай -Ана (notre dame) шіркеуі отқа оранды. Кеш бата тұтанған өртті 500 - ден аса өрт сөндіруші сегіз жарым сағатта әрең өшірді. Алайда 9 ғасырға жуық тарихы бар көне ғимараттың бір мұнарасы мен шатырын тілсіз жау жалмап кетті. Мұны франциялықтар өз елі тарихындағы «үлкен трагедия» деп бағаласа, әлем халқы аталған шіркеуді «адамзат мәдениетінің асылы еді» деп аһ ұрып жатыр.

«Құдай Анаға» әлем қайғырды

16 сәуір күні жарық көрген танымал басылымдарының тақырбының өзі сай сүйегіңді сырқыратады. Франция «Libération» газеті бас мақаланың тақырбын «Біздің трагедиямыз» деп қойса, «Le Figaro»  газеті бас тақырыпты «апат» деп алыпты. «La Croix»  газеті «жүрегіміз күлге айналды» десе, «Les Échos»  газеті «Францияның трагедиясы» деген тақырыппен сөз қозғапты. АҚШ, Ұлыбаритания сияқты елдерден шығатын ағылшын тілді газеттер де «қабрғасы қайысқан» тақырыптармен толды.

Сонымен қатар, АҚШ президенті Дональд Трамп твиттердегі парақшасында «Париждегі Notre-Dame соборында болған сұрапыл өрт өте қорқынышты. Оны сөндіру үшін суы бар ұшатын цистерналарды пайдалануға болады. Тез әрекет ету керек» деп жазды. Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй, Германия канцлері Ангела Меркель бастаған әлем елдері басшылары да Франция президенті Эммануэль Макроннан хал сұрап, оқыс жағдайдың өкінішін бөлісті. Еуроодақ басшылары Жан-Клод Юнкер де француз халқына көңіл айтып, қолдауын білдірді. «Иotre dame - бүкіл адамзаттың мұрасы. Ол дүниежүзінің қаншама жазушысын, суретшісін, философын және көруге келген адамдарды шабыттандырды. Өзекті өртеген оқиға. Мен француз халқының қайғысына ортақпын. Бұл біздің де қабырғамызды қайыстырады» деп жазды ол. Тек ел билеушілері мен лауазымды тұлғалар ғана емес, тұтас әлем халқы бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, француздардың қайғысына ортақтасып жатыр. Тіпті өздігінен ақша жиып, аталған шіркеуді қалпына келтіруге атсалысуға әзірленуде. Франциялық миллиардер «Pinault» жанұясы қалпына келтіру жұмыстары үшін 100 миллион евро бөлетінін мәлімдегені – соның айғағы. Тек «Шоқ бәлем» деп шулап жатқан Қытайдың әлеуметтік желі қолданушылары ғана.

Қытайлар қуанып жатыр

«Өртенгені жақсы болыпты», «Өртенгеніне өте қуанштымын, тарихи мұралардың өртенгені қалай болады екен, сендер де сезініп көріңдер», «Сауап бопты франциялықтарға, біздің Юан Миң Юан бақшамыз қайда?», «Бұған жүректеріңді ауыртып қайтесіңдер, біздің Юан Миң Юан бақшамыз неше күн, неше түн өртенді ғой, соны кім өртеді? Дүние кезек деген осы, жамандық айналып иесін табады», «Юан Миң Юан қайда қазір? Соны неге тілге алмасқа, франциялықтар Юан Миң Юанды өртеп жіберді, күні бүгінге дейін не кешірім сұраған жоқ, не төлем берген жоқ. Шіркеуге обалсынады екенсіңдер, Юан Миң Юанға неге жандарың ашымайды?» деп бақадай шулаған қытай жастары «әркім өз байын жоқтайды» дегендей, тұтас әлем Құдай Ананың отқа оранғанын обалсынып жатса, бұлар 100 жыл бұрын күлге айналған Юан Миң Юан бақшасын көлденең тартып, француздарды табалап жатыр. Мұндайда Қытайдың «жүз жылдан кейін кек алсаң да кеш емес» деген мақалы еске түседі.

Юан Миң Юан бақшасы және оның өртелуінің шын сыры

Юан Миң Юан бақшасы – Бейжіңдегі көне тарихи орындардың бірі. 300 гектардан артық аумақты алып жақтан бұл бақты Чиң империясы (Цинь патшалығы) кезінде, яғни 1707 жылы бастап салынған. Ұлыбритания, Франция бірлескен армиясы Бейжіңді басып алғаннан кейін, 1860 жылы өртеп жіберген. Бұл бақшаның өртенуін Қытай тарихы мен оқулықтарында «шетел шапқыншыларының қатігездігі» ретінде көрсетіп, ұрпақ санасына да солай сіңіріп жіберген. Бейне Қазақстан мен Қытай шекарасын айқындап, заң жүзінде белгілеп алса да, қытайдың еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін «Балқашқа дейін біздің жер» деп соғатынындай, күллі қытай әлі күнге дейін Юан Миң Юанның «құнын» Франциядан алғысы келеді. Қытай жастарының шулап, табалап жатқанының себебі осы.

Дей тұрғанмен, «қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» дегендей, екі елдің бірлескен армиясының бұл бақшаны өртеуіне өздері себепші болғанын қытайлар іштей біліп тұрса да мойындамайды.

Қытай тарихында «апиын соғысы» деп таңбаланған Ұлыбаритания бастаған батыс елдері мен Чиң империясының соғысы нағында, мәдениет соғысы еді. Ұлыбритания мен Франция мәнжүр билеушілерінен халықты езіп, қанауын тоқтатуды, шетелмен дипломатиялық қатынас орнатқан ашық ел болуды талап еткен. Бұған тоғышар манжүр билеушілері көнбеген. Ол аз болғандай «елшіге өлім жоқ» деген қағиданы белден басқан Чиң билеушілері шетелдің 39 елші, дипломатын тұтқындап, оның 21-ін дәл осы Юан Миң Юан бақшасында кескілеп, қинап өлтіреді. Бұған кектенген Ұлыбритания мен Франция Бейжіңге басып кіреді. Шіріктескен Чиң әскерлері ойсырай жеңіледі. Өз елшілерінің аянышты тағдырын көрген Ұлыбритания әскери басшылары мәнжұр билеушілерінің жын ойнағына айналған Юан Миң Юан бақшасын 1860  жылы 18 қазанда өртеп жібереді. Кейбір деректерде «Ұлыбритания мен Франция армиясы Бейжіңге кіргенде халық көшеге шығып қызу қарсы алғаны» айтылады. Мәнжүрлер тұтқындаған 39 адамның қатарында қинау көріп, бағына жарай аман қалған ұлыбаританиялық дипломат Харри Смит Паркс әйеліне жазған хатында «меніңше бақшаны өртеп жібергені дұрыс болды...» деп жазады. Демек бұл соғыс үш жүз жыл билік жүргізген Чиң империясының аударылуына мұрындық болды, таза қытайлардың билік басына келуіне жол ашты.

Оның үстіне, Юан Миң Юан бақшасын Ұлыбритания мен Франция армиясы бүкілдей қиратып жіберген жоқ. Олардың өртегенінен қалғанын 1960 жылдары «төрт көнені жою» денен желеумен қытайлар өздері құртқан. Енді міне соның бәріне Франция кінәлі екен де, «Құдай Ана» шіркеуі соның бодауына өртеліпті-мыс.

P.S: Ендеше әлем 860 жылдық тарихы бар құрылыстың өртенгеніне қайғырып жатса, қытайлардың 150 жылдың алдында өртенген бақшаны айтып байбалам салғанын қалай түсінуге болады?! Біздіңше, бұдан қытайлардың "өзімде ғана болсын" дейтін өзімшілдік идеясы мен өздеріне бейімдеген өтірік тарихын өлердей қолдайтын қара ниетін байқауға болады. Біз «Қытай мен Қазақстан арасында территория мәселесі шешілген» деп арқамызды кеңге салғанымызбен, өтірік тарихпен ауызданған қытай жастары «Балқашқа дейін біздің жер» дегенді мәңгі ұмытпайды. «Құдай Ана» шіркеуіндегі өрт бізге осындай ой салды.

Нарт Қали

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір