• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 18:05:18
Алматы
+35°

06 Қазан, 2017 NEWS

Фаузия Шәмсиқызы: Қазіргі жастар өз ойларын дұрыс жазып жеткізе алмайды

Бүгінгі іс-шара қазақ тілінің қолданылуын дамыту, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау мақсатында өткізілді

6 қазанда Алматы қаласында Тілдерді дамыту басқармасы Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік басқармасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес және Басқарманың 2017 жылға арналған жұмыс жоспарын жүзеге асыру мақсатында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен бірге «Рухани жаңғыру жағдайында жоғары білім жүйесінде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мәселелері» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Бүгінгі іс-шара қазақ тілінің қолданылуын дамыту, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау мақсатында өткізілді.

Алматы

Ғылыми-тәжірибелік конференцияның негізгі міндеті – мемлекеттік тіл саясатының өзекті мәселелеріне, осы саладағы озық іс-тәжірибелер мен қол жеткізген оң нәтижелерге талдау жасау және сонымен бірге орын алып отырған мәселелер мен оны шешудің жолдарын қарастыру болып табылады.

Алматы қаласында Абай атындағы педагогикалық университетте өткен бүгінгі жиынға тіл білімінің белгілі ғалымдары, ЖОО-да қазақ тілінің оқытушылары, жергілікті атқарушы органдардың тіл мәселесіне жауапты қызметкерлері мен тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері және де көптеген студенттер қатысты.

Мамай Ахетов

Ғылыми-тәжірибелік конференцияның модераторы болған Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Мамай Қаниұлы өзінің кіріспе сөзінде мемлекеттік тілдің бүгінгі ахуалы мен оның маңыздылығы жөнінде тоқтала кетіп, қазіргі таңда мемлекеттік тілдің ақпарат кеңістігінде дұрыс қолданылуына баса назар аудару қажеттігін айтты.

Фаузия Оразбаева

Сонымен қатар, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы Фаузия Шәмсиқызы өзінің баяндамасында «Рухани жаңғыру кеңістігіндегі жазылым мәдениетінің орны» мәселесі төңірегінде кеңінен айтып өтті.

Фаузия Шәмсиқызының айтуынша, қазіргі таңда жастардың көпшілігі өз ойын еркін жазып жеткізе алмайды. Сол себепті де қоғамда жазылым мәдениеті ақсап тұр.

Анар Салқынбай

Қазақтың төл дыбыстарына қатысты баяндама жасаған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тіл білімі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Анар Бекмырзақызы латын әліпбиіне көшуге байланысты жасалған әліпбидің бірыңғай стандартты нұсқасындағы қателіктерге тоқтала отырып, «Қазақтың төл дыбыстары: қосар ма, дара ма?» деген сұрақты көтерді. Парламент мәжілісінде таныстырылған латын әліпбиінің бірыңғай стандартты нұсқасындағы секілді диграфтар Ахмет Байтұрсынұлы жасаған әліпбиде де болған деген ғалымдар пікірінің толыққанды дұрыс еместігін айта келіп, қазақтың «ә, ө, ү, ұ» сынды дыбыстары ХХ ғасырдағы латын әліпбиінде диграф болмағандығына тоқтала кетті. Оған дәлел ретінде Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін атап өтті.

«Парламент мәжілісінде таныстырылған латын әліпбиінің бірыңғай стандартты нұсқасында біршама қателіктер бар. Біз ол нұсқаны экономикалық жағынан тиімді деп айтып жүрміз, алайда бұл пікірге де онша келісе алмаймын. Ағылшын әліпбиінің 26 әрпіне сидырып жасайтын болсақ, қосымша программалар жасаудың қажеті жоқ болғанымен, бұл әліпбиімен жазылған контекст мөлшері 30-40%-ға дейін созылады. Сол себепті де біз үнемі қандай да бір құжатты басып шығаратын болсақ бір беттік мәтін 2-3 бетке созылып кетеді. Бұл жағдайда экономикалық жағынан үнем болады деуге онша келмейді», - дейді Анар Бекмырзақызы.

Алматы

Айта кетер болсақ, Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мәселесіне басымдық бере отырып, күн тәртібіндегі өзекті мәселе ретінде қарастырады. Осыған орай, еліміздің әр аймағында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, аталмыш мәселе төңірегінде түрлі талқылаулар жүріп жатыр.

Назерке Лабихан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір