• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 02:48:04
Алматы
+35°

24 Қаңтар, 2019 Экономика

Ежелгі саудада ең бірінші ақшаға сатылған – қазақтың текеметі

Ал бертін келе Кеңес Одағының тұсында қазақтың қалың кілемі Ашхабадта мұражайда сақталған

Ежелгі сауда кезінде  ең алғаш қазақтың кілемі ақшаға сатылған. Ал бертін келе Кеңес Одағының тұсында қазақтың қалың кілемі Ашхабадта мұражайда сақталған.

Ежелгі сауданың тарихына үңілсек,  жеңіл өнеркәсіп өнімдері сауданың айырбас түріне ыңғайлы болған. Жеңіл өнеркәсіп саудасында ежелгі саудада  Қазақ-Ресей саудасы үнемі табысты болыпты. Ол кездегі қазақтар базарға мал басымен қоса астық, жарма, кездеме маталар, шұға-мәуіті, иленген тері және металл бұйымдарын шығарып отырған.

Мұндай сауданың эквиваленттік тепе-тең балама бағалары болмаған. Мысалы, бағасы 75 тиын тұратын 18 метр кенепті бір жылқы мен өгізге айырбас жасаған жайттар да кездескен. Сондай-ақ, Ресей базарына Орта Азиядан жібек, мақта-мата және шапан, кілем, төсеніш, көрпе басқа да күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар әкелінген. Десек те, сол кездің өзінде қазақ шеберлерінің тоқыған кілемдері өтімді болған деседі. Әсіресе, қазақтың кілемі мен текеметі қозғалмалы айырбас саудасының көрігін қыздырып, алғаш рет тауар-ақша қатынастарын дамытқан екен.

Бұл ретте экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов «Қазақ текеметіне көзі түскен Орта Азия елдерінің шеберлері Ресей базарында ең алғаш текеметті 1875 жылы қолма-қол ақшаға сатып алыпты. Ондағы текеметтің бағасы 820 сом болған екен» дейді.

«Қазақтың көне дүниелері қазірдің өзінде кәдеге жарап жатыр. Мысалы, Алматы қаласында бірқатар жиһаз сататын дүкендер қазақтың ескі көнерген қалың кілемдерін сатып алып жатыр деген ақпаратты ұзынқұлақтан естідім. Негізінде, кез келген кәсіп иесі өзінен ақша алыстап, табысы тоқырай бастамасын десе, көненің көзі асыл деген қағиданы ұстанады. Заманында алғашқы қауымдық құрылыс кезінде бір тауардың басқа бір тауарға кездейсоқ айырбасталуы барысында айырбас құнның жай немесе кездейсоқ формалары қолданылған. Мысалы, 1 балта – 5 құмыра, 1 қой – 1 қап бидай және тағы басқа. Солтүстік халықтары тауар ретінде айырбас үшін жүнді пайдаланыпты. Жүнді ақшалау Монғолияда, Тибетте және Памирде кеңінен таралған. Сондай-ақ, Ежелгі русьтардың, арабтар мен жазарлардың Византиямен сауда саттық жасауы барысында тері-жүн ең басты құралдардың бірі болды.

Жапонияда темір, мырыш, қорғасын, мыс, күміс, алтын түрінде ақшалар пайдаланды. Металл ақшаның артықшылығы, ол – біркелкі, төзімді еді. Кейін металдардың арасында басты рөл алтын мен күміске өте бастады. Алтын, күміспен сауда-саттық жасауды қазақтар да іске асыра бастады. Жалпы, тарихи деректер қазақтардың айырбас саудаға бейім болғанын алға тартады. Бұл ретте қазақтың тоқыған қалың кілемдері, тоқыма өнімдері, сырмақтары, кестелері, текеметтері өтімді болған», - дейді Жаңабай Алдабергенов.

Осылайша маманның пайымдауынша, өз заманында қазақтың жеңіл өнеркәсібі ұқсатқан кісінің шаруасын дөңгелетіп тұрған. Ал қазірде біз осы жайтқа аса мән бермей отырғанымызды айтады маман.

«Негізінде, кілем тоқу – қазаққа жат үрдіс емес. Кеңес өкіметі кезінде қазақ шеберлерінің тоқыған кілемдері Ашхабад мұражайында бірнеше жыл сақталғаны туралы да деректер бар. Кеңес Одағы тұсында Түрікменстанның, Өзбекстанның, Қырғызстанның, Қазақстанның кілемдері өздерінің сән-салтанатымен көш ілгері болды. Қазірде Өзбек елі де, іргеміздегі Қырғыз елі де, Түрікменстан да кілем тоқу өндірісіне ерекше көңіл бөліп отыр. Кеңестік кезеңде Орта Азия бойынша  түрікмен кілемдерінің 10 пайыздық сауда үлесі болса, одан кейін 8 пайыздық межемен Қазақстан кілемдері көш басынан көрінді. Ал қазір кілем өндіруде өзіміздің отандық тұтынушыларымызды мүлде қамтамасыз ете алмай отырғанымыз қынжылтады», - дейді Жаңабай Алдабергенов.

Жалпы, маманның пайымдауынша, кілем өндірісінде жекелеген шеберлерге қолдау көрсету қазір маңызды болып отыр.  

«Мысалы, Иранда кілем тоқумен айналысатын шеберлер үнемі өкімет назарынан тыс қалмайды. Оларда кілемнің авангард, классикалық, ұлттық түрлерін тоқумен айналысатын шеберлерге белгілі бір салықтық жеңілдіктер де қарастырылған. Ал балаларға арнап кілем тоқитын шеберлеріне деген ирандықтардың ықыласы ерекше. Тіпті, ескерткішке кішкентай кілемше тоқитын шеберлерін де олар аса қадірлейді екен. Әрине, мұның барлығы қолөнерді бағалағаннан кейін туындайтын құрмет екені белгілі. Ендеше, біз неге осындай шеберлерді назардан тыс қалдырдық», - дейді маман,

Жалпы, деректерді сөз етсек, кезінде бір ғана Қазақстанда аты Кеңес Одағына мәлім 176 шебер болыпты. Өкініштісі, олардың дені қазірде бұл өнерлерін жылы жауып қойған. Себебі, біріншіден, елде кілем тоқуға қажетті техника да жоқ, қала берді, тіндерін берік етіп тоқитын сапалы жібек жіп те тапшы.

«Бізде кілем тоқитын сапалы жіп те қазір тапшы. Жекелеген шеберлер кілем тоқитын жіптерді Ресейден, Ираннан, Түркиядан әкеліп жүр. Кілем экспорты емес, елде кілем импорты ғана дамып тұр. Біз ұсақ-түйек деп бұл салаға мән бермей отырмыз.  Мәселен, өткен жылы  иран шеберлері көлемі 520 шаршы метрді құрайтын, салмағы бір тоннадан асатын кілем тоқып шығарғаны үшін өкімет тарапынан арнайы марапат беріліп, бұл шеберлер арнайы салықтық жеңілдіктен құтылды. Қазірде Иран, Франция, Үндістан, Қытай, Румыния, Венгрия, Польша, Ауғанстан, Түркия, Түрікменстан, Әзірбайжан елдері осы салаға айрықша мән беріп, саладағы өнім көрсеткішін өсіруге назар аударуда. Ал бізде, өкінішке қарай, мұндай мән берушілік жоқ. Жекелеген шеберлердің еңбегі мүлде еленбейді. Кезінде Қазақстанның оңтүстік облыстары мен Арқада түкті, тықыр, араб кілемдерін тоқу, Семей өңірінде кілем кестелеу күшті дамыған. Түксіз кілем оюларына қошқар мүйіз, құс тұмсық, ботагөз, тұмар, тарақ тағы да басқа ою нұсқаларын салып тоқуды біздің шеберлер терең меңгерген-ді. Әттеген-айы қазірде бірді-екілісі ғана болмаса, кілем тоқуда озық шығып, белшеден табысқа батып отырғанымыз жоқ. Ал өзге елдер бұл саладан айтарлықтай табыс көріп отыр. Сондықтан қазақтың қалың кілемі, текеметі, сырмағы ұмыт қалмасын, бұл ұлттық құндылықтарды бүгінгі ұрпақ тек суреттен ғана көріп отырмасын десек, осы салаға мән берілгені дұрыс. Ежелгі саудада айырбас құралына емес, ең бірінші ақшаға сатылған қазақтың текеметі екенін ескерсек, бізге бұл саланы жаңғыртуға күш сала берудің артықтығы жоқ», - дейді экономика ғылымының докторы Жаңабай Алдабергенов.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір