• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 01:42:04
Алматы
+35°

26 Наурыз, 2019 Айтты-ей, бауырың!

Ей, Алатау! Алатау деймін! Алатау-ау, сәл аласаршы?!

Алатау, сен расында асқарсың! Кейде, білесің бе... кейде мен сен болғым келеді...

Ей, Алатау, ей, Алатау... Алатау деймін! Алатау-ау, сәл аласаршы? Сәл ғана төмендеші? Жете алар емеспін саған... Айтарым бар! Алатау, сырласайықшы? Адамдар менен шаршаған сияқты. Жалықтырғанмын-ау бәрін шамасы...

Алатау, сенен миллион есе кіп-кішкентай мынау менің өзімнің жан-дүниемді жарып, өн бойымды жоқ қыларлық мұңым, қайғым, қуанышым бір басыма жетерлік. Жаратқан адамға көтере алмас сынақ бермейді дейді. Дегенмен де, кейде жүрегім жарылардай ауырып, бүкіл денемді бір нәрсе өртеп жібереді! Кішкентай сынаққа шыдамай, өзімді құздан лақтырғым келетін сәтте сені ойлаймын!

Алатау, неткен асқарсың! Сендей болсам, мынау қайғы-cымақ дүниелер түк те болмай қалар еді! Сен де көргенің мен бауырыңа келіп мұңын шаққан пенделердің сырын, сонша мыңжылдық құпияңа шыдай алмай жарылсаң, не болмақ?!

Мен ол... мен кіп кішкентай, бар-жоғы маңызды емес жүрген біреумін ғой. Әлдебір күні жарылып кетсем де, Алматыны армансыз аралап, бақтарында қыдырған, көк аспанын көріп қуанып, Медеуінің мұзын сүйіп, Көктөбесін талай асқан, көшелерін кезіп өткен, болып – болмағаны де беймәлім, ешкімге де қызықсыз біреу кеудесіне сыймаған тынымсыз уайым мен миын жеген сансыз ойлардан кетті дер. Кетті дер де, екі-үш күн аза тұтып қоя салар.

Ал, сен! Ал, сен жарылсаң... Жо-жоқ! Ешқашан! Сен олай етпе, Алатау, жарай ма? Әйтпесе, орының ойылып, мынау Алматым қорғансыз қалады! Сен, сен солай тұра бер, жарай ма?! Қанша азаптанып, қанша қамықсаң да, сен солай тұра берші? Әлі талай тарихтың куәсі болып, талайды өткеруің керек қой! Қабағыңа қар жауып, бауырыңда гүл жайнап, жанарыңнан жас тамып, аспаныңда күн жарқырап... тұра бер солай. Сен солай әдемісің! Сен солай ерексің! Сен қазаққа керексің!...

Алатау, сен расында асқарсың! Кейде, білесің бе... кейде мен сен болғым келеді...

Алатау, етегіңде тынығып, кеудеңе басымды қойып, мызғып алайыншы... тым құрығанда, көлеңкеңде саялайыншы?... Бір сәт қана...

Мақпал Сембай

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір