• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 05:18:11
Алматы
+35°

17 Шілде, 2017 Ұлы көш

Exclusive : «Қазақ спиннер» сатылымға шықты

Ал өнімнің қауіпсіздігіне келер болсақ, қошқар мүйіз оюы да, ЭКСПО логатипі де үшкір емес доғал етіп жасалған. Қолды жарақаттап алудан сақтайды

Халық арасында танымалдылыққа ие болып жүрген спиннер күйзеліске душар болғандарға арналып жасалған ойыншық. Қолыңда ұстап отырып қайта-қайта айналдырасың, бар назарың соған ауып, қиындықтың, күйзелістің бәрін ұмытасың. Ал әлем халықтарының  спиннерге деген қызығушылығы басқа дүниелерге қарағанда ерекше. Еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін аталмыш ойыншыққа қызығушылығы күн санап артып келеді.

Әлем балаларының қолында жүрген ойыншық қазақтың қошқар мүйіз ою бейнесі мен ЭКСПО мамандандырылған көрмесінің логотипі бейнесінде сатылымға шықты. Ойыншықты қазақы үлгіде жасап шығарған кәсіпкерлерді Qamshy.kz журналисі сөзге тартты. Аталмыш ойыншықты жасап, сатылымға шығарған - Салтанат Мінайхан, Досан Қаумен, Талғат Сақанов, Исмайл Құлан есімді кәсіпкерлер.

Ұлттық нақыштағы спиннерлерді жасап шығарудағы басты мақсаттарыңыз қандай? Коммерциялық жағына баса назар аударылды ма, әлде ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға ма?

Салтанат Мінайхан: Аталған спиннеррді жасап шығарудағы басты мақсат - қазақтың ұлттық нақышы қошқар мүйіз оюын және ел тарихында тұңғыш рет өткізілгелі жатқан ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесінің логотипін әлемде тренд болып жатқан спиннерлер арқылы шетелдік қонақтарға, отандастарымызға насихаттау. Спиннерлер қолданысқа еніп жатқан кезде ұлттың дүниетаным мен  мәдениетінің бір бөлшегін насихаттауға таптырмас мүмкіндік екенін бірден түсіндік. Спиннердің не екенін қай ұлттың азаматы болсын бірден біліп жатады. Сол себепті спиннер атауын өзгертпей жанына ұлтымыздың атын қосып «Қазақ спиннер» деген атау бердік. ЭКСПО-ға келетін 5 млн. қонақтың қолында ұлттық құндылығымыздың бір белгісі жүрсе, біз үшін ол үлкен жетістік. Бірінші кезекте коммерциялық жағын емес, ұлттық құндылығымызды насихаттауды басты назарға қойдық. Сонымен қотар, шетелде оқып жатқан қандастарымыз бір ұлттың мәдениетін құрметтей алатын өзге ұлттың өкілдеріне кәде сый ретінде апаруға таптырмас дүние деп санаймын.

Талғат Сақанов : Бастапқыда «қазақ спиннер» шетелдіктерге, ЭКСПО-ға келетін қонақтарға арналған. Шетелдіктерге еліміздің тарихын танытатын үш жүз: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз бірігіп бір шаңырақ астында Қазақ елі бейбіт күнді кешіп жатқанын көрсету болды. Спиннерді қолына алған адам ең алдымен жазылған жазуға мән беретіні сөзсіз. Ұлттың тарихынан хабардар ететін үш жүздің атын оқып, жүздің, шаңырақтың не екенін ғаламтордан іздеп көреді деген ойдамыз. Үлгісі «Қазақ елі бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр» деген мағынада жасалған.

Тағы бір айта кетсем, біраз уақыт бұрын Қазақстанда тұрып жатқанына 15 жыл болған америкалық азамат өзінің қызығушылығын білдіріп, спиннерге тапсырыс берді. Мұның өзі үлкен жетістік.  Спиннердің бағасы  - 6000 теңге. Оның қымбат болуының өз себебі де бар. Қандай да бір істі бастаған кезде шығын міндетті түрде болады. Сол шығынды өтеу үшін дәл қазір осындай баға қойылып отыр. Алайда спиннер өз бағасына тұрарлық деген ойдамыз.

-Ал сатылым жағы қалай болып жатыр?

Талғат Сақанов: Кез келген жаңа зат жасалып шығарылған кезде міндетті түрде екі пікір айтылады: «жақсы-жаман, қымбат-арзан» деген. Кейбіреулер қымбатсынып жатыр.  Басты мақсат - ЭКСПО-ға келген шетелдіктерге ұлттық құндылығымыздың бір бөлшегін көрсету, таныстыру. Сондықтан алдағы уақытта асығымыз алшысынан түсіп, ісіміз өрге басады деген үміттеміз.

-ЭКСПО халықаралық мамандырылған көрмесіне жөнелтілді ме? Астанада сатылым жағы қалай болып жатыр?

Талғат Сақанов: Бастапқыда тауардың сапасын тексеріп көру үшін 70 дана әкелінді. Қызығушылық танытып жатқандардың қарасы күн санап көбейіп келеді. Астанаға жөнелту үшін тауардың екінші бөлігін күтіп отырмыз. Ол жеткізіле салысымен, Астанаға жөнелтіледі.

-Ал «Қазақ спиннер» қай жақта өндіріліп жатыр?

Талғат Сақанов : Елімізде аталған спиннерді өндірудің жолын іздестіріп көрдік. Өкінішіке орай елімізде спиннерді өндіретін  зауыттар табылмады. Сол себепті Қытайда өндіруге шешім қабылдадық, Ал сапасы жағын өзіміз қадағалап отырмыз. Тауар келген сәтте өзіміз патенттеп, халыққа ұсынамыз.

-Халықтың «Қазақ спиннерге» деген қызығушылығы қандай дәрежеде? Ата-аналар арзан бағадағы спиннерді сатып алғанды жөн санайды ма?

Талғат Сақанов : Аталған спиннер тек балаларға арналмаған, үлкен жастағы кісілер де үлкен қызығушылық танытып отыр. Инстаграмнан көрген аға буындар хабарласып, өз ілтипаттарын білдіруде.  Шымкент, Ақтау, Қарағанды облыстарынан келіп «қазақ спиннердің» бірінші бөлігін алып кетті.

-Қазақы үлгідегі ойыншықтар қазақ баласының санасына, ұлттық тәрбиеге өз әсерін тигізеді ме?

Досан Қаумен, идея авторы:  Бірінші спиннердің үлгісіне тоқталсам. Бұл «қазақ спиннердің» үлгісін өзге ұлттың адамы емес өзіміздің ата-бабамыз жасап кеткен. Сан ғасырды артта қалдырып өзінің құндылығын, қасиетін жоймаған қазақтың қошқар мүйіз оюы әлемде тренд болып жатқан дүниемен бірігіп неге халыққа, әлем халықтарына ұсынбасқа?! Алтын түстес болуының өзі молшылық пен байлықтың белгісі. Ұсақ нәрсемен де ұлы дүниелерді жасауға болады. Біз соны көрсеткіміз келді. Кішкентай затқа қазақтың бүкіл тарихы сыйып кеткендей болды десем артық айтқандық емес. Шаңырақ пен үш жүздің аты жазылған спиннерді айналдырсаңыз ортасындағы шаңырақ қозғалмайды , ал жан-жағындағы үш жүз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қозғалысқа түседі. Мұның өзінде үлкен бір мән жатыр. Шаңырағымыз шайқалмай, мәңгілік елдің тұрғындары бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр дегенді көрсетеді. Сонымен қатар, kazakhspinner.com сайтында қошқар мүйіздің не екенін, шаңыратың не екенін, үш жүздің тарихын үш тілде жазып жүктеп қойдық. Ал ЭКСПО көрмесіне келер болсақ, қазақ тарихында алғаш болып жатқан көрме. Қаншама шетелдіктерді елімізге қызығушылық танытып, келіп жатыр. Мәдениетті бағалай білетін қонақтардың аталған спиннерге деген қызығушылық танытатыны сөзсіз.

Шетелден белгілі бір тренд келді. Оны елімізде сол күйінде таратқаннан гөрі, намысымызды қамшылап, өзіміздің ұлттық құндылығымызды қосып, халыққа ұсынсақ деген ойдан туған дүние. Мұқағали Мақатаевтың «Күпі киген қазақтың қара өлеңін , Шекпен жауып өзіңе қайтарамын» деген өлең жолдары осы тұста дәлме-дәл айтылғандай.

-Спиннерді жасау барысында қандай қиындықтар кездесті?

Салтанат Мінайхан: Әрбір істі бастаған кезде қиындықтар міндетті түрде кездеседі. Бізде де солай. Барлығы бірден бола кетті деп айта алмаймын. Жоғарыда аталып өткендей Қазақстанда аталған спиннерді жасай алатын өндіріс орны табылмады. Қытайдың 100 шақты зауытының ішінде қазақтың қошқар мүйізін ойып, қалыбын келтіретін орталықты табудың өзі оңай болмады. Біраз өндіріс орындары қалыбын дұрыс келтіре алмағандықтан бас тартты. Ең соңында осы іспен айналысамын деп қолға алған 1 ғана зауыт қалды.

Кәсіпкерлікпен айналысып жүргендеріңізге қанша уақыт болды?

Исмайл Құлан, ІТ маман: Талғат ағамыздың  түрлі кәсіппен айналысып келе жатқанына он шақты жылдың жүзі болды. Салтанат ағамыз да бірнеше жылдан бері кәсіпкерлкпен  айналысуда. Ал жоба авторы Досан Қаумен ұлтымыздың ұлылығын ұлықтайтын бірнеше жобалардың авторы. Мемлекеттік қызметтен жеке кәсіпкерлікке көшіп, ұлт жолында қызмет етемін деп отыр ағамыз. Ал жеке өзім жайлы айтар болсам бұл салаға келеніме бір жылдың көлемі болды. Осы уақытқа дейін ІТ саласында түрлі сайт жасау , үлгілер жасаумен айналыстым.

Болашаққа жоспарларыңыз қандай?

Исмайл Құлан, ІТ маман : «Қазақ спиннер» біздің бірлесіп жасап жатқан алғашқы жобамыз. Барлық сұрақтардың жауабын бірлесіп шешіп отырамыз. Келешекте біздің қатарымызға қосылып, дәстүрді дәріптейтін бағалы дүниелерді жасаймын деушілер болса, құшағымыз әрдайым ашық. Алдағы уақытта аталған спиннерден де басқа жобаларды іске асырамыз деген ойдамыз.

Ал алдағы жобаларыңызда қазақы құндылықтарымыз қаншалықты сақталмақ?

Жоспар бойынша алдағы жобаларымызда да ұлттық нақыштарымыз насихатталады. Айта өтсем, Әлихан Бөкейханның атымен ұлттық нақыштағы ерлер  көйлегін шығаруда қолға алып жатырмыз.

«Ал өнімнің қауіпсіздігіне келер болсақ, қошқар мүйіз оюы да, ЭКСПО логатипі де үшкір емес доғал етіп жасалған. Қолды жарақаттап алудан сақтайды» дейді өндірушілер.

Айта кетсек, 1990 жылды бұл ойыншық Америкада пайда болған. Бастапқыда спиннер  аутизммен ауыратын балаларға арналып жасалған. Тоқтамай айналып тұратын ойыншық оларды емдеудің бір жолы болса керек. Дегенмен спиннерлер  ол кезде өтімді болмаған. Былтырғы жылы қайта сатылымға шығып, әлемдік трендке айналды. Бір қызығы мамыр айынан бері «спиннер» сөзін ғаламтордан іздеу рекорд қойған екен.

Әлемдік трендке қазақтың оюы қосылып, сатылымға шыққаны қуантады. Алдағы жоспарларымен бөлісіп, аталған кәсіпті енді бастап жатқан кәсіпкерлердің істеріне сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан: Айгерім ТАУБАЙ

 

Aigerim Taubay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір