• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 02:51:11
Алматы
+35°

16 Наурыз, 2019 Саясат

Еуропарламент: Билік басында ұзақ отырған динозаврлармен жұмыс істеуді тоқтатуымыз керек!

Назарбаев өз билігін сақтап қалу мақсатында азаматтардың бостандықтарын шектеп жатыр.

Наурыздың 14-і  Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы ахуалы жөнінде резолюция қабылдады. Депутаттар елдегі адам құқығы жағдайының нашарлап бара жатқанына алаңдап, Қазақстан үкіметін белсенділерді қудаламауға шақырды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі azattyq.org сайтының дерегін негізге ала отырып.

Айта кету керек, Қазақстан мен Еуропа одағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге 2016 жылы қол қойған. Қазақстан – Еуропа одағымен келісімге қол қойған Орталық Азиядағы жалғыз ел.​ Дегенмен, депутаттардың көбі Ақорданың Еуропа одағы мен Қазақстан қол қойған кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім шарттарын орындамай отырғанын айтады. 

"Саяси істің құрбанына айналған  айыпталушылар көп. Сонымен қатар, саяси тұтқындар мен түрмедегі азаптауларды ести отырып Еуропа одағы ретінде жағдайдың ушығуына реация таныту керек", - деді "ALDE" партиясының өкілі Хайди Гаутала

Еуропарламент депутаты Марк Демесмекер өз сөзінде қорқыту, заңмен қудалау, күшпен ұстау және азаптаудың Қазақстанда орын алғандығын айтты.

"Сондай-ақ Назарбаев өз билігін сақтап қалу мақсатында азаматтардың бостандықтарын шектеуде. Осыған сәйкес Макс Боқаев, Ескендір Ерімбетов, Мұхтар Жәкішевтің құқықтары бұзылған", - деп пікір білдірді Марк Демесмекер.

Либералдар және демократтар альянсының өкілі Уолф Клинз болса Совет одағы құлаған соң, Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналғанын айтты.

"Ел азаматтары ұзақ жылғы авторитарлық биліктен соң, енді демократияға қол жеткіземіз деп үміттенді. Олар заң үстемдігі, пікір еркіндігі, демократия, еркін нарық экономикасына қол жеткізіп,  қауіпсіз өмір сүреміз деп ойлады. Дегенмен,  олардың бұл үміттері ақталмаған", - деп ескертті Уолф Клинз. 

Қазақстанмен арадағы келісімді қайта қарау керектігін алға тартқан Социалистер және демократтар альянысының өкілі Анна Гомес болса Алматыда қазақстандық полиция қызметкерлері делегация мүшелерімен сөйлескісі келген адамдарды ұстап алып кеткендігін айтқан.

"Олар түрмеге қамалған, түрмеде азапталған азаматтардың бостандыққа шығуын талап еткен еді. Меніңше билік басында ұзақ отырған динозаврлармен жұмыс істеуді тоқтату керек",- деп күтпеген пікір білдірді.

Еркін және демократия тобының өкілі Масимо Касталдо: Қазақстан әлемдегі алып мемлекеттердің қатарына кірмейді. Бірақ, ол тарихы ұзақ, мәдинеті бай ел. Мұнда түрлі қауымдастық  бейбіт түрде өмір сүріп келеді. Алайда, анахронистік және қудалағыш режим басқаруындағы үкімет осындай мәдени алуандық тынысын тарылтты. Мысалы, ЛГБТ өкілдері, журналистер бейбіт митингке қатысқаны үшін қудаланып, айыпталды. 

Еуропарламент осы жағдайға сәйкес Қазақстанға бірнеше ұсыныс жасады. Революция Қазақстан үкіметін БҰҰ арнайы өкілі айтқан кеңестерді орындауға шақырады. Соған сәйкес Қазақстан үкіметін күштеп ұстау тәжірибесін, құқық қорғаушыларды қуғындауды тоқтатуын, сонымен қатар, осы жылы таныстырылған БАҚ туралы заңды қайта қарап, Қазақстан Қылмыстық кодексінің 174 және 274-баптарын (ұлтаралық араздық қоздыру және жалған ақпарат тарату) қолдану арқылы белсенділер мен журналистерді қудалауды тоқтатуға шақырды.

Францияда өткен бұл отырыста депутаттар Қазақстандағы адам құқығы жайлы ойларын ортаға салып, алдағы уақытта аталған мәселелер бойынша тиісті шаралар қолданғанын қалайды. 

Ұсынған: Фариза Жомартқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір