• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 18:11:28
Алматы
+35°

05 Сәуір, 2018

«Етін жеп, қанын іштім». Адамжегіш Жұмағалиевтің жантүршігерлік шындығы

"Жауыз адам жегіш тіпті, өлі мен тірінің арасында жатқан әйелдерді зорлауға дейін барған"

«Бір күні ол маған аяқ астынан сұрақ қойды. «Ал сен адам етін жеп көріп пе едің? Жеп көрген болсаң, мені түсінер едің», - деді.

Ол әлемді шайтанның азғындығынан тазалап жүргенін қайталап айта беретін. «Соның ішінде жирен шашты әйелдер – әзәзілдің арбауына түскендер», - дейтін», - деп еске алады Николай Жұмағалиев емделіп жатқан ауруханада жұмыс істеген әйел.

Атышулы адамжегіш Николай Жұмағалиев 23 жылдан бері Республикалық жiтi бақыланатын мамандандырылған үлгiдегi психиатриялық ауруханада емделіп жатыр. Каннибалдың өзімен және дәрігерлерімен сұхбаттасу үшін Qamshy.kz ақпарат агенттігі аталмыш мекемеге ресми хат жазды. Аурухана басшылығы науқасты емдеу мәліметтері дәрігерлік құпия екенін алға тартып, Н. Жұмағалиевтің сұхбаттасудан өз еркімен бас тартып отырғанын жеткізді. Адамжегіш бұдан бұрын да өзі туралы мәліметтердің жариялануына қарсылық білдіріп, ешқандай БАҚ-пен байланысқысы келмейтінін айтып хат жазған. Демек, қылмыскер өз есімін ел жадынан өшіргісі келеді.

Алайда Н. Жұмағалиевті халық әлі ұмытқан жоқ.

КСРО кезіндегі атақты қанішердің бірі, «Темір азу» деген лақап атпен танымал болған Николай Жұмағалиев 1952 жылы Алматы облысы Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. Әкесі – қазақ, шешесі – белорус. Николай – отбасында үш қыздан кейінгі (Галя, Зоя, Катя) жалғыз ұл. Өзін Шыңғысханның ұрпағымын деп есептеген ол «барлық қайғы-қасірет әйелден» деп санаған.  

Оның сериялық қылмыстары 1977 жылы өрт сөндіруші  болып жұмыс істеп жүрген кезінен басталады.

 

Адамжегіштің айтқандары

Жұмағалиевтің қылмыстық оқиғалары қазақстандық тергеушілер мен милиция қызметкерлерін ғана емес, бүкіл КСРО-ның құқық қорғау органдарын аяғынан тік тұрғызды.

«Ұзынағаш-Майбұлақ тас жолына шыққанымда жас әйелді байқадым. Көшеде жалғыз өзі аяңдап кетіп барады екен. Аяқ астынан менің ішімде біртүрлі сезім пайда болды да, оның артынан жүгірдім.», - деп еске алады ол өзінің алғашқы шабуылын. - «Ол менің еріп келе жатқанымды байқап, бұрыла бергенде, мойнынан шап беріп ұстап алдым. Қоқыс үйілген жерге сүйреп апардым. Ол қарсыласа бастады. Сол кезде оны бауыздап жібердім. Содан кейін  қанын іштім».

Арада біраз уақыт өткен соң Н. Жұмағалиев марқұмның мәйітін бөлшектей бастаған.

«Мәйіттің көкірегін, жамбасын, санын бөлек кестім. Кейбір мүшелерін қол сөмкеме салып, үйге алып келдім. Майдың жартысын еріттім де, қалғанынан сало жасадым. Етті тартқыштан өткізіп, тұшпара әзірлеп жедім. Ол етті менен басқа ешкім жеген жоқ. Жүрегі пен бүйрегін тағы екі рет қуырып, азық еттім. Ет қатты болған соң өз майында ұзақ қуыру керек болды.  Шынымды айтсам, алғашында адам етін өз-өзімді қинап жедім, одан кейін үйреніп кеттім», - дейді ол.

Жұмағалиев суреттеген әйел мәйітінің дене бөліктері 1979 жылы 25 қаңтарда Фабричный (қазіргі Қарғалы) ауылының қоқысынан табылды.

Осы қылмыстан соң Жұмағалиевтің құмарлығы өршелене түскен. Ол Фабричный ауылында шіркеуден қайтып келе жатқан кемпірді, ұйықтап жатқан анасы мен қызын, көшеде кетіп бара жатқан анасы мен қызын, Валентина есімді жас қызды өлтіреді. Бір айта кетерлігі, Жұмағалиев құрбандарының көбін тұншықтырып, бауыздап ажал құштырған.

Кейінен тергеу кезінде полицияға берген жауабында бауыздап өлтіру себебін былай түсіндіреді:

«Қара тұман» атты кітаптан «адамды бауыздағанда оның жанарынан көз алмай қарап тұру керек» дегенді оқыдым. «Сол кезде оның жаны тәнінен ажырап, ұшып бара жатқанын байқауға болады» делінген. Сондықтан әйелдерді бауыздау арқылы осы көріністі бақылағым келді. Бірақ қанша қарасам да, көре алмадым, - дейді Жұмағалиев.

Жантүршігерлік қылмыстар жалғаса берген, ал қылмыскер ұсталмаған.

«Қатігездікпен өлтірілген әйел мәйіттері күннен-күнге көбейе берді. Адамжегіш, тіпті, өлі мен тірінің арасында жатқан әйелдерді зорлауға дейін барған», - дейді 1979 жылы Алматы облысының ІІБ бөлімін Айнақұл Нарманбетов.

0fpf0

Таңқаларлығы сол, Жұмағалиев өзінің қанды қылмыстары үшін емес, абайсызда өзінің әріптесіне оқ атып жібергені үшін ұсталып, түрмеге қамалады. Төрт жылға сотталған Николай жақсы тәртібі мен керемет мінездемесінің арқасында бостандыққа шығады.

Жұмағалиевтің ең ауыр және соңғы қылмысы Ұзынағашта болады. Осыдан кейін оның жантүршігерлік әрекеттері әшкереленіп, милицияның тұзағына тұтылады.

Түні бойы үйінде таныстарымен сауық-сайран құрған Николай таңға жуық сондағы қыздардың бірімен жыныстық қатынасқа түскен. Содан кейін ол «Қара тұман» кітабынан оқып алған ойындағы «тәжірибесін» жасап көрмекші болады. Тағы бір рет «жанның тәннен ажырауын» көргісі келеді. Кітаптағы: «Адам қанын ішсең, жазылған болжамдар орындалады, ал адам еті – ең дәмді ет», - деген сөздерді оқыған Жұмағалиев қызды бауыздап, оның қанын ішеді.

Сосын құрбанының денесін мүшелеуге кіріседі: басын шауып, қолын кесіп алады. Дәл осы уақытта Жұмағалиевтің үйдегі таныстары оның не істеп отырғанын байқап қалған. Бұл сұмдықты көрген қатты шошынып, үйді-үйлеріне қашып кетеді. Көп ұзамай милиция келеді. Бір таңғаларлығы, оқиға орнына жедел жеткен полиция төсек үстінде жалаңаш, үсті-басы қанға малынған күйде асықпай, құрбанының денесін бөлшектеп отырған Жұмағалиевтің үстінен түседі. Таныстарының көріп қойғаны оны қатты алаңдатпаса керек, орынан қозғалмастан ісін жалғастыра берген. Тек қызыл жағалыларды байқағанда ғана қылмыскердің түйсігіне бірдеңе жетсе керек, қолындағы балтасымен тауға қарай тыр жалаңаш күйде қаша жөнелген. Полиция Николайдың үйін тінтіп жүріп, адам етін тұздап сақтаған бөшкесін тауып алады.

Тергеу кезінде берген түсініктемесінде Жұмағалиев әйелдерді екі себеппен өлтіргенін айтқан.

«Біріншіден,  жыныстық құмарлығымды қанағаттандырғым келді, екіншіден, әйел затының тәні мені қатты қызықтырды, сондықтан оны толық танып білгім келді. Сол үшін де олардың етін жеп, қанын іштім. Әйелдер табиғат заңына қарсы келеді. Ер адам қашан да әйелден жоғары тұрады, алайда өмірде бәрі керісінше болып бара жатыр. Осылайша әйелдерден кек алмақшы болдым. Төңіректегі әйелдердің  бойына қорқыныш ұялатқым келді», - дейді Н.Жұмағалиев.  

дело

Жұмағалиев – бізше «маньяк», психиатрия ғылымы үшін «психопат» 

Психиатрия ғылымы адамның мұндай мінез-құлық танытып, жантүршігерлік іс-әрекетке баруын жеке тұлғаның бұзылуына – «психопатияға» жатқызады.

С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ профессоры,   Марат Асимовтың айтуынша, психопаттарда жеке тұлғаның бұзылуы «аса құнды идеялар» түрінде көрініс табады. Осы идеялар – психопаттар мен психопатияның негізгі белгілілері. Маньяктың, қанішердің адам болмысына сай келмейтін мінез-құлық танытуы: каннибализм, әйелдерді өлтіру, денелерін бөлшектеу сынды әрекеттерді, психиатрия ғылымы адам ойында «аса құнды идеялардың» қалыптасуымен түсіндіреді. Жұмағалиевтің «құнды идеясы» – «барлық қайғы-қасірет әйелден».

Қазір атақты адамжегіш 66 жасқа келіп қалды.

ЖұмаБір қызығы, адам шошырлық қылмыстарына қарамастан, 1991 жылы оны ауруханадан шығарған. Бірақ 1995 жылы қайта бақылауға алған. Содан бері Жұмағалиев арнайы ауруханада емделіп жатыр. Деректерге сүйенсек, Жұмағалиевтің тәртібі жақсы, мекемеде  сағат жөндеумен айналысады.

Жұмағалиев 10 адамды өлтірді деп айыпталды. 23 жылын ауруханада өткізген ол қамаудағы өмірден шаршаған болуы керек: өзін өлім жазасына кесуді сұраған.

Мұндай адамдар емделе ме?

Кейбір мамандар оны «шизофрения» дертіне шалдыққан деп есептейді.

Психотерапевт Марат Асимовтың айтуынша, психопатты емдеу өте қиын, тіпті, мүмкін емес деуге де болады, одан гөрі шизофрениямен ауыратындарды емдеу оңайырақ.

«Психопаттарға арналған дәрі-дәрмек шын мәнінде емдемейді, тек ауруды уақытша тыныштандырып, оның ойындағы «құнды идеяларды» аластайды. Мұндай адамдарды заң бойынша арнайы  мекемелерде оқшаулау керек», - дейді маман.

Оның айтуынша, бұл дерт психотерапия немесе психокоррекцияға бағынбайды.

- Ойында «құнды идеясы» бар психопат бірден қалпынан шығып, қатігездік танытады. Психопаттар өздеріне де, жанындағы адамдарға да қауіп төндіреді. Тағы бір маңызды нәрсе – бұл психологиялық жетіспеушілікті емдеу өте қиын, көп жағдайда емнің пайдасы болмай жатады. Совет заманында біз мұндай науқастарды қанша уақытқа болса да психиатриялық аруханада ұстай алатынбыз. Қазір психиатриалық көмек заңына сәйкес, егер ол адам өзіне және қоғамға қауіп төндірсе ғана, тек прокуратура рұқсатымен, белгілі бір мерзімге ауруханаға жатқызуға болады.

Адамның қылмыскер болып қалыптасуына бала кездегі тәрбиесі, жақындарымен қарым-қатынасы әсер етеді деген пікір қалыптасқан. «Ал Жұмағалиевтің «маньяк» атануына не түрткі болды?» деген сұрақ туындайды.

- Біз адамның маньяк немесе психопат болуына оның қоршаған ортасы немесе тәрбиесі әсер етті деп кесіп айта алмаймыз. «Аса құнды идеялардың» пайда болуын медициналық тұрғыдан жүйке жүйелеріндегі зат алмасу процесінің бұзылуынан десек; психологиялық тұрғыдан тәрбие мен мінез-құлықтың ерекешеліктерінен, ал әлеуметтік тұрғыдан қоршаған ортамен байланыстың ерекшелігінен туындайды деуге әбден болады. Адам тумысынан қылмысқа бейім болады, яғни «қанішер» болып туады айту да қиын, - дейді психотерапевт.

Оның пікірінше, мұндай адамдар өте қауіпті және олар міндетті түрде, арнайы мекемелерде оқшауланып, қоғамнан аластатылуы тиіс. Сондықтан Жұмағалиевтің осы жолы бостандыққа шығуы екіталай.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір