• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 15:16:21
Алматы
+35°

26 Ақпан, 2017 Ұлы көш

Ерман Ыбырайымов: Көкжалдан біз... Бұғалыққа көнбедік

 Ерманхан Ыбырайым – 1964 жылы 23 қарашада Шыңжағдағы Баркөл ауданының Үш қуарша ауылында дүниеге келген. 1983 жылы Сарышоқы 2 орта мектебін...

 Ерманхан Ыбырайым – 1964 жылы 23 қарашада Шыңжағдағы Баркөл ауданының Үш қуарша ауылында дүниеге келген. 1983 жылы Сарышоқы 2 орта мектебін үздік бітіріп, ЖОО-на аттанады. 1988 жылы Шыңжаң университеті Химия факультетінен химия мамандығын үздік аяқтайды.

Оқуды бітірген соң Шыңжаң Биңтуан ұлттық педагогика мектебінде оқытушы, Одақ комитетінің секретары, кафедра бастығы, Кітапхана жетекшісі, Химия бөлімі жетекшісі сияқты қызметтер атқарады. 1995-1996 жылдары Бежіңде орталық Ұлттар университетінде білім толықтырған.

2006 жылы  Ерман Ыбырайымов өзі қатарлы азаматтармен тізе қосып «Үрімжі «Арлан» експорт-импорт ЖШС» құрады. Әрі, директордың орынбасары қызметін атқарады. 2008 жылы 20 жылға жуық атқарған ағартушылық қызметтен кетіп, Біржола Атажұртқа қоныс аударған. Сондай-ақ, компанияның Қазақстандағы ресми өкілі болады. Қазір Қазақстанда «Алматы қала безендіру АҚ» орынбасар директоры болып қызмет атқарады.

 Ерманхан Ыбырайымның ағартушылық қызметі өз алдына, ол өз ортасына іскерлігімен ғана емес ақындығымен де танылған. Оның 1996 жылы «Құмыл алқабы» журналында «Қоңыр ел» атты өлеңімен бірқатар шығармалары «Ерман Ыбырайымов» бүркеншік есімімен жарияланады. Сондай-ақ, Шыңжаң қазақтары арасындағы үлкен әдеби мәдени басылымдар «Шұғыла», «Іле жастары», «Тарбағатай» қатарлы журналдарда жүзден астам өлеңі жарық көрген. «Құмыл алқабындағы» «Алаңдау» атты әңгімесі мемлекеттік бірінші дәрежелі сыйлық иеленген. «Атажұрт», «Қоңыр қасқа», «Қасеннің қамалы» атты әңгімелері көптің сүйіп оқыған шығармаларына айналған. Сонымен қатар «Ғылым-техника газеті», «Көкжиек» қатарлы журналдарда аудармалары басылым көрген. «Дәрігерлік білім» журналында «ЫС тию», «Сынаптың қолданылуы» еңбектері шықты. «Жоғары оқу орындары» ғылыми журналында болса «Ауадағы күкірт қос тотығы», «Жер шарындағы су», «XXI ғасырдағы энергия» қатарлы оннан астам ғылыми еңбектері басылып шықты.

Ерман Ыбырайымов атымен әдебиет әлеміне танылған ақын қазір жыр жинағын баспаға дайындап отыр. Атажұртқа табан тірегелі Ерменқан Ыбырайымұлы ылғи елдік, ұлттық маңызы бар әдеби-мәдени шараларға, қазақ тілді БАҚ құралдарына демеушілік жасап келеді.

«Қамшы» порталы ақын-іскер  Ерман Ыбырайымовтың бірқатар жүрекжарды өлеңдерін оқырман назарына ұсынады.

Көш

 

Жер аударып кетпейтінбіз тым алыс,

Төрт маусымда көшіп - қонған қуаныш.

Барды киіп, таянып ап бақанды,

Көше жүріп сән - салтанат құрамыз.


Жаңа қоныс жетеміз деп бау - баққа,

Мақсатты жер қарайтынбыз тау жаққа.

Сусын алып шығатын-ды еріу ел,

Көшкен елден "түйе мұрындық" алмаққа.


Жақсылыққа көштің талай жайраңдап,

Айқасқанда жол мен қоныс сайрандап.

Үркіп көштік қайғы жұтып, қан кешіп,

Кездерінде басымыздан тайған бақ.


Мұрша болмай дамылдауға, қонуға,

Ауыздықпен ат су ішкен шағында.

Босандырдық әйелдерді толғатқан,

Аттың жалы, нар, түйенің қомында.


Көкжалдан біз,

Бұғалыққа көнбедік,

Елге аңсап егемендік, шөлдедік.

Туған жердің ала жүріп топырағын,

Өлімізге шым - шым қосып жерледік.


Артымыз жау, алдымызда беймалім,

Біле алмадық бақ па, сор ма, кім барын.

Оты өшті шаңырақтың қаншама,

Аңсап көшіп тыныштықты, ел қамын.


Көштік солай,

Көшке ежелден сенеміз,

Көшке бейім жаралған - ау денеміз.

Не аламыз жас отаннан,- деп келмей,

Не береміз ,- деп көшіп те келеміз.

Талай көшті тірі болсақ көреміз.

 

2016.07


Атамекен

 

Айналдым қасиетіңнен Атамекен,

Баспаған бір сайың жоқ маған бөтен.

Келгенде мен өзіңе кетеді екем,

Тау болып көк аспанды тіреп төбем.


Мініп ап қойторыға қырға бардым,

Бәрі ыстық жота-жоның,жылға-ағын...

Жайнаған жастығымның жанарындай,

Қайнайды қара мөлдір тұнбаларың.


Өз елім,менің жерім,менің тауым,

Қоршансыз,шетсіз-шексіз бақша-бауым.

Келеді құшағыңа сіңіп кеткім,

Жауатын көктемдегі болып жауын.


Елітіп сағынышпен салған әнім,

Көтеріп қарағандай қыр қабағын,

Жүретін түйелі көш жолдарыңды,

Түсе қап алақанмен сипаладым.


Аршалы ақ бөрікті қызыл биік,

Қыналы тастарыңды алдым сүйіп.

Мөлт еткен жанарымнан жасты сүрткен,

Шытыма топырағыңды алдым түйіп.

“Қош” дедім,тізе бүгіп,басымды иіп.

                                                                                    2014.07


Бақыт деген

 

Еске алсам өкінетін көпке мен,

Күрсіндіріп көңілімнен кетпеген,

Бақытсызбын, - дер едім мен егерде,

Бақыт деген - арман болса жетпеген.


Бақыттымын.

Бақытсыз боп аламын.

Бақытымды сезіне алмай қаламын.

Өтіп кеткен күндерімнен әр дайым,

Бір елеусіз бақыт іздеп табамын.


Сол - бақытты мен өзімше түсінем.

Әр белгісін көрем әр бір кісіден.

Сезіне алмай бақыт іздеп жүремін,

Басымдағы бақытымның күшімен.


Бақытты боп жүріп мүмкін тоналдым.

Бақыт па? - деп, сорға қарай жол алдым.

Мойыныма асылған да шығар - ау,

Балкім, оны сезінбеген болармын.


Мүмкін, болды табанымның астында,

Елемедім,

Кете бердім бастымда.

Есігімді келіп қаққан шағында,

Кім біледі,

Ашпадым ба, аштым ба?


Бас айналар байлық берсе сорлатып,

Біреулерге өмірдегі зор бақыт.

Әр кімдерге бақыт деген әр қалай,

Нені бақыт сезіне алсаң сол бақыт.


Бақыт, - десе, шетте шалқып жүргенін,

Байлық үшін барын салып кімде - кім.

Ең бақытты, - дер едім мен, бақытын,

Тәрік етіп отанына келгенін.


Келер күннен бір бақытты іздейміз,

Іздейміз кеп,

Бір күдерді үзбейміз.

Сол тұстары бір бақыттың шынында,

Басымызда тұрғандығын сезбейміз.


Бақыт үлкен болған емес шынында,

Бақыт аз, - деп бырақта сен суынба.

Қанша бақыт кеткендігін сезесің,

Өткеннен соң өтіп кеткен жылыңда.


Ролымен өмір деген кеменің,

Жанұяммен жағаласып келемін.

неге екен?

неге екен, ой, тауба?

Бақыттымын,

Бақыттымын демедім.

2013.01


    Қамшы

 

Қазағымның өзен,көлін,тауларын...

Білесің бе қалай қорғап қалғанын?

Бес ғасырдың алдындағы бабалар,

Қамшымен-ақ жамсатыпты жауларын.


“Алты таспа шылғи қайыс бұзау тіс,

Кім болсаң да былжырамай аттан түс”.

Депті бабам қамшы білеп қасына,

Айбатына айбар қосып,күшке күш.


Қалды талай бабалардан мол мұра,

Бірегейі қамшы менен домбыра.

Қамшы ұстаған атты қазақ келгенде,

Жау тайыпты мылтық алған қолына.


Қай-қашан да қамшы жерде болмайды,

Ынжық болсаң,жасық болсаң қорлайды.

Тәбиғаты,болмысы сол қамшының,

Не төбеңде,не қолыңда ойнайды.


Қолға алсам күш-қайратым тасыған,

Мылтық емес,мен,қамшыға бас ұрам.

Сайтан қорыққан сарыала жез қамшылар,

Кетпес болсын керегеңнің басынан.

                                                                                           2012.10


Момын елдің жігіттері

 

Қойдан қоңыр

Момын елім-жұртым-ай!

Адалдығың ірімшігің,құртыңдай.

Аузыңды ашсаң көрінеді көмейің,

Ішің аян аңқылдаған сыртыңдай.


Бір сөзі жоқ көңілімді байытқан,

Банкеті жоқ мажырасыз қайытқан.

Ұлдарыңның тосытынан шаршадым,

Тамтығы жоқ қатын өсек айытқан.


Ер еліне көңіл қояр,басқаға,

Арман боп па баспанадан,баспана?

Темір мініп,ішкеніне мәз болған,

Еркекке тән мақтаныш  па?

Масқара!


Қой мінезге қоңыраулы серке біз,

Заман мәнін терең білмей-келтеміз.

Бір рухани азық керек халқыма,

Мал-мүлікпен көтерілмес еңсеміз.


Асылдардың сынықтары біз едік,

Қара басты ғана неге түзедік?

Тұлпарлардан қалған бір-бір тұяқтар,

Шаппай жатып тасырқадық,жүдедік.


Қойдан қоңыр

Момын елім-жұртым-ай!

Қойған жоқсың балпанақтай ұл тумай,

Ерекке жат сөздер менен қылыққа,

Ашиды да тұрады ішім бір удай.


Қойдан қоңыр

Момын елім-жұртым-ай!

                                                    2014.08


Мұхаммедтің түйесі

 

Қайнаған қайшылықтың қазанына,

Шыдаған сан жорықтың азабына.

Болыпты Мұхаммедтің бір түйесі,

Гүл біткен басқан әр бір қадамына.


Дәм - тұздың аяқталып бұйырғаны,

Жатқанда шықпақ болып шыбын жаны,

Түйесіне Мұхаммед пайғанпардың,

Татыра алмай қойыпты түйір дәнді.


Қарамай қара түннің жапқанына,

Қарамай күннің шығып, батқанына,

Мөлт - мөлт етіп жануар жаутаңдапты,

Пайғанпар төсек тартып жатқанында.


Мойынын от пен суға бұра алмапты.

Жамағат ауыру - сауын ұға алмапты.

Көз жұмғанда иесі құлап түсіп,

Сол жатқаннан мәңгілік тұра алмапты.


Үмбетіне...

Әуелі, түйесіне,

Қандай шексіз мейірі,

Білесің бе?

Көргендеймін теңдессіз махаббатын,

Түйе екеш түйенің иесіне.


Түгемесе ғұмырың,

Болмас тамам,

Тереңіне бойлауға жетсе шамаң.

Махаббаттың теңдессіз күш - қуатын,

"Махаббаттың көзі жоқ " деген бабам.


Жақсы көріп сүйгенге,

Қимағанға,

Махаббатым маздамай тұра алама.

Қалды өмірді қолына салар едім,

Махаббаттың тереңін силағанға!

 

2016.10

 


Төр жайлаудың маралы

 

Төр жайлаудың секілді ақ Маралы,

Көрген жан дидарыңды мастанады.

Қарағым қайсы ауылдың баласы едің,

Жан-жүрегім жып-жылы боп барады.


Қызындай текті ауылдың,бұрыңғының,

Бойды алған тәтті әндей гүлім үнің.

Бір құлаш жарып  өрген тинақтайын,

Айналдым шолпысынан бұрымыңның.


Қос етек ақ жібектен көйлегіңнен,

Қынаған қынай белді белдігіңмен,

Жарқырап маржан тісің күндей күлген,

Қиғаш қас,оймақ ерін,қыр мұрын бең.


Қақтаған ақ күмістен ай сырғаңнан,

Үзіліп түсердейін жарқылдаған,

Алмаздап,гауһалаған,алтындаған,

Сезілді сырғалардан артық маған.


Ақ құба,ай дидарлы,сұңғақ бойың,

Санамды санға бөліп тынбады ойым.

Жайлаудың бала киік-ақ маралы,

Түнде түс,күндіз естен шықпай қойдың.

                                                                                   1987.06

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір