• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 19:55:53
Алматы
+35°

08 Тамыз, 2018 Әлеумет

Ерлер моншасындағы әдеп нормалары

Әрине, бәрі жалаңаш. Жиырмаға енді келген тазалықшы қыз аш бүйірін таянып қақ ортада тұр.

Қазір моншаның неше түрі бар. Фин моншасы, орыс моншасы, шығыс хаммамы, құрғақ бу, сулы бу. Кейбір жерлерде «сақ моншасына» түсу сәнге айналып үлгеріпті. 
Адамзатпен бірге келе жатқан моншаның да тарихы терең. Ежелгі грек-римді қозғамай ақ беріден қайтайық. 
1475 жылы ашылған Ыстамбулдағы Гедык Паша хаммамы әлі жұмыс істеп тұр. 1869 жылы қызметін бастаған Германияның Фридрихсбат моншасында қалыптасқан өзіндік ритуал бар. Кірген адамды 17 түрлі әдіспен шомылдырып, әбден сілесі қатқан байғұсты ұйықтатып, анасынан жаңа туғандай қылып шығарып салады екен. Берлин жастарының сүйікті саунасы «Ликвидром». 2005 жылы ашылған бұл модерн-моншада заманауи музыканың жеті атасын тыңдап, билеп жүріп жуынатын мүмкіндік мол көрінеді. Шанхайдағы «Сяо Нан Го Тан Хе Юань» моншасы 12 мың шаршы метр екенін, бір мезгілде 1200 адам қабылдайтынын гугль көкем айтты. Дұрыс қой, осылай лаждамаса шұбырған халқы шіріп кетер. Сеулдің «Dragon Hill Spa» моншасына кәрістер кемінде 12 сағаттық билет алады екен. Жастық пен үлбіреген бет-бейнеге әбден үйренген пенделер терілері бес түлеп түскенше буға қақталып, бет-ауызын сылап-сипап жатады екен. 
Жер астынан атқылап жатқан 118 табиғи ыстық су көзіне жағалай термалды моншалар салып тастаған Будапешт қаласы «жуыну астанасы» атағына ие. Туристерді көптеп тарту үшін тоқсан түрлі айла-шарғы ойлап табатын жапон, голланд, грузин моншалары да назар аударуға тұрарлық. Мәскеудегі «Ржев моншасы», «Сандунов моншасы» дегендерге сол қалада біраз уақыт тұрақтаған кісілер түскен болар. Финляндияның 5,5 млн халқында 3,2 млн сауна-монша бар екен. Жыл сайын бу ішінде көп отырудан бейресми ел чемпионаты өтеді. Қайсы бір жылдары чемпион болған адамы жүлдесін алған бойда зорығып өлді. 
Алматының атақты «Арасан» кешеніне арнайы барып көрдік. Бес минут сайын «массаж жасаймын, сыпыртқымен сабаймын» деп мазаны алғандар жеті әкесін түгендетіп алып жөндеріне кетті. Тәп-тәуір монша, тазалығы да жақсы. Бес-он мың теңгеңіз болса, екі-үш сағаттан соң қызара бөртіп шығып тұрасыз.
Газет шолып отырып «Халал монша» деген жазуға көзім түсті. «Ассаляму алейкум уа рахматуллахи уа баракатух, құрметті бауырлар! Сіздерді «........» мұсылман ерлерге арналған монша кешеніне шақырамыз! Монша кешені Шариат нұсқаулары бойынша жұмыс істейді. Қызметкерлер ер адамдар» депті. СТОП!!! Монша, базар мен дәретхана шариғат бойынша Ібіліс лағнетке еншіге берілген. Моншаға кіріп-шыққанда айтылатын дұғалар бар. Онда тыр жалаңаш жүру, ретсіз сөйлеуге тыйым салынған. Аптасына бір рет ғұсыл құйыну парыз. Бұларды жұрттың бәрі біледі. Мені елең еткізгені - ерлер моншасында қызметкерлер ер адамдар екендігі. Иә, мұсылман моншасында баяғыдан солай ғой. Тоқсаныншы жылдары елімізден алғашқы студенттер Түркияға барды. Солардың бірі отбасы жағдайымен елге қайтып келіп бізбен оқыды. «Монша бөлмелеріне, душқа жалаңаш екі-үшеуден кіріп кетеміз. Түріктер ала көзбен қарайды. Біз түсінбейміз. «Барлығың да көгілдірсіңдер ме?» деп аң-таң қалады. Кейін түсіндік қой, біздің барғанымыз мұсылман моншасы екен. Бажайлап қарасақ, ешқайсысы жалаңаш емес. Солай білместің уын да ішкенбіз» деп басын шайқайтын. 
Басқа мыңдаған моншаны қайтеміз? Бала күнімізде моншада ылғи орыс кемпірлер болатын. Кішкене ұялсақ та үлкен әжелерге онша мән бермедік. Қазір қалалық жердің бәрінде ерлер моншасында жап-жас қазақ келіншектер, тіпті қыздар толып кетті. Кассада ғана отырмайды, ондаған жалаңаш еркектермен жағаласып жүріп монша тазалайды, массаж жасайды. Жұрт мақтаған қоғамдық моншаның біріне барып едім. Жуынатын үлкен залда отыз-қырық жігіт жуынып жүр. Әрине, бәрі жалаңаш. Жиырмаға енді келген тазалықшы қыз аш бүйірін таянып қақ ортада тұр. Түк қымсынатын емес. Айналасына ішіп-жеп қарап мәз болып тұр. Ұқсас картина есіме түсті. Атамның ауылында қатты малқұмар көрші әже болды. Түйе, қой-ешкілерінің жем-шөп жеп тұрғанына сағаттап рахаттанып қарап тұратын. Мына қыздың жүзінде де дәл сондай рай бар. Бұрынғының кісілері «Аш бәледен қаш бәле» дейтін еді, сол моншаның жолын ұмыттым.
Қазір монша көбейіп кетті. Көше сайын екі-үшеуі бар. Бәріне орыс әжелер жетпей жатқан болар. Бірақ, аштан өлетін заман емес, әйел затына қолайлы, жалаңаш еркектер жоқ басқа да жұмыстар табылатын шығар. «Отбасылық күн» деп әке-шешесі, ұл-қыздары мидай араласып шомыла беретін европалықтардан біздің тәрбиеміз бөлек. Менталитет мыңдаған жылдар бойы қалыптасатын рухани әлем. Бірден өзгеруі қиын. Мен өзгергім келмейді.

Айшуақ Дәрменұлы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір