• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 03:55:58
Алматы
+35°

13 Қыркүйек, 2018

Еркектер әні

– Бұл әннің пәлендей тарихы жоқ, – деп қарапайымдылық танытты Ғазизхан.

Әншілердің той жағалап жүретін әдеті. Бір сыйлас бауырым той жасап, сол жиында ашаңдау келген, көзінен қара көзілдірігін тастамайтын Ғазизхан Шекербеков деген әнші жігіт ортаға шығып «Еркекпін мен» деп ән салды. Бидің қызығына түсіп алған тойшыл қауым әдепкіде мини-дискіден естіліп жатқан ән екен деп әлгі жігітке оншалықты мән бере қоймаған. Сосын өнер адамдарынан біршама хабарым бар болғандықтан, жанымда отырғандардың кейбіріне «бұл еркектерді әнге қосып жүрген әнші-сазгер Ғазизхан бауырларыңыз ғой» дегеннен кейін ғана жұрт жапырлай суретке түсуге тұра ұмтылды (әзірге біздегі той, сахна мәдениеті осылай суретке түсуден әріге аса алмай тұрғанын несін жасырайық). Селфилетуден сәл қолы босай берген тұста әншімен ән тарихы жайлы тілдесудің сәті түсті, бүгінгі әңгіме сол туралы болсын.
Егер әлемдегі қыз-келіншектерге арналған барлық музыкалық шығармаларды бір таспаға тізіп, тапжылмай отырып тыңдар болсақ, жүздеген, тіпті мыңдаған жылдар керек болар еді. Ал ер азаматтарымызға арналған әндер санаулы ғана, көбі патриоттық туындылардан әріге бара алмайды. Тіпті, ақындарымыздың өзі ер азаматтардан гөрі әйелдерге тамсанудан жалыққан емес.
Мұқағали:
Әйелдерді еркектерден көп дейді.
Ойбай, Ойбай!..
Бола берсін көп, мейлі!
Әйел деген әдемі ғой, әдемі,
Әдемілік бізге көптік етпейді, – десе, Тұманбай ақын:
Әйел, әйел – арман әні, жол әні, 
Дүниенің кешкі қоңыр самалы, 
Әйел сені құл қып алмай алдымен, 
Құдай құлып көтермейді жоғары, – деп мойындайды. 
Ал Жүрсін Ерман:
Әйелсіз қонды бақ қашан, 
Әйел деп түстік отқа сан. 
Әлемнің тілін таппайсың 
Әйелдің тілін таппасаң! – деп тебіренеді.
Бір тұста Мұқағали ақын:
Тағдыр мынау бір сүріну, бір құлау,
Өзі ақ салар мойыныңа қыл бырау.
Шала берме аяғынан еркектің, 
Еркек деген құдірет қой, құрбым-ау, – деп жыр арнасын басқа жаққа бұруға ұмтылады. Әйел затынан ақын Асылзат Арыстанбектің:
Еркексіз қараң күніміз, 
Еркекпен ғана іріміз. 
Бөрікпен қағып алмаса, 
Басылмас еді жынымыз, – деп еркек бағасын көтеруге ұмтылғаны аңғарылады. Бір жылдары «Дос-Мұқасан» тобының да «Жігіттер жыры» деп ән салғаны есте.
Міне, ер-азаматтар осылайша мақтау-мадақтан «тапшылық» көріп жүргенде мына әннің жарқ ете қалғаны рас. Ән авторы, жоғарыда айтқанымыздай, Қайрат Нұртас сияқты танымал әнші болуды армандап, тек сазгер емес, әнші ретінде танылуды көздеп жүрген жас өнерпаз Ғазизхан Шекербеков. Ғазизханды біз бұдан бұрынырақ Қайрат Нұртастың репертуарындағы «Мен оралам», өзі орындап жүрген «Көріктім», «Жетісіп жүрген ешкім жоқ» деген әндерімен танитын болуымыз мүмкін. Бірқатар әндері Мақпал Жүнісованың, Қайрат Нұртастың, Мейрамбек Беспаевтың, Төреғали Төреәлінің қанжығасында жүр. Қайратпен, «Арман» дуэтімен қосыла ән шырқауы оның әнші ретіндегі танымалдығын арттыра түскен сияқты. Музыкадан хабары бар адамдар Ғазизханның әндерінен үндінің нақыштарын байқамауы мүмкін емес. Бұған оның бала кезінен үнді фильмдеріне құмарлығы себеп болса керек.
Ғазизхан Бәйдібектің Шаянынан. Әкесі терме термелетіп, цирк өнеріне құмартқан адам. Шәкірттерімен Мәскеуге дейін барып, жүлдемен оралған кездері де болған. Әке жанында жүрген соң Ғазизханның да бұл өнерден бейхабар еместігі кәдік. Дегенмен, бала кезінен ән өнеріне деген қызығушылығы басым түсіп, циркті мүлдем тастап, Шымкент саз колледжіне жол тартады. Қазіргі көп өнерлі жастар сияқты асабалықпен жүріп сабағына мән бере амаған соң, 4-курста оқуды мүлдем тастап кетеді.
Қалай десек те, Ғазизханның танымалдығы «Еркекпін мен» әнінен кейін бұрқ ете қалғаны анық. Өйткені мұнда ердің еркектігі, күш-қуаты, намысшылдығы сазбен әдемі өрнектеледі. Сөзін белгілі ақтөбелік айтыскер ақын Ершат Қайболдин жазады.

Еркекпін мен, тек бір сөйлеп жұлқынатын, 
Еркекпін мен, бір ғасырда бір туатын. 
Еркекпін мен, жауға сырын айтпайтұғын,
Айтқанынан қайтпайтұғын еркекпін.

Тастан соққан біздің үй - зəулім алтын хан сарай, 
Хан сарайда біреу бар, ол ханшадай. 
Əкем жүрген еркекше, менде жүрем дəл солай, 
Еркек туар еркектен, заң солай!

Еркекпін мен, қазағыма қорған болған, 
Еркекпін мен, сұлуларға арман болған. 
Еркекпін мен, аруларды биік етер, 
Тек бір қызды сүйіп өтер еркекпін.

Еркекпін мен, қайғы, мұңға берілмейтін, 
Еркекпін мен, артқа қарай шегінбейтін. 
Еркекпін мен, елім дейтін, жерім дейтін, 
Ешқашанда жеңілмейтін еркекпін.

Ершаттың бұдан бұрынырақ та тәп-тәуір өлеңдерімен біз таныс едік.

Мен қыз іздеймін... 
Үзіліп-ақ тұратын сызылып-ақ, 
Иманды болу керек жүзі бірақ. 
Бойынан ойы биік қыз іздеймін, 
Тілі қысқа, етегі ұзынырақ...

Мен қыз іздеймін... 
Көп көзіне түсуге ұялатын, 
Мені ғана жүрекпен сүйе алатын. 
Әке-шешем мақтанып қонағына, 
«Мынау менің келінім» дей алатын, – деп келуші еді.

– Бұл әннің пәлендей тарихы жоқ, – деп қарапайымдылық танытты Ғазизхан. – Достарым «ер-азамат туралы ән жоқ қой, сен жазсаң қайтеді» деген соң, гитара қағысынан туған ән еді. «Хит» болады екен деген ойымда жоқ. Бәлкім, Ершаттың өлеңі әсер еткен болуы мүмкін. Қалай болғанда да әнқұмар ортада осы әнді жиі қолқалайтыны рас.
Ғазизхан сөзге сараңдау екен. Әңгімеге тартпақ боп үстін-үстін қойған сұрағымызды жақтыра қоймаған кейіп танытқан соң, әрі қарай әңгімені созбақтай беруді жөн санамадық. Ең бастысы, еркек туралы жақсы ән дүниеге келді. Одан асқан қандай тарих болмақ! 

Бекжігіт Сердәлі

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір