• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 04:17:43
Алматы
+35°

28 Қараша, 2018 Әлеумет

Ердің құны 6000 теңге болған заман-ай!

Данияр мен Жандосты тағдыр жұмыста табыстырды, жұмыста бір-бірінен мәңгілікке ажыратты

Осы жылдың жаз айында болған үш азаматтың өлімі елді есеңгіреткен қайғылы оқиға болды. Алматы облысы, Шелек ауылының аурухана ауласындағы кəріз құдығын тазалау кезінде апталдай азаматтар ажал құшты. Оған себеп қарапайым қауіпсіздіктің сақталмауы. Аурухана қызметкерлерінің салғырттығы, немқұрайлылығы. Егер 6 мың теңгені қиып, толып қалған құбырды арнайы көлікпен сорғызғанда мұндай жағдай болмас еді.

Ал, олар сол жерде əртүрлі жұмыстың бесаспабы Өмірбай мен Ермек ағаларымызды жұмсайды. Қарғыс атқыр "қара шұңқырды" ашып, тазалағанда əбден тозығы жеткен құбыр жарылады, құдық бүкіл кәріздегі лас суға толады. Жиналып қалған метан газына екі сантехник уланады. Аурухана алдында тұрған хирург Жандос Өтемісов "дəрігерлер құтқарыңдар" деген дауыстан шұңқырға жанұшыра көмекке ұмтылып, түсіп кеткенін ғана біледі. Ол кезде хирург- травматолог Данияр Мергенбаев жұмыста іште отырған. Ұялы телефонның ар жағынан "Жандосқа көмек керек" деген дауыстан далаға атып шығады да, еш ойланбастан:" Мен досымды құтқаруым керек" деп жұмыс киімін ұстата сала, қойып кеткен. Жандосты жоғары көтеріп, лас судан басын шығарған Данияр өзі газға уланып, есін жоғалтып, төменге шөгіп кетеді. Ал оның тереңдігі үш метрден кем емес. Құтқарушы топ келгенше біраз уақыт өтіп кеткен. Бəрі де кеш... Қайран, асыл азаматтар-ай, реанимация төсегінде тілге келместен жан тапсырды.

Үш бірдей отбасы ауыр қайғы жамылды. Əке сүйікті ұлынан, балалары əкесінен, жұбайлары қосақтарынан, аға-інілері бауыр еті бауырынан, туған-туыс жақындарынан аяқ астынан айырылды.


Данияр Нұрсалбекұлы – бейбіт заманның батыры. Ол адал дос бола білді, өлімге басын тігіп, Жандосты құтқарды. Аллаға шүкір, Жандос аман қалды. Бірақ ұзақ емделуі қажет. Бойындағы улы заттарды шығарып тастау бірнеше жылдың еншісінде. Данияр мен Жандосты тағдыр жұмыста табыстырды, жұмыста бір-бірінен мәңгілікке ажыратты. Әзілдері жарасқан, сырлас та сыйлас дос, қимас бауырға айналған еді. 


Данияр Шелек ауылының ауруханасында жеті жылдан астам уақыт қызмет атқарып келді. Анасы сүт кенжесі, еркетайын жолымды қуып дәрігер болсын деп колледжге одан әрі университетке түсіреді. Сабақты да жақсы оқып, ақылы бөлімнен өз күшімен грантқа ауысып, ата-анасының тілегін орындап болашаққа сеніммен қадам басқан. Гиппократ антына берік, өз мамандығын жаны сүйетін мықты әрі білікті маман болды. Ауруханадан травматология бөлімін ашып, соңғы үлгідегі аппараттармен жабдықтап, халқына қалтықсыз қызмет етуді алдына мақсат тұтты.

Шелек ауылы қара жолдың үстінде болғандықтан жиі жол апаттары болып тұрады. Түрлі жарақаттармен, сынықтармен түскен адамдарға алғашқы көмек жасалса да, дер кезінде ем алып шығуына мүмкіндік жоқ, емдейтін дәрі-дәрмек, аппараттардың жоғы қолды байлайтын. Амалсыздан жағдайы ауыр ауруларды Шелектен 80 шақырым қашықтықтағы Есік аудандық ауруханасына жіберетін. Осы олқылықтарды Данияр жойғысы келді. Талай рет бас директордың алдына күрмеуі қиын мәселенінің басын шешіп беруді өтінген де еді... Аман болғанда денсаулық саласында талай игі істердің ұйытқысы болып, елінің ардақты азаматына айналар еді-ау. Әттең, өмірі шорт үзілді...

Осы қайғылы оқиғаға байланысты аурухана қызметкерлері мен ауыл ақсақалдары, тұрғындары Данияр Нұрсалбекұлына Республикамызда төтенше жағдайларда адам өмірін құтқаруға байланысты жанқиярлық ерлік көрсеткендерге "Ерлігі үшін" медалімен марапаттауды, сонымен қатар, "Ауданның құрметті азаматы" атағын беруді, сонымен қатар, Шелек ауылынан көше аты берілсе екен деп жоғарғы жаққа өтініш жазды."Данияр – өте ақкөңіл, көпшіл, мейірімді, жылдам шешім шығаратын жақсы дəрігер, білімді маман болды. Көзсіз ерліктің иесі атаусыз қалмау керек. Оның ісі көпке өнеге, өз жанын аямай құрбан болған азаматтың аты ұрпақ жүрегінде мәңгіге қалуы керек,"- дейді аурухана қызметкерлері. Батыр азаматтың артында аңырап әкесі, бауырлары, көздері жəутеңдеген екі қызы мен сүйікті жары жесір қалды.   


Салтанат Бакеева

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір