• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 05:07:44
Алматы
+35°

29 Қараша, 2018 Аймақтар

"Ер жігіт елге болсын дейді..."

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осындай қазақи бояуы қанық салмақты атпен жарық көрген бағдарламалық мақаласы қалың жұртшылықты бір серпілтіп тастады

Белгілі қоғам қайраткері, Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің комиссия төрағасы, кәсіпкер-меценат, ұлт жанашыры Құсман Шалабаев ел, жер, руханият, адами һәм ұлттық құндылықтар туралы өрілген сұхбатты Qamshy.kz ақпарат агенттігі Алматы ақшамына сілтеме жасай отырып оқырман назарына ұсынады.

Ұлы даланың жеті қыры. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осындай қазақи бояуы қанық салмақты атпен жарық көрген бағдарламалық мақаласы қалың жұртшылықты бір серпілтіп тастады. Ұлтымыздың рухани мұрасы мен мәдениетін жаңаша зерделеп, заман талабына сай өркендей түсуіне жол ашатын және өз тарихымызды жаһандық өркениет тұрғысынан таразылау қажеттігін көрсетіп берген «Ұлы даланың жеті қырын» оқи отырып, оның руханиятымызды дамытуға ерекше серпін берген кешегі «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының заңды жалғасы екенін бағамдадық. Елбасының өзі солай екенін айтты да.

Иә, дамыған елдерде руханият алдыңғы орында тұрады. Ол – барлық адамға өлшеусіз азық. Рухани бай адам ғана елінің дамуына үлес қоса алады.

Бабалар аманатын, олар қорғап қалған ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын осынау ұлан-ғайыр жеріміздің тылсым құпияларын, әрбір тасы мен сай-саласы, тауы мен өзеніне дейін тарихтан сыр шертетін ұлы даланың қыр-сырын бүгінгі ұрпақ жете білуі тиіс.

Міне, бүгінгі кейіпкеріміз бізге осы ойларын тарқатты.

 

«Қазақтың ұлттық садағы»

– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын бір деммен оқып шықтым. Ғажап! Мынау тұсы мынадай, анау бір жері былай екен деп бөліп-жарып көрсететіндей бір-бірінен еш артықшылығы не кемдігі жоқ. Бәрі өз орнында. Бір-бірімен үндесіп, сабақта­сып жатыр. Әр бөлімі өткенді сараптай, бүгінмен ұштастыра отырып айтылған. Бізге бағдаршам іспетті десек те болады.

Иә, Мемлекет басшысының бұл мақа­ласы біздің ежелден қалыптасқан құнды­лықтарымыз, салт-дәстүріміз, мәдениетіміз, өнеріміз, өркениеттік дәрежедегі өзіндік өрнегіміз болғанын көрсетіп берді. Мәсе­лен, мақаладағы «Атқа міну мәдениетін» алайықшы. Онда қазақ халқының ту ұстаған жауын­гер бейнесі, батырлығы, қайсарлығы, ептілігі, тіпті айбарлы атты әскері­міздің қалай қалыптасқаны жан-жақты баяндалған. Жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйре­тілгені ғылыми дәлелденген. Жыл­қыны қолға үйрету арқылы біздің баба­ларымыз атқа міну мәдениетінің де негізін қалап кеткен. Бес қаруын асы­нып үнемі ат үстінде жүрген көшпенді батыр бабамыз сәйгүлігінің үстінде неғұрлым еркін де отыруы үшін ер-тұрман мен үзеңгіні де ойлап тапқан. Бұл бұйымдар салт сарбаз­дың ат үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сондай-ақ, шауып бара жатып қолын­дағы қаруын еш қиындықсыз және неғұрлым тиімді қолдануына, нысанаға алған қас жауын мүлт кетпей дәл көздеп атуына мүмкіндік берген. Сонымен қатар, бабаларымыз шапқан аттың үстінен садақ тартуды да барынша жетілдірген.

Мен биыл жазда  Венгрияда, мадияр­лар елінде болып, 27 ұлттың басы түйіскен, 240 мыңдай адам жиналған этно-мәдени жиынға қатыстым.

Жалпы, қай елге барсам да, байқай­тыным, қаншама ұлттың, этностың ара­сынан біздің елден барған өкілге міндетті түрде алғашқылардың бірі болып сөз беріледі. Бұл – Қазақстанға, оны жаһанға танытқан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа деген құрмет. Бізді әлемнің мойындағаны! Бұл енді басқа әңгіменің тақырыбы. Әлгі садаққа қайта оралайын.

Сол халықаралық құрылтайда, дәлі­рек айтсам, Будапешттен 100 шақы­рымдай қашықтықта ашық аспан астын­дағы алқа­лы жиында жүздеген киіз үй тігіліп тастал­ған, әскери, жауынгерлік ойындар, садақ­пен ату, бәйге, ат үстін­дегі сайыстар, бақсылық салттар, бір сөзбен айтқанда, ежелгі мадияр-ғұн­дардың, көшпенділердің дала мәдениеті көрсетілді. Мажарстанда ат үсті әскери, әсіресе, садақшылық, қылыш­тасу өнері өте жоғары деңгейде дамыған­дығын байқадым. Ат үстінен немесе жаяу жүгіріп келе жатып, аспандағы нысана­ларды оп-оңай атып түсіріп жатқан­дарын көріп, неткен жауынгер халық деп, делебем қозып, қатты қызықтым. Сол дәуірде жүргендей әсерде болдым. Әсіресе, осы елде үлкен бизнес көзіне айналған (тіпті, оны жасап шығаратын іргелі зауыт ашып алған) садаққа көңілім ауа берді.

– Мажарстандағы садақ ату мәде­ниетінің Еділ (Атилла) патшаның даңқы арқылы қалыптасқанын тарихтан білетініміз бар. Атилла – Азияны дүр сілкіндіріп, ұлы Қытайды жеңген ғұн-түркілердің ұрпағы ғой.

– Иә, дұрыс айтсыз. Жалпы, садақ­ты тас дәуірінен XX ғасырға дейін дүние жүзінің барлық халқы пайдаланған. Ерте кезде аң аулауда, кейін соғыс ісінде қолданылған.

Ал садақ ату өнері Қазақстанда әлі дами қойған жоқ. Бұл әскери өнерді былай қойғанда, оның өзін біз мыңдаған евроға шет елдерден сатып әкеліп жатамыз. Біз де жауынгер халықтың ұрпағымыз ғой, сон­дықтан неге бұл саланы өзімізде дамыт­пасқа деген ой мені көп уақыт бойы маза­лады. Нәти­жесінде көп ізденіп, жан-жақты ойла­нып жүріп, мүлдем өзгеше садақ жасап шығардым. Мұны «Қазақтың ұлттық сада­ғы» деп атап, авторлығын да патент­теп алдым.

Өзгеше болғанда қалай дейсіз ғой, міне, қараңыз. Кәдімгі біз көріп жүр­ген, біз білетін садақта тиек бар ғой, соны мен асыққа, ал садақтың екі ұшын доға тәріз­дес иіп тартып тұратын адырнасын ала жіпке ауыстырдым.

Асықты пайдаланған себебім, қазақта «Асығың алшысынан түссін» деген әдемі тілек бар. Болашақта садақ ату өнеріне қатысып жатсаң, ылғи жеңіске жетіп жүргейсің деген мағына береді. Қазақта асық қасиетті саналады. Баласы ұл болса, бесігінің басына бөрі­нің асығын ілген екен. Бұл – бәле-жаладан аулақ, әрі шымыр-қайратты болсын дегені. Қыз болса, бесігіне еліктің асығын таққан. Ал бұл – көрікті болып бойжетсін деп ырымдағаны. Келіні құрсақ көтергенде ата-енесі ырымдап асық жинаған, онысы – ұл тілегені. Жаугершілік заманда бабала­ры­мыз соғыс стратегиясын, соққы беретін тұсты асықты шашып жіберіп түсіндіріп, жобалап, жоспарлаған көрінеді. Ғажап, ә?! Біздің қазақ өте дана халық қой.

Ала жіптің де біз үшін ұғымы өте кең. Мысалы, баланың тұсауын ала жіппен кескен. Ол біреудің «ала жібін» аттамасын, ешкімге қиянат жасамасын, ақ-адал азамат болып өссін деген мағынаны береді. Ал садақтағы ала жіп те сол мағынаны жоймайды, яғни атқан оғың жазықсыз біреуді жаралап қоймасын, біреудің қанын босқа төкпе деген ниеттен туған.

Бұл садақты неге таңдадыңыз десе­ңіз, оны да айтайын. Садақ ату өнерін кез-келген адам, жас-кәрі, тіпті бала болсын, бәрі меңгеруіне болады. Осы­ны ойлаған мен көз алдыма қаракөз­дерімді, мектепте оқып жүрген жеткін­шектерімді әкелдім. Бұл өнер кез-келген баланың математикаға бейімін арттырады. Мысалы, тарихи фильм­дер­дегі кадрларды өзіңіз елестетіп көріңізші, ат үстінде немесе жаяу келе жатқан батыр жебесін көздеп тұрып  ныса­наға дәл тигізеді. Демек, бұл баланың жас­тайынан жүйке жүйесін шыңдап, оларды дәл есептеуді және көздеу әдістерін мең­геруді үйретіп, епті­лік­ке, ұшқырлыққа, батылдыққа, ұстамдылық пен сабырлы­лық­қа тәрбиелейді. Садақ атқанда адамның тек екі қолы ғана емес, ойлау мүшелерінен бастап, иығының бұлшық еттеріне дейін қимылдайды.

 

Алматыдан «Руханият саябағын» ашуды ұсынамын

– Осы ұлт мұрасын жаңаша бағам­дау тұрғысында дүниеге келген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан кейін маған тағы да бір мынадай ой келді. Мың тағдырлар тоғысқан, мың бояуы қабысқан Алматы – іргелі, экономика­лық жағынан қуатты мегаполис. Турис­тік аймақ. Осы шаһарда, баршамызға белгілі, Горький атындағы Орталық саябақ бар. Соның атауын «Руханият саябағы» деп өзгертсек немесе бар дүниеге қол тигізгіміз келмесе, ашық аспан астында өз алдына «Руханият саябағын» ашсақ деген ұсынысымды білдіргім келеді.

Ат үстіндегі соғыс өнері, садақ­шылық, қылышкерлік, қамшыгерлік мәдениеті өте күшті қалыптасқан мажар­лардың әлгіндей салт-дәстүрі бізге үйренуге татиды. Осы садақ ату өнерін қолға алуымыз керек. Мектеп қабырғасынан бүкіл оқушыға үйретсек, оқытсақ. Бәлкім, пән ретінде енгізу керек шығар. Балаға сөзбен түсіндіріп қана қоймай, тәжірибе жүзінде көрсе­туіміз керек. Сонда ұғынықты болады деп ойлаймын. Қимылдау барысында денеге қан жүгіреді, бойды тік ұстауға, сымбатты болуға баулитыны сөзсіз.  Бұл өнер ұл, қыз деп бөлінбейді. Болашақта чемпиондар шығып жатса, бек қуанар едік.

Бұл – Ұлы дала мәдениетінің бөлін­бес бір бөлшегі ретінде ұлтымыздың рухын жаңғыртып қана қоймай, туризм саласы­ның дамуына серпін беретін тамаша мүм­кіндік екендігі де сөзсіз. Міне, осы саябақта түрлі ұлттық ойындар, жарыстар өткізіліп тұрса.

«Ұлы даланың жеті қыры» мақала­сында талай дүние айтылды. Әдемі айтылды. Соның бәрі науқанға, құр сөзге айналмаса екен деп тілеймін.

Біздің ұлан-байтақ жерімізден бәрі табылып жатыр: бағзы заманғы дала өрке­ниетінің тыныс-тіршілігін паш ететін қару-жарақ, сауыт-сайман, тұр­мыстық ыдыс-аяқтар, әшекей бұйым­дар, құнды архео­логиялық ескерткіштер мен археологиялық кешендердің экспозициялары тарихи дәуірлердің қандай да бір кезеңіндегі әр түрлі шаруашылық салаларының даму үдерісін көрсететін заттар, соның бәрін (көшірмелері болса да) осы саябаққа қойсақ. Ежелгі сақтар, ғұндар, ұлы түркі қағандарының дәуірі және басқа да тақы­рыптар бойынша тақырыптық фестиваль­дар, түрлі тәрбиелік жиын­дар, мәдени іс-шаралар өткізіп тұрсақ.  Бүгінгі ұрпақ соның бәрін көзбен көріп, жүректен өткізіп, қолмен ұстап көрсе деймін, ата-бабасының кешегі жүріп өткен жолдарымен бір сәт өзі де жүріп өткендей әсерде қалса деймін. Сонда олардың бойында елжандылық сезім күшейіп, елін, жерін сүюге, өткенін қадірлеп, бағалай алатынына сенемін.

Токиода болған бір сапарымда мың­даған жыл болған кәдімгі тал ағашта­рының шығу тарихын әспеттеп жазып, шыны әйнектің ішіне салып дәріптеп қойғанын көргенім бар еді. Міне, өткенді қадірлеу деген осы.

Біздің ұлтта сонау патша заманынан келе жатқан бір үрей бар, ол бертін келе Кеңес өкіметіне жалғасты, сол үрей әлі күнге дейін келе жатыр. «Тыныш, біреуге айтып қойма; естіп қалмасын; онда барма; сөйтпе, тыныш жүр; нең бар» деген сынды үрей. Біз жалтақтап тұрамыз. Көңілшекпіз. Орынсыз жалпылдап қаламыз, көңіліне тиіп алмайыншы дегендей. Ол да үрей.

Ол тіпті біздің қанымызға сіңіп кеткен, тіпті ұрпақтан-ұрпаққа жалға­сып келеді. Сол үрейді бойымыздан рухани жаңғыру арқылы, Елбасы көрсетіп берген «Ұлы даланың жеті қырындағы» мақсат-міндет­терді жүзеге асыру арқылы шығарып тастауы­мыз керек. Бізге үрейленуге негіз жоқ, біз о бастан жауынгер халықпыз. Өркениетті елдермен тереземізді теңестіреміз десек, тегімізді жоғалтпауымыз керек.

«Елім деп соғар жүрегім»

– Сіздің «Мәңгілік ел», «Еліме келіп елеулі болдым» деген әндеріңіздің барын, оларды белгілі әншілердің орын­дап жүргенін де білеміз. «Еліме келіп елеулі болдым» деген тақырып шеңбе­рінде патриоттық әндер шырқалатын рухани концерт ұйым­дастырып жүргені­ңіз тағы бар. Кеудеңіздегі «Елім деп соғар жүрегім» деген төсбелгіні де көзіміз шалып отырғаны. Қазақта «Ер жігіт елге болсын дейді» деген жақсы тәмсіл бар. Сіздің жаныңызға «ел» деген сөз жақын сияқты…

– Өзіңде барды елмен бөлісіп, өзгені, көпті қуантып жүргенге не жетсін. Мен, жалпы, көпшіл адаммын.

Президент осы мақаласында біздің тариxқа көптеген әр түрлі ұлт өкілде­рінің еңбек сіңіргенін нақтылап айтты. Яғни бұл негізінен, идеологиялық мәсе­ле. Міне, осы маңызды болып табыла­ды. Сондықтан да өшпес ерлігімен, еселі еңбегімен ерекше­ленген азаматтарды ұрпағымызға үлгі ретінде дәріптеп отыруымыз керек.

Мен осы мақсатта «Елім деп соғар жүрегім» деген төсбелгі жасап шығар­дым. Оны кім-көрінгенге табыстамай­мыз. Шын мәнінде кім осы тәуелсіз Қазақстанға еңбек сіңіріп жүр, сол адам­ның кеудесіне тағамыз, оның ұлтына да қарамаймыз. Ол ұйғыр, қазақ, мейлі тәжік, орыс болсын, кім болса да бәрінің жүрегін, тілегін, мақсат-мүд­десін біріктіретін төсбелгіге айналады.  Бұл жәй төсбелгі емес. Алтын жала­тылған, бағалы тастармен көмкеріл­ген, пирамида кескініндегі тоғыз ұшы бар төсбелгі.

Мысалы, тарихтан білеміз, әйгілі Шың­ғыс хан өмірге келгенде, оң жақ қолына кепкен бауырдай ұйыған қан уыстап туған деген аңыз бар. Ал Мұхаммед пайғамба­рымыз (с.ғ.с) сол қолында 81, оң қолында 18 деген жазумен туған дейді. Сонда қарасаңыз, екі алақандағы екі санды да бір-біріне қоссаңыз (8+1 және 1+8), 9 саны шығады. Сонда пайғамбарымыз рухани біліммен туған ғой. Ал Шыңғыс ханның әлемді соғыспен, қантөгіспен жаулаға­ны тарихтан белгілі.

Мысалы, Астанадағы пирамида тәріздес Бейбітшілік пен Келісім сарайын алайық. Ол  – сәулет өнерінің бірегей туын­дысы. Балама аты –  Әлем­нің пирами­дасы. Жаһандық және дәс­түрлі діндер көшбас­шыларының съез­дері  өтетін орын ретінде бағаланады.

«Елім деп соғар жүрегім» төсбелгісін таққан адам көктен күш-қуат алады, бұл анық.

 

«Тақиялы періште»

– Сіздің Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» фильмінің жалғасын түсіргені­ңізден хабардармыз. Экраннан қашан көреміз? Естуімізше, бұрынғы Тайлақ енді немересіне жар іздейтін көрінеді. Тапты ма?

– Әрине, тапты. Тайлақ атаның оқы­ған, тоқыған немересі Аңсар келін түсіріп береді. Бұл фильмге режиссерді ұзақ іздедім. Ақыр соңында таңдауым қырғыз­стандық Найзабек Сыдықов есімді азамат­қа түсті.

Мен «Тақиялы періште» фильмінің жалғасын түсіруді 2013 жылдары ойлана бастаған болатынмын. Жасыратыны жоқ, қазір біз секілді аға буын жас буынның кейбір оғаш қылықтарын түсінбейтін деңгейге жеттік. Мысалы, тіл мәселесінде, отбасын құру жағында. Қазір бізде де қыз-жігіттер еуропалық­тар сияқты 40 жастан асқанда отау көтеру жайлы ойлана бас­тайды. Аза­мат­тық неке деген ұғым да ұят болмай қалды. Өзге ұлттың өкіліне тұрмыс­қа шығып, жат елден келін түсіру де үйрен­шікті жағдайға айналды. Біз осылай кете беретін болсақ, таза қанымызды қалай сақтамақпыз? Міне, осындай мәселелердің бәрін ойын-шынын араластыра отырып, көрермен назарына ұсынғымыз келеді. Бұйыртса, үлкен экранға келесі жылдың ақпан айының басында шығаруды жос­пар­лап отырмыз.

Бүгін екінші фильмді қолға алғалы отырмыз. «Сплошная братства» деген. Егіз, бірақ бір-бірін ешқашан көрмеген екі жігіт туралы. Қазір актерлық құрам­мен кезде­семіз. Бұл да комедия жанрында, қылмыс­тық оқиғаларға құрылған. Адамды күлдіре отырып, ойландырары сөзсіз.

Одан соң «Тағдыр» деген фильмімнің де сценарийі дайын тұр. Төрт жасар орыс қызы үйінен қашып шығады. Шешесі үйден кетіп қалған, қайда жүр­гені белгісіз. Зағип әжесінің қолында тұрып жатады. Әкесі момын адам. Туған-туыстан әбден теперіш көрген бүлдіршін бір күні үйінен қашып шығып, мешіт алдына келіп отырады. Мешіт алдынан қайырымды бір қарияға жолығып, кейінгі өмірінде үлкен өзгерістер болады.

Айтпақшы, «Тақиялы періште–3» фильмін де түсіру ойымда жүр.

 

Жақсы сӨз сӨйлегін

– Сонда сіз қай кезде демаласыз? Сіздің қоғамдық жұмыстармен айналы­са­тыныңыз да бар. Бизнесіңіз өз алды­на. Ән жазасыз. Ән салатын да өнеріңіз бар деп естиміз. Бәріне қалай үлгеріп жүрсіз, құпиясы қандай?

– Адам баласы сылтау іздесе, оны міндетті түрде тауып алады. Мынаған үлгер­меймін десе, әрине үлгермейді.

Мысалы, көп адам өз-өзін алдайды, «менде туғаннан ондай дарын жоқ, не келер дейсің қолымнан, осыған ұрын­бай-ақ қояйыншы» деген сияқты. Негізі, адам  туылғанда оған қабілет-қарым қанмен 5 пайыз, бәлкім 10 пайыз ғана берілер, жарайды, енді біреуге 20 пайыз дейік. Ал қалғаны еңбекпен, табан­дылықпен келеді. Сондықтан еңбекте­ну­ден қашпау керек.

– Айналаңызда жүрген жастарға жиі қайталап айтудан жалықпайтын қанат­ты сөзіңіз?

– Кез-келген нәрсені, мейлі ол үлкен не кіші болсын, бәрін жақсы­лыққа жоримын. «Онша емес, болмай тұр» деген сөздерді мүлдем айтпау керек. Сіз сол аузыңыздан шыққан сөзді космосқа беріп жатырсыз, ал ол өзіңізге қайтып оралады деген сөз. «Жақ­сы сөз – жарым ырыс». Бұл орайда қазақ осылай деп әдемі айтқан. Жаман айтқы­ңыз келіп тұрса да, өз-өзіңізді тежей біліңіз. Мысалы, балаңызды «шошқа­сың, сен итсің» деп көңіліңіз толмай төмендете берсеңіз, отбасында жылы сөз, көтермелеу естіп өспеген бала шын мәнінде ертең өскенде айналасына, адамдарға ит сияқты «үріп» жүреді, шошқа сияқты аунап жата­ды. Сол керек пе?! Міне, әр сөздің киесі бар, сондық­тан отыз екі тісіміздің арасынан шық­қан әр сөзге мән беріп сөйлеген абзал-ақ.

Сосын мен мынаны түсінбеймін: «анау адам тым байып кетіпті, қайы­рымсыз болып барады, өзінен аспайды, садақа беруді білмейді» деп күндейді. Жақсы сөйлеу керек дегенге мысал үшін айтып отырмын. Егер ол ешкімге көмектеспейтін қайырымсыз болса, ол әрекеті үшін өзі жауап береді. Ешкімге тиіспе, біреуге зауалың тимесін. Міне, менің өмір сүру қағидаларымның бірі. Мүмкіндігің болса, қолыңа Құранды ал да, жақсы дүниелерді сүрелерден ізде, айналаңа кешірімді бол, түсіністікпен қара, қолыңнан келсе түсіндір. Жаман деген нәрседен де жақсы нәрсені көруге, табуға болады. Міне, осы туралы мені қоршаған адамдарға айтудан жалыққан емеспін.

 

Имам және иман

– Жақсы сөз алдымен отбасында айтылуы керек-ау. Баланың бойына жақсы әдет-дағдының дәнін себетін әкенің рөлі, ананың орны төмендеп кеткен жоқ па, қалай ойлайсыз?

– Рухты күшейту керек. Рух дегені­міз не? Жасыратыны жоқ, қазір қоғам­да  ер мен әйелдің орны алмасты. Қазіргі қыз-келіншектер шалбар киіп, көлік тізгіндеп, еркектермен теңесті. Мұның бәрі, әрине, заман талабы шығар. Бірақ қазір әйелдің табысы еркектен асып кетті. Қаншама бизнес­мен әйел бар?! Ал үйіндегі ерінен жоға­ры табыс тапқан әйел азаматын бағалай ала ма? Егер отбасында бір кикілжің орын ала қалса, әйелі «мен сенімен тең құқылымын» деп, ал жүк көтеру керек болса, «біз нәзікпіз, әйелміз» деп шыға келеді. Ендеше неге еркегінің алдында «мен әйелмін» деп бір саты төмен түсіп нәзіктік құрмет көрсетпеске?!

Рухы сынған ер-азаматтар көбейді. «Көгілдірлер» неге көп? Құдай сақта­сын, ел басына күн туатындай жағдай болса, атқа мініп, қолына садағын алып жауға шабатын еркек таппай қаламыз ба деп қорқамын. Сондықтан еркек өз орнында, әйел өз орнында болуы тиіс. Сонда ғана рухымыз көтеріледі. Рухты жоғалту – ұлтты жоғалту.

Кейінгі кезде байқап жүрмін, имам­дардың беделі түсіп бара жатыр. Осыдан бір-екі жыл бұрын мешітке кіріп, Құран оқытып, ниет еткен садақамды жәшікке салып жатыр едім, имамның: «Сізге жәшік оқыды ма?» – дегені. Жүрегім мұздап кетті. Міне, бұл да рухтың, иманның әлсіздігі.

– Сізді бүгінгідей табыстарға жет­кізіп жүрген не? Жетістіктерді бағын­дыру үшін адамға ең алдымен не керек?

– Табандылық керек. Ешқашан шегінбеу керек. Біз ата-анамыздың іс-әрекетіне, жан-жағымызға, ортаға қарап өскен ұрпақпыз. Өмір жолыңда адаса да білу керек, жақсы дүниенің қадір-қасиетін бағалай білу үшін. Мен Алма­тыға шалғай ауылдан арман қуып кел­генде 21-ге де толмаған балаң жігіт едім. Күн демей, түн демей бірнеше жерде жұмыс істедік. Адастық та, сүріндік те, бірақ қайта тұрып жүгіруге күш-қуат та таба білдік. Өмірдің кез-келген сәті – сабақ. Тек сол сабақты ұйып тыңдай­тын, қорытынды шығара білетін, сол түйгендерін дұрыс жүзеге асыра білетін саналы шәкірт болу керек.

 

Уақытты қадір тұтамын

– Дәл қазір тағы нені жоспарлап жүрсіз?

– Кітап жазғым келеді. Кітап бол­ғанда, жастарды, қазақтың қыз-жігіт­терін жігерлендіретін кітап жазғым келіп жүр. Және оған да уақыт табамын деп ойлай­мын. Қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университе­тінің Философия және саясаттану факульте­тін­дегі дінтану маман­дығының докто­рантурасында оқып жүрмін. Оқимын деген адамға ешқашан, ешнәрсе кеш емес. Тек ынта керек. Былтыр түскем. Көп оқимын. Және де кез-келген тақы­рыпты оқимын, бір нәрсе­мен тоқтап қал­маймын. Қазір балаларға арналып жазыл­ған бұрынғы ертегі кітаптарын таба алмай жүрмін. Қытайда бар деп естіген едім, бірақ қолым жетпей жүр. Баяғы Таусоғар, Желаяқ, Көлтауысарымыз қандай еді, десеңізші!

– Ал қазіргі балаларға арналған мульт­фильмдердің кейіпкерлері –шекесінде бір көзі бар, тістері ақсиған, ұсқынсыз құбы­жықтар. Батыстан енген осы бір өнімдер баланы агрессияға, қатыгездікке жете­лейді…

– Ол ұлтты құрту үшін әдейі жаса­латын батыстың идеологиялық қаруы ғой. Бізге мән-мағынасыз, даңғаза музыкаларын кіргізіп, мақсаты – ойлау өрісімізді шектеп, білімнен, өркениет­тен алыстату. Бірақ рухани жаңғыру­дың даңғыл жолына түскен біз енді оған бой алдырмаймыз деп ойлаймын.

– Сіз үшін не құнды?

– Уақыт құнды. Осынау өмірде сенің ең бірінші досың да, дұшпаның да – уақыт. Оны  дұрыс бағалай білсең – досың, қадір­лемесең – дұшпаның. Сол уақыттың ішінде мен аса қадірлейтін бір нәрсе, ол – қиял. Марқұм інім айту­шы еді, «сен осы тым қиялисың» деп. Ол рас. Мен өзіме, миыма, ойыма маза бермейтін адаммын.

Иә, адам алдымен қиялданады. Ол бір жатқан шексіз әлем. Қиялдан ой туады. Ой арманға жетелеп әкеліп, ол мақсатқа айналады. Сосын мақсатқа жету жолында тынбай еңбектенеміз. Сосын барып жеңіс Сіздікі!

– Ендеше, өмірден алар еншіңіз, жеңістеріңіз көп болсын, Құсман Кәрім­ұлы!

Сұхбаттасқан – Нұржамал Әлішева

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір