• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 08:24:08
Алматы
+35°

09 Тамыз, 2018 Ғылым-білім

Ер мұрынды, ер мінезді  Асекең

Өйткені мұндай жандар атақтан да адами сипатына, рухани болмысқа көп мән береді.

«Әр заманның өз сұрқылтайы бар» дегендей кез келген қоғамда заманауи еркін, қоғамдық талап шеңберіне сыя, өзіндік қалыптасқан бейнесі бар жандар болады. Олар жайлы биік мінбелерден жарқын мақтаулар айтылмауы да мүмкін, өмірде атақ пен даңқ та көп бұйырмауы да ғажап емес... Өйткені мұндай жандар атақтан да адами сипатына, рухани болмысқа көп мән береді. Лауазым аңсамайды, бес күндік жалғанда тиын санап күн кешпейді, мәрттігімен, жігітке тән намыс, ағаға тән қамқор көңілмен өмір сүреді. Өмірі бұралаң жолдарға толы, жұмысқа бір сызықпен барып, сол сызықпен қайтпайды, ағысы қатты өзендей өзіндік арнасы болады. Сондай жандар қатарында Әл-Фараби атындағы  Қазақ ұлттық университетінің филология және әлем тілдері  факультетінің қазақ тіл білімі кафедрасының  ұстазы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Асылбек Тасымов та бар еді, біз бүгін ұстазымыз туралы естеліктерді өткен шақта баяндайыз...

Асылбек Тасымовпен таныстығым осыдан отыз екі жыл бұрын басталыпты. Сарыауыз балапандарша оқуға түскенге дейін ештеңе ойламасақ та, күзгі ауылшаруашылық жиын-терін науқанынан оралғанда жатақханаға орналасу машақаты барын білдік. Сол кездегі Талғар ауданына қарасты Горный гигант  колхозының «Восток» бөлімшесінде филология факультетінің бір топ бірінші курс студенттері алма жинап оралды. Тасымов деген фамилия маған жатақхана берілмегенімен есімде қалған еді... Жатақхана берілу тәртібі туралы шала ұғым бәрімізде бар, бірақ оны алудың артында түрлі талаптардың барын және ол талаптарға сай келудің  қиын екенін сонда түсіндік...

  Асылбек Тасымов филология факультетінің сол кездегі деканы филология ғылымдарының докторы,  профессор Тұрсынбек Кәкішевтің  тәрбие бойынша орынбасары екен. «Жатақхана – өз үйің» деп тұратын бес жыл студенттік ғұмырымыздың басы 1986 жылдың күзінен бастау алса да Асылбек ағайдың бар болмысын сабақ беру тісілінен, орыс бөліміндегі біраз тәжірибесінен, студенттермен ел аралап шыққан филологияны терең ұғыну үшін жүргізілетін диалектология және фольклор саласы бойынша оқу-өндірістік практикалар мен кеңес дәуірінің ауылшаруашылық жиын-терінге көмекке студент жастарды жұмылдыратын күзгі науқанынан білдік.

Асылбек Тасымов бірінші курста «пунктуация және орфоэпия ережелері»  деген арнайы курстан дәріс берді. Сабақта балапанша аузымыз ашылып тыныш тыңдап отырамыз, ағайдың орфоэпия мәселесіне қатысты әдістемелік  біраз қызығы есте. Аты-жөнімізді сұрап, старостаға жазғызған тізімге сынай қарап, өзі ерінбей орнымыздан тұрғызып, тағы да тегімізді айтқызады. «Мұнысы несі?» деп, таңғаламыз, сөйтсек, орфоэпия заңдылығына сай сөйлеп тұрмыз ба, жоқ па дегенді өз әдісімен  тексергені екен. Өз мақамымен үндестік заңына сала бір созыңқырап айтып беретін де, біздің бірнеше рет қайталауымызды сұрайтын. Орысша жазылған тегімізді пәленбай жыл солай айтып үйренген ауыз бірден ағайдың мақамымен айтуға ілесе алмай қалады. Сонда да тырысамыз, ағайдың мұнысын кейін түсіндік, жазу тілі мен айтылуы бөлек дүниелерге басқа қазақ мән бермесе де,  филолог назарынан тыс қалмауы керек екен...

 Асылбек  Тасымов 1939 жылы наурыздың 9-ында Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы) Түркістан ауданы Қызыл шаруа ауылында дүниеге келген. Бастауышты өз ауылында оқып, орта мектепті Түркістан қаласында бітірген. 1957 жылы Алматыға келіп, ҚазҰУ-ге филология факультетіне  оқуға түсуге құжат тапсырып, емтихандарды жақсы тапсырса да,  конкурстан өтпейді. Ауыл жаққа қайтудың орнына  осында жұмыс істегенін жөн деп шешіп, бір жыл құрылыста түрлі жұмыс істейді. Келесі 1958 жылы ҚазҰУ-ге конкурс тағы үлкен боларын сезіп,  сол кездегі Алматы  шет тілдері педагогикалық  институты, қазіргі Абылайхан атындағы Қазақ мемлекеттік шетел тілдері және халықаралық қатынастар университетінің «француз және қазақ  тілі»  мамандығына оқуға түседі. 1963 жылы осы мамандық бойынша оқуды аяқтап, Түркістан қаласында француз тілі мұғалімі болады. 1964 жылы Алматыға қайта оралады,   Қазақ совет энциклопедиясында ғылыми редактор болып қызмет істейді. 1971 жылы  Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аспирантурасына түседі. 1975 жылы академик Ә. Қайдар жетекшілігімен «Еділ бойы қазақтарының тілдік ерекшеліктері» атты кандидаттық диссертация қорғайды. Диссертация жазу барысында Ресейдің Астрахань, Волгаград, Саратов,  Қалмақ өлкесінде тілдік зерттеу жұмыстарын жүргізеді. 1980 жылы сол кездегі С.М.Киров атындағы  ҚазҰУ-дің  филология  факультетіне доценттік конкурстан өтеді, бұрынғы  қазіргі қазақ тілі, кейіннен қазақ филологиясы, соңғы жылдардағы оңтайландыру үдерісі талаптарына сай өзгертілген қазақ тіл білімі кафедрасында өмірінің соңына дейін оқытушылық қызмет атқарды. А. Тасымов  ұстаздық қызметке адал болды, ақтық демі таусылғанша студенттерге филологияның қыр-сырынан, оның ішінде диалектология ғылымы мен орфоэпия, орфография мәселелерінен дәріс беруді тоқтатпады.

Асылбек Тасымов 200-ден астам ғылыми-әдістемелік мақала мен ондаған оқу құралы, 3 оқулықтың  авторы. 2004 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрлігінің «ҚР білім беру саласының құрметті қайраткері» деген марапатқа ие болды.  Қазақ диалектологиясы, орфоэпия, сауат мәселесі, сөйлеу мәдениеті жайлы жазған және бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеген бірнеше сағаттық эфирде сөйлеген сәттері де тіл жанашыры екенін көрсетсе керек. Қазақ радиосында жылдар бойы жүргізіліп келген  журналист  Оңғар Құралұлының тіл тазалығы жайлы сұқбат-хабарына  қатысып, республика халқын радио арқылы дұрыс сөйлеуге бағыттап келгені де баршаға мәлім. Өзі тұратын көше, үйге жақын аялдамадағы келеңсіздіктер туралы да мерзімді басылымдардың бірі «Алматы ақшамы»  газетінде қоғамдық пікір тудыра алғанын  да ғаламтор беттерінде сақталған мақалалардан көруге болады.

Ардақты ұстаздың алғашқы көргенде түрі қатал, сұсты боп көрінгенімен сабақта арасында анекдот айтуға да уақыт табатын сәттері бар еді. Бірінші курста  арнайы пәнді жүргізген сабағының бірінде естіген күлкілі қағытпа әңгімеміз есте, ол Қожанасырдың базардан балта тауып алғаны жайлы болатын. «Ей, халайық, темір тауып алдым, сабы ағаш» деп, «темір» сөзін қаттырақ, ал «ағаш» сөзін ақырын айтатын жерінде актерлік шеберлікпен даусын өзгерте айтқанда, сахнада жүргендей жанын сала айтатын, студенттер беріліп тыңдап, еркін күлетінбіз. Асекеңнің кез келген жағдайды әзіл-қалжыңға айналдыра алатын әдемі күлкілі шымшыма әңгімелері мен бірқақпайлары өте көп.

 1987 жылдың күзінде ағай бастап филология факультеті студенттері Қостанай облысы, Комсомол ауданы, «Станционный» совхозына картоп жинауға бардық. Төрт күн пойызда іш пысады, вагонда жата-жата ән саламыз, «Тасымов ағай  шахмат ойнайтын қайсың бар деп жатыр», – деп,  жоғары курстың бір жігіті келіп тұр. Алдында ғана 1-курсқа жаңа түскен Әзімхан Ыбырайымов деген студентті жеңіп алған мен жүрексіне «мен»  дедім. Вагон аралап жеттім, ағайдың жанында сол кездегі орыс тілі кафедрасының аға оқытушысы Эра Камилевна деген әйел және бір ер адам бар екен, ұстаздардың бірі болар, қазір есімде жоқ, үшеуі отыр екен. Жастықтың жалауы желбіреп купесіне кіріп  бардым. Мектепте ептеп ойнап жүрген шахматыма сенімім аздау болса да қорқып көрмеген әдетпен отыра қалып-ақ фигуралармен ойнадым, ағай «осы қыз не ойнап жетістірсін» деді ме екен,  қасындағылармен әңгімеге алаңдап отырып, қорғанысын ашық қалдырды. Аз уақыттан соң «шах» тұрмақ, «мат»  қойдым. Екі қасы құстың қос қанатындай тікірейе қарап, шоң мұрыны делдиіп, таңғалысын жасырмай, ауыл-аймағымды, кімдер тәрбиелеген екенін, шахматты кімнен үйренгенімді бәрін сұрады.  Кеше ғана «жатақханадан орын жоқ, Алматы облысы екенсің»,–деген сұсты Тасымовтан мақтау естігенге төбем көкке жеткендей болдым. Қолыма бірнеше алма ұстатып жіберді...Жеңістің дәмі қандай тәтті!  Менен бұрын қасымдағы курстас қыздар мәз болған... Қостанайдағы бір жарым айдай уақытта ағай бізге қаталдығынан да ағалық қамқорлығымен есте қалды. Жиынға көмекке келген өзбекстандық шопырлар жігіттік жасап,  бойжеткен қыздарға тиісіп жүрмесін деді ме, жаңбырда тоңсақ, кабинаға екі қыздан барып  жылынып отыру туралы шешім шығарған, мұнысы да қазір ойласақ, жөн екен. Кешке түгендеп жатқан орнымызға кіретін, ағайдың көзі байқамайтын нәрсе жоқ еді...Ерінбей санап алатын, тақтай нар үстіндегі топ қыз ренжісек те,  тәртіптің аты  – тәртіп, түгендеу кезінде сыртта жүрмейтін болдық. Қостанай сапарынан соң ағайды бұрынғыдан да адамгершілік тұрғысынан тани түстік. Келген соң  жатақхана тәртібіне жауапты Асылбек Тасымов күн демей, түн демей,  «Ауру – астан, дау – қарындастан»  дегендей, қызы көп факультет болған соң  мәуелі бақша жемісіне көз сатушы да көп, сол кездегі №8 жатақхананы  (қазіргіше айтсақ, студенттер үйін)  тексеруге аяқ астынан келе қалатын. Есік алдында қызыл жигули маркалы көлік тұрса, ұзын дәліз бос болатын. Көлік кетісімен, бөлмелерден домбыра даусы күмбірлеп, бір жерден бізден жоғары курста оқитын  Төлеубек «Қызыл бидай» деп әндетсе, дәліздің екінші жағынан, Досымбек «Керім-ау,  айдай»  деп созатын... Ағай дәлізде жүргенде өшіп тұрған жарық жанып, абыр-сабыр боп жатқанда, ағай көлігін жол жаққа қойып, қайта келетін. Қыз бар жерде қызық көп... Ұсталып қалғандармен тәрбиелік әңгіме жүргізілетін. Қысқы сессия кезінде курстасым Гүлмира Н. екеуміз Медеу мұз айдынына баратын болдық. Әл-Фараби жаққа жолға шығып, такси ұстамақ боп өткен көліктерге қол көтеріп тұрмыз, күн аязды, суық  еді. Ойқастап қызыл жигули тоқтады.  Артқы есікті ашсақ, рульде Тасымов  Асылбек ағай отыр... Отырғызып алды да, «Боранды күні ит пен бала құтырады» деген мақалды айта отырып, біраз ақылын айтып, күн суықта ол жақта жүргенше емтиханға дайындалуыыз керегін ескертіп, Фурманов көшесіне бұрылған жерден «ары қарай автобуспен барыңдар»,  деп тастап кетті. Басымыз салбырап жатақханаға қайтқанбыз... Асылбек ағаймен 1988 жылы сол кезде доцент, филология ғылымдарының кандидаты, фольклортанушы Шәкір Ыбыраев  (қазір филология ғылымдарының докторы,  профессор, Көкшетау мемелекеттік университетінің ректоры)  басқарып, біздің курс қазақ әдебиетінен  фольклорлық  және қазақ тіл білімінен диалектологиялық оқу-өндірістік практикаға Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданына жол тарттық. Курстастар бірнеше ауылға бөліндік, бірі қазіргі Н.Әбдіров ауылы, бұрынғы «Бейбітшілік» совхозына, екіншісі «1-Май» деп аталатын совхоз, қазіргі ғарышкер, халық қаһарманы  Тоқтар Әубәкіровтың атындағы ауыл,үшіншісі сол кезде  «Восток» деп аталатын елдімекен, сосын бірсыпырасы «Бесоба» деген жерге, мен бастаған жеті қыз ғарышкердің атындағы ауылға бөліндік. Жастықтың өз желі мен желігі бар кез, қазіргідей мобильді байланыс жоқ заманда ағай ерінбей сол совхоздар  арасын  кейде екеулеп Шәкір ағаймен, кейде жалғыз  тексеріп келіп кететін. «Әдемі қыз айтқанда, өтірік те әдемі» деп Қадыр ақын айтқандай, кейде өтірігіміз ұйқасса, кейде келіспей қалатын.  Асекең сезімтал, сұңғыла кісі, жеті тұрмақ тоғызыншы сезімін іске қосса да бәрін ұғатын, бәрін біліп қоятын... Ол жақта болған оқиғаларды жазса, ол өз алдына бір әңгіме.  Айтарым, ағайымыздан  ол жақта  да ұстаздық талап пен қарапайымдылық, қыз балаларға деген ерекше  жанашырлықты барынша сездік. Асылбек ағай шымыр, мығым күш иесі еді,  майысып  педагог екенмін деп сипақтап тұрмайтын, керек тұста төбелеске дайын жігіттерді алып ұратын, қолдары спортшыға тән шапшаң, сасқалақтауды білмейтін,  кеудемсоқ жігіттерді қалпақтай ұшырып, тәубесіне келтіретін. Содыр дегендер мұндайдан соң ағайды айналып өтетін.  Бұдан кейінгі курстардың бірі Алакөл маңайында өткен студенттер практикасында ағай сол жергілікті мекендегі ауылдың бұзақы балаларының ең серкесі дегенін автобус есігінің алдына тұрып алған жерінен қолынан жұлқи бұрап,  лақтыра алар күшінің барын көрсеткеніне куә болған да адамдар бар. Ағай 2011 жылы өткен біздің курс түлектерінің  ҚазҰУ бітіргеніміздің 20 жылдық кездесуіне де келіп, ерінбей соңына дейін таудағы бас қосуға да қатысты, көпшілігіміз баламен шыққан екенбіз, оларға аталық батасын берді.

Университеттің факультетаралық қысқы оқытушы-профессорлар құрамы арасында өтетін дәстүрлі олимпиадаға да Асекең барын салып қатысатын. Жанына жанкүйер ретінде ғалым достарын жинап әкеліп, жасының ұлғайғанына қарамастан үстел теннисінен жарысқа түсетін. Достыққа адал, қолынан келген көмегін кез келгенге көрсетуге асығатын, оның тіл табыса білетін қасиетінің арқасында талай қазақ қалалық тіркеу қиын заманда тіркеулі болып, пәтер кезегіне ілінген еді. Ғалымдар Ә. Нұрмағамбетовпен, Т. Қоңыров, К. Құсайынов сияқты замандастарымен  қалжыңы жарасатын, ғылыми жетекшісі академик  Ә. Қайдармен,  биыл көктемде ғана өмірден озған академик  Ш. Сарыбаевпен әзілдері бір төбе, сыйластықтары ұзағынан болған еді. 

 Таңертең жаяу жүруді әдетке айналдырған ағай өзімен бірге жаяу жүретін серіктестер тауып, жаңа қонысы «Ақкент» ықшамауданында да таңғы серуенді жалғастырып отырғанына мына бір жайт куә. Университеттің дене шынықтыру және спорт мамандығының 1-курсында оқитын  студенттерге бокс өнері, оның тарихы туралы дәріс барысында түсіндіре келе бокс өнері бойынша  алғашқы қазақ бапкерін біле ме екен деген оймен сұрақ қойдым. Орыс бөлімінің спортшы жастары ішінен боксқа қатысатыны жоқ екенін біліп алғанмын. Шведов Станислав атты студент «мен білем» дегендей, орнынан қозғалды. Менің өзім енді біліп жатырмын, бұл не білсін дегендей, сенімсіздікпен жауабын тыңдайын дедім. С. Шведов Алматының батысында жаңа салынған ықшамаудан  «Ақкентте»  Шоқыр Бөлтекұлы атындағы көше барын, ол адамның қазақ боксшыларын дайындауда өз үлесі барын айтты. Бұл мәліметті қайдан білетінін сұрадым. «Мен аты-жөнін білмеймін, бір үлкен кісі бар, естуімше, ол осы университетте оқытушы,  сол «Ақкентте»  тұрады, таңертең шалдармен бірге жаяу жүреді, бір топ жастар жүгіреміз, сол кісі бірде демалып отырғанымызда: « Мына көше кімнің атында, Шоқыр Бөлтекұлы дегенді білесіңдер ме?» – деді, біз «жоқ»  дестік. «Сонда ол осы Ш. Бөлтекұлының боксшы екенін, чемпион екенін, бокс үйірмесін ашқан жаттықтырушы екенін айтты», – деді. Кейіннен ағаймен  үзілістердің бірінде кафедрада қазақ спорты жайлы, оның ішінде, бокс туралы сөз басталып, Шоқыр Бөлтекұлы туралы естелік айтты, сол кезде осы С. Шведовтың айтқаны еске түсті, ағайдан сұрағанымда жастарға ол жайлы мәлімет беруден жалықпайтынын білдім. Студентіме жолыққан қария осы Асылбек Тасымов екенін ұқтым. Спорт тақырыбында естігендерім санамда әлі сайрап тұр, көпшілік біле бермейтін небір жайттарды біліп, спортшыларға да тіл үйрету мақсатында оқу құралын жазуға таптырмас құнды мәліметтер алдым. Ағайынды боксшылар Махмұд, Мұхтар, Рашид, Ерік Омаровтар туралы естігенімді ағай өз естеліктерімен толықтырды. Спорттың бокс түрімен шұғылданғанын бұрыннан да естігенмін, бұл жолы оның       жаттықтырушылары жайлы, атақты боксшы, талай спорт шеберінің жаттықтырушысы  Жандос Көкімовпен бірге жаттыққанын  да білдім.

 Орыс аудиториясына сабақ беруде де ағайдың өз қолтаңбасы бар. 1990 жылдың желтоқсан айында ағайдың  ҚазҰУ-дың заң факультетінің орыс тобында жүргізген сабағына бітіруші студент ретінде тәжірибе алмасу мақсатында  қатыстым. Қазіргі білікті заңгердің біразы кеңес заманы болса күші бар 1989 жылғы Тілдер туралы заңға сәйкес сол жылдары Асекеңнің алдында сасқалақтап қазақша тіл сындырғандар қатарында болды, олардың бірсыпырасы қазірге дейін  ағайды құрметпен еске алады. Орынсыз талап қоймайтын, сыйласқанның құлы бола алатын, пенделік ұсақ  мінезден аулақ тұратын ұстаз-оқытушылық қызметтің барлық тұсында да абыройлы бола білді. «Сенің орысшаң тәуір екен, кафедра ашылса, сонда оқытушы болып қалсаң қайтеді, аспирантураға түс»,- дегенді айтып, оқытушы болудан қашпауымды ескертетіп, мен жайлы марқұм профессор, университеттің орыс бөліміне арналған  қазақ тілі кафедрасының іргесін қалаушы Талғат Сайрамбаевқа құлаққағыс жасағанын да кейін, мұнда  білдім...

Кафедра теориялық білім беретін іргелі пәндермен қатар республика бойынша қазақ тіл білімінен диссертациялық ғылыми кеңесі бар үлкен ұжым болғандықтан, көптеген диссертациялардың талқылауы өтетін. Докторлық диссертациялардан да кандидаттық диссертациялар талқылауы  қызық өтетін, мұндайда ағай қалжыңдап отырып, ешкімнің намысына, арына тиер тірлік жасамай, әзілмен ғана кемшілігін айтып, пікір білдіретін. «Артынан шай-пай ішіп отырып, бейресми тағы айтам ғой», –дейтін... «Шай-пай»  сөзі ұнап, жастар жағы талқылаудың тез аяқталуын күткендей, жымың ете түсуші едік... Зерттеу жұмысына сын айту деген осы екен деп тапырақтап кетпей, нақты және негізгі ойын қысқа тұжырымдайтын. Алтын уақытты ысырап етпеудің де шебері екен ғой!

 Кафедрамыз бөлек кезде мемлекеттік тіл кафедрасы жағында жаңа оқытушы келіншек жұмысқа тұрса, дәлізден мені көрсе, келген оқытушының күйеуі бар-жоғын сұрайтын. Осы жағы  сізге неменеге  керек дегендей боп, қашқақтасам: «Қандай болса да жас  әйелдің ері болғаны жақсы, еркегі жоқ әйел –ноқтасы жоқ мал сияқты, бас иесіз кетеді», – дейтін. Елдің күйеуін түгендеп осы кісі де дейтінбіз... Көпшілік Асекеңнің бұл мінезін түсінбейтін. Байқасақ, қыз баланың тұрмысының сәтті, түтінінің түзу шыққанына мән береді екен ғой.

   Жиналыстарда бола алмаса нендей жаңалық болғанын сұрап, айына екі-үш рет  телефоныма хабарласатын. Кейде жұмыс жайын сұрап, кейде жинаққа шығар ғылыми мақаласының соңына тіркер түйіндемені орысша аударуымды өтініп, телефон соғатын да, аяқ жағын естіген жаңа анекдотымен аяқтап, күлдіртетін. Былтырғы жаз басында да әдеттегідей телефоным шырылдады, асығыс едім, «Тасымов» деп аты шығып тұр, амалсыз  алдым. Амандық –саулық сұрастық, даусы бәсең шықты. Жұмыста не жаңалық барын сұрады, қысқаша айтып, дәл сізге қатысты жаңалық жоқ дегенді ұқтырдым. Өзім асығып тұрғанда қыршаңқылау анекдоттың бірін айтып тұра ма деп тұрғанымда: «Оу, Айгүл, қартайған адамдарға хабарласып, амандық сұрасып қойсаңдаршы, бізге тек дауыстарыңды естісек те күш қой», –деді...  Бұл менің аяулы да ардақты, серілігі адалдығына серік болған, қызыл түске құмар ұстазым, әріптесім,  ғалым  Асылбек Тасымовпен телефондағы болса да соңғы сұқбатым екенін қайдан біліппін...Бір кем дүние...

 Асылбек Тасымов туралы айтар естелік өте көп, бұл тек бір кездегі студенттің кейінгі әріптестің көзқарасымен жазылған естелік-эссе ғана, ғалымдығын, жазған оқу құралдарының сынын, сапасын, ғылыми тілмен талдамадым, ағайдың замандастары айтар әңгімелерді қоспадым. Ағайдың бұл өмірден өткеніне де биыл бір  жыл толды.  Асекеңнің артында қалған ұрпағы мен жан жары Раиса апайға, қызы Алмаға  және жалпы жамағатқа ұстазымыз бен әріптесіміздің жарқын бейнесі мәңгі жадымызда екенін айтқымыз келеді. Асекеңнің ұтымды әзіл-қалжыңдары, жігіттік әңгімелері есімізде, оның жан дүниесі алыстаған сайын биік боп көрінетін таудай санамызда жаңғырып, кафедрамызда ағайдың өзіндік орнының ойсырап қалғанын жеткіздік.

 Аяулы ұстаз, ғалым Асылбек Тасымовтың есімі мен жарқын бейнесі қазақ тіл білімі кафедрасымен бірге  жасай береді.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультеті  қазақ тіл білімі кафедрасының доценті,                                                           филология             ғылымдарының кандидаты      Шыныбекова Айгүл                                                                   

 

 

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір