• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 23:15:50
+35°

16 Мамыр, 2019 Әлеумет

Елордадағы митинг: Сұлтанов сұраққа жауап беруді ғана біле ме? (видео)

16 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласында көп балалы және жалғыз ілікті аналардың наразылығы өтті

16 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласында көп балалы және жалғызбасты аналардың наразылығы өтті, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Наразылық қалай басталды?

Азаттық радиосының айтуынша, аналардың наразылығы қалалық әкімдікке қырыққа жуық ана келіп, баспана мен жәрдемақы мәселесіне шағымдануынан басталған. Наразылар арасында көп балалы, жалғызілікті және мүгедек бала бағып отырғандар бар.

Наразылар биліктің баспана мәселесін шешу үшін ұсынған бағдарламалары тиімсіз деп санап, үкіметтен үйді алғашқы жарнасыз, банк комиссиясынсыз беруді сұрайды. Баспана мен атаулы әлеуметтік көмек алу үшін құжат дайындағандарын айтқан аналар кедергілер көптігін де айтты.

Жиналғандар өткен айда балаларға берілетін жәрдемақыны көбейту, әлеуметтік жеңілдіктер жасау сияқты ондаған талабын жазып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен премьер-министр Асқар Маминге, парламент депутаттарына хат жолдаған. Әкімдікке жиналған аналар өздерінің хаты қайырылған билік өкілдеріне емес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жеткеніне наразы.

Әкімдік алдына 10.30 шамасына жиналған аналарға қала әкімі де, орынбасарлары да шықпаған соң наразылар Астана экономикалық форумы өтіп жатқан Конгресс орталығына бет алған. Наразылар форумға бара жатқан соң әкімдік өкілі шығып, қала әкімі Бақыт Сұлтановтың орынбасарлары аналарды кездесуге шақырғанын айтты. Бірақ аналар "олардың ештеңе шешпейтінін" мәлімдеп, әкімдікке қайтуға келіспеген.

"Елбасы келсін"

Наразы аналар Халықаралық экономикалық форум өтіп жатқан аталмыш ғимараттың алдына жиналып, Қазақстанның бұрынғы Президенті Н.Назарбаевтың билікке  келіп, өзі уәде еткен атаулы әлеуметтік көмекті беруін талап етті. Оларды қалалық полиция департаментінің өкілі Бақытжан Малыбаев тарап кетуге шақырды. Бірақ аналар наразылықтарын білдіріп, тарамай тұрып алды.

"Өйткені оның қарны тоқ"

Олар "биліктегілер халықтың жағдайын ойламайды, мемлекеттің ақшасы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр" деп ашынды.

"Елбасы бізге теледидардан пиар жасап, атаулы әлеуметтік көмек, баспана уәде етті ғой. Бірақ қарасаңыздар, Елбасының осы сөзінен кейін 1 мамырдан бастап аналар қанша үй алды? Мен мысалы, кезекте он мыңыншымын, 10 жыл болды қазір сегіз мыңыншы орынға келдім. Сонда не,10 жылда 2000 адам ғана үй алды ма? Оның бәрі өтірік. Елдің бәрін алдап-алдап, халықтың қаражатын үкімет өзі иемденіп жатыр. Біздің шахтерларымыздың, мұнайшыларымыздың, теміржолшыларымыздың ақшасы басқа біреудің қалтасында кетіп жатыр. Осының барлығы халқымыздың момындығынан, иті де, биті де басымызға шықты. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр. Мен мына аналардың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын көргенде, жүрегім қарс айрылады. Жейтін нан, ішетін сүт таппай, сәбилері қара су ішіп, қара нан жеп отыр. Оны Елбасы біле ме екен, білмейді! Өйткені оның қарны тоқ. Оны біз білеміз", - деді наразы аналардың біреуі.

Әкім мен министр аналарды ымыраға шақырды

"Балаларға үй берілсін!", "Баспана" деп айқайлаған аналармен сөйлесуге форум өтіп жатқан ғимараттың ішінен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев келіп, оларды автобуспен қала әкімдігінің ғимаратына барып, өз мәселелерін айтуға шақырды.

Әкімдік қызметкерлері наразы топпен бірге журналистердің автобусқа мінуіне кедергі келтірген. Алайда, аналар "автобусқа журналистер мінсе ғана, әкімдікке барамыз" деп талап қойды. Аналардың талабына амалсыздан келіскен олар журналистердің бірге баруына келіскен. Алайда, әкімдік ғимаратына жеткен соң ғимарат ішіне БАҚ өкілдерінің кіруіне тағы да қарсылық білдірілді. "Журналистер кірмесе, біз де кірмейміз" деген аналарға Бердібек Сапарбаев "сіздердің мәселелеріңіз ғой, журналистердің қандай қатысы бар?" деп уәжін айтты.

Бақыт Сұлтанов

Сұлтанов сұрақтарға жауап берді

Бұдан кейін қала әкімі Берік Сұлтанов наразы аналарды әкімдік ғимаратында қабылдады. Бірақ оған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минстрі Сапарбаев қатысқан жоқ. Қабылдау барысында аналар баспана және атаулы әлеуметтік көмек мәселесін көтеріп, сұрақтарын қойды.

Жиналғандардың кейбірі баспана алу үшін банкке алғашқы жарна төлеу талабын алып тастауды сұрады. Сұлтанов "Алғашқы жарна төлеу талабын алып тастау - банкті құлдырату деген сөз" деді. Баспана кезегінің баяу жылжитынына шағынған аналарға Сұлтанов "мәселенің шешіліп жатқанын" айтып жауап берді.

- Кезекте тұрғандарға берілетін баспана санын көбейтуге тырысамыз. Үкімет түрлі бағдарламалар арқылы Алматы да, Шымкентте де осы мәселені шешуге тырысып жатыр. Себебі бізде мәселе расымен көп. Кезекке тұра алмай жатқандар да бар, - деді әкім.

Қала әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиынға 70-ке тарта ана келген. Олар Сұлтановтың атына жеке басындағы мәселесін жазып, арнайы  жазба қалдырды. Бірақ көкейде бір сұрақ бар: Қала басшысы Бақыт Сұлтанов пен әкімдіктегілер осы уақытқа дейін қайда қараған? Мәселенің шешілуі үшін аналар міндетті түрде митингке шығуы керек пе? 

 

 

Qamshy.kz

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір