• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 15:56:30
Алматы
+35°

20 Наурыз, 2019 NEWS

Еліміздің кемел келешегі үшін

Еліміздің кемел келешегі үшін

2019 жылдың 19 наурызында, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Ел Президенті өкілеттігін тоқтатып, өз еркімен Ата Заңымыз бойынша Сенат Төрағасына уақытша беруі жайында айтқанын теледидардан тыңдағанымда, қатты толғанысқа түскенімді жасыра алмаймын. Жақында ғана «Нұр Отан» партиясының XVІІІ съезінде делагат болып қатысқанда, өз көзіммен көрген, өз құлағыммен естіген Елбасы бейнесі көз алдыма келіп, ерекше толқу күйін кештім. Бір мен емес, бүкіл съезд делагаттары партия төрағасының нұрлы келбетінен логикалық қуатты, идеялық жарқын мұратты, нық дәйектелген сенімділік, сезімін кешкен едік. Әрине, бұл менің көңіл-күйім. Тарих бір орында тұрмайды, қоғам қажетіне қарай өзгеріп, жаңарып отыратын құбылыс бізге де тән деген оймен өзім-өзіме келгенімді жасыра алмаймын.

Еліміз Тәуелсіздік алып, басымызға бақыт құсы қонған кезде Ел Президенті болып сайланған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Республикамызды дұрыс жолға салатынына оған бірауыздан дауыс беріп қолдаған халық қатарында имандай сенген мұғалімдер қауымымен бірге мен де сендім. Сеніміміз ақталды да. Елбасы қазақ елін әлемдегі өркениетті елдердің, қазақ халқының әлемдегі озық білімді, озық ғылымды болатынына қазақстандықтарды сендірді, өзі ұсынған «Қазақстан – 2030» стратегиялық Бағдарламаның орындалуын басқарып, «Қазақстан – 2050» Бағдарламасының жүзеге асуын қамтамасыз ететін жолдарды нақты анықтап берді. Тұңғыш Президентіміз әлемде дараланып танылды, әлем саясаткерлерінің ішіндегі озығы дәрежесінде екенін халқы бағалап, төрткүл дүние мойындады.

Халық үшін ең үлкен бақыт-биліктің мықтылығы, даналығы екені жалпыға аян. Елбасымыз ішкі саясатты да, сыртқы саясатты да ішкі жағдаймен және халықаралық тыныспен шебер үйлестіріп, мемлекетіміздің негізін қалап, оны нығайтып, әлемдегі дамыған 30 елдің бірі болуына көсемдік басшылық етті. Кеңесті ел кемімес деп, бұған халқымен бірге қол жеткізіп, осы сындарлы кезеңде Президенттік билік ұтымдылығының үлгісін көрсетті. Шерхан Мұртазаның: «Елбасы-біреу, халқы-тіреу» дегені – өзі куә болған іс. Қашандағы жүйелі жөнділікті білетін халқымыз: «Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы» деп, алаш жұртына жол-жоба салып берген кемеңгерлікке адал көзбен қараған дәстүрінен айнымай, Ата Заңымыз, аса маңызды тарихи Бағдарламалар,

Жолдаулар т.б. бағыттарды әділ де жоғары бағалап, орындап жатқаны – тарихи ақиқат. Жақсылыққа сендіру үшін шын жақсылық жасауды бастау абзал деген – осы! Жақсылықтар тек жақсылықтан ғана туындайды.

Ел болам десең алдымен өзіңді, одан соң бесігіңді түзе деген алдыңғы буын ойшылдарымыздың өсиеттерінің және ұлт мұраттарының жалғасы ретінде «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» сияқты бастамаларымен Елбасы ұлт бесігінің ұлттық мазмұнында өмір сүріп, өсіп – өнуіне жол ашты.

Мемлекеттік даналықты бағалауға да даналық керек-ақ. Осы орайда оқырмандар сүйіспеншілігіне бөлінген, адами бақыттың жаршысы атанған жазушы Әзілхан Нұршайықовтың сөзі ойға оралады. «Ел басқару – ең үлкен өнер. Ол екінің бірінің, егіздің сыңарының қолынан келе бермейді. Бойына халықтық көп қасиеттер жинақталған адамның ғана қолынан келеді. Ол шыншыл, алғыр, көсем, айтқыш, ұйымдастырғыш, болжағыш, сезгіш, сергек бола білу керек. Ұшқыр ойы игілікті істермен ұштасып жатуы жөн. Халықты басқару үшін халықтың ойындағы барлық өнер, білік, парасат көсемінің көкірегінде күмбірлеп тұруы керек. Міндет – мақсатын тыңғылықты іспен тиянақтайды. Осы және басқа халықтық қасиетердің бәрі қазіргі Президентіміздің басында бар. Оны халықпен қабыстырып отырған да осы қасиеттер», – деген еді.

Елбасының бұл басшылық ерекше қасиеттері білім беру саласында да реформалық істерде көрініс тапты. Тәуелсіз ел үшін отандық төл оқулықтарды дайындап енгізу, қабілет – дарыны жоғары балалар үшін Назарбаев зияткерлік мектептері мен Назарбаев университетін ұйымдастыру, «Болашақ» бағдарламасы бойынша мыңдаған жастарымыздың шетелдерде ең озық университеттерде білім мен тәжірибе алып, ел игілігіне қызмет етіп жатқаны, білім мазмұнын және оқыту технологиялары түбегейлі жаңғыртып, үш тілді меңгеруіне жағдай жасап отырғаны, мектеп пен балабақшалар үшін мыңдаған жаңа ғимараттар тұрғызғаны, түптеп келгенде сыни ойлай алатын, бәсекеге қабілетті, коммуникативтік дағдыларды қалыптасқан креативті тұлға дайындау мақсатын жүзеге асырып отырғаны т.б.с.сс жеңісті де жемісті жаңалықтар галлереясы қоғам дамуына ерекше серпін беруде.

Маған Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» және Алтын Жұлдыз бен «Отан» ордені марапаттарын елімізде бірінші болып алу бақыты бұйырған еді. Содан біраз жыл өткен соң, Астанада мемлекеттік мәнді бір үлкен жиынға шақырылғандардың бірі ретінде көп ішінде тұрғанымда, Елбасы арнайы назар бөліп, «олимпиада жеңімпаздарын шығарып жатырсыз ба?» деген сәлеміне ие болдым. Президентіміздің жас ұрпақ тәрбиесін әрқашан есте ұстайтынына көз жеткізген едім.

Ал бүгіндері халыққа әлеуметтік қолдау мен көмекті күшейтуге үкіметке арнайы тапсырма беріп, оның орындалуына тікелей өз бақылауына алғаны да белгілі. Бұл Президенттің халқымен біртұтастығын тағы да айғақтай түсіп отыр.

Көрнекті мемлекет қайтаркері Өмірбек Бәйгелдінің мына төменде келтірілген пікірін өз басым күні бүгіндері де аса өзектілікті деп санаймын:

«Назарбаевтың ел тарихында алар орнын әлі толық түсініп болғанымыз жоқ дер едім. Нұрсұлтан Әбішұлын ардақтау, қорғау, сақтау-елдігімізді ардақтау, қорғау, сақтау. Назарбаевтың елді басқаруына қай жағынан да жағдай жасау арқылы біз Қазақстанның кемел келешегіне, берік болашағына жағдай жасаймыз, әрқайсымыздың еңселі ертеңімізге негіз қалаймыз» (Байгелді Ө. Мәртебе// «Егемен Қазақстан» 2009 жыл, 6 шілде).

Мемлекеттің ішкі, сыртқы Саясатын сараптап, Ұрысқа ұрындырмай, соғысқа соқтықтырмай, Халықты бейбіт өркендету жолымен Алға басып келе жатқан Құрметті Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы аман болсын! – деймін.

Жарияланған Үндеуде айтылғандай, Елбасының өз бастамашылдығымен жобаланып жоспарланған мемлекеттік Бағдарламалардың орындалу жеңісі мен жемісін халқымен бірге көруіне тілектеспін!

Аягүл Төреқызы Миразова

Қазақстанның Еңбек Ері,

«Алтын жұлдыз», «Отан» ордендерінің иегері

Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер,

Алматы қаласының,

Жамбыл облысының,

Жуалы ауданының

Құрметті азаматы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір