• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 01:30:10
Алматы
+35°

11 Наурыз, 2019 NEWS

Елімізде жалданып жоқтау айтатындардың "ставкасы" қанша?

Бейтаныс адамның өліміне қабырғасы қайысардай болып жыр арнайтын жалдамалы қызметтің түрі пайда болған

Елімізде қазалы үйге барып жоқтау айтып, бейтаныс адамның өліміне қабырғасы қайысардай болып жыр арнайтын жалдамалы қызметтің түрі пайда болған. Бағасы 20 мың теңгеден бастап, марқұмның атақ-абырой мен қызметі қандай болғанына байланысты көтеріле береді. 

Бұл дәстүрдің жаңғыруы ма әлде алаяқтардың ақша жасау үшін ойлап тапқан жаңа тәсілі ме? Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасының дерегіне сүйеніп хабарлайды.

Мойындаңызшы? Жоқтауды қашан естідіңіз? Жо-жоқ, зарлауды емес. Қайғыны осылай өлеңмен өргенді, қашан көрдіңіз? Есіңізде жоқ. Қалаға келгелі, жоқтауың не, бұл қазақ  көңіл айту, көңілқос, көңілшәй дейтін дәстүрдің «рецептерін» жоғалтып алды емес пе?!

«Дәстүрді қала өмірі жұтып қояды. Дәстүр фарсқа айналады. Дәстүр  белгілі бір шоудың бір атрибутикасына айналады», - дейді этнограф Серік Ерғали.

Дәстүр фарсқа айналды дегені рас. Қазіргі келіндер жоқтау айта алмайды. Айт десең,  "қойшы" деп ұялғандарын да көрдік. Әйелді қойшы, ер азаматтар да "ұяламыз, қазалы үйге бауыырыыымдап жоқтап баруға қысылып, үлкен адамдар келсін" деп... талайымыз көше басында тығылып, тұрдық қой?! Өз дәстүрімізден өзіміз ұялатын боп алғанбыз. Себебі, салтымыз шынайы емес. Скеч сияқты көреміз... Скеч дегеннен шығады. Соңғы уақытта, қазалы отбасына жалданып жоқтау айтуды кәсіпке айналдырғандар шығып жатыр... Асаба тойды қойып, өлімге де келіпті ғой. 

«Ел сыйлаған азаматтарымыз өліп жатыр. Соның бәрі жоқтаусыз көміп жатырмыз. Жоқтауды жаңғыртайық дегенде, аралап жоқтау айтатын кемпірлер шығыпты. Оларды анау жерге де апарады екен, мынау жерге де апарады екен», - деп айтты жазушы, этнограф Ұларбек Нұрғалым.

Жоқтаудың сөзін жазып бергендер болған шығар, бірақ біреу үшін қайдағы біреудің жоқтап бергені болмаған... Абсурд бұл. Сосын қазаның қайғысын басынан өткермеген, туғаны өліп, шын жүрегі ауырмаған қаймана біреудің жоқтап отыруы бір әртістің қойылым секілді жасанды. Еш әсері жоқ ондайдың...

«Пайғамбарымыздың кезінде, жалданып жоқтау айтатын әйелдер болған. Арнайы жалданады, келіп айтып береді. Сондайларды көргенде, пайғамбарымыз: Мыналар бізден емес деп айтқан. Демек тыйым салынған», - дейді Хазірет Сұлтан мешітінің наиб имамы Ғазиз Ахмет.

Басқасы басқа,  топырағы суымаған өлімді өнер қойылымына айналдырып жібергенін қай қазақтан көрдік?! Бұл дұрыс емес! А, айтпақшы. Ақылы жоқтаушыларды іздедік.

«Қайтқан үйге жалданып жоқтау айтатынды естіп жүрміз. Өз басым көрген жоқпын»
«Ақылы жоқтау пайда болды,-деген сөздерді естіп жүрміз... бірақ өз басым бірде бір жерден ақылы жоқтау айтып жүргенді көрген жоқпын».

Жалданып жылау, жоқтау деген өтірік. Түрлі сайт-сайтанның сапалағы екен. Бірақ, жоқтаудың жоғалып бара жатқаны хақ. Жоқтаудың не керегі бар,-дейтіндерге айтар уәж бар... Дұрыс қой. Өлімге сабыр қылу керек. Салқынқандылық жақсы, әрине... Бірақ оның да "бірағы" бар... Ауыр эмоцияны сыртқа шығармаса, күйік-қайғы ішке түсіп кетеді де, адамды кеселге душар етеді... Соңғы уақытта, өлімнен кейін өлімнің көбейіп кеткені де, сол. 

«Өзін үңги береді, үңги береді. Жас шықпай қалады. Шемен, шер боп қатады. Ол ауру ақыры адамның өзін алып қояды», - дейді этнограф, жазушы Ұларбек Нұрғалым.

Қайғыңды сыртқа шығармасаң, іштей тынып, жинай берсең  ол  шемен, шер боп қатады. Ол ақыры адамның өзін алып қояды. Қаралы үйдің әйелдеріжоқтауайтып, ерлері дауыс салып қайғырған қазақ бірдеңе білген-ау, дейсің осындайда... Айтпақшы. Жоқтау  тек қайғыңды ішке түсіп кетпесін деп, жылау арқылы сыртқа шығару ғана емес. Жоқтау  кімнен айырылып отырғаныңды, бұ жұрт қандай тұлғасын жоғалтқанын естірту, хабарлаудың түрі. 

«Мұндағы мәні жоқтаудың сол қаза болған адамның қадірін ұқтыру, құнын көтеру. Сосын өлім мен өмірдің мәнін ашу. Қазалы үйге кіріп шыққанда, сен өмірдің мәнін түсінесің. Уағыз», - дейді этнограф Серік Ерғали.

Былайша айтқанда, жоқтау дегенің  сырттан келе жатқан кісілерге қай үйде қаза болғаны, кімнің қайтыс болғанын, қай жастағы адамның қайтыс болғанын, қандай жағдайда өткенін білдірудің әдемі, әдепті жолы екен ғой. 

«Жоқтаудан да басқа жоқтайтын нәрселеріміз бар, қызық болғанда», - деп айтады жазушы, этнограф Ұларбек Нұрғалым.

Жоқтауға тиіс дәстүр тым көп екен ғой, бізде. Ең әуелгісі, естіртуді алайықшы. Жалғыз ұлынан айырылғанға, алтын тауып алдыңыз. Бір-уақ пайдаландыңыз, енді шын иесі келсе, не істейсіз,-деп ақиқатқа көндіріп барып, қазаны естіртетін қазақ, қазір  ол өлді,-деп дүңк еткізеді. Тыңдаушы рөлде келе жатыр ма? Жалғыз өзі ме, қарамаймыз...

Сосын, бұрынғы қазақ, өлім болса, күллі көрші-қолаң қазалы үйде жүретін, көңілін аулайтын. Ал қазір, көрісіп бола сала, қашамыз. Қазалы үй жалғыз қалады... Ой-мұңмен мүжіліп жалғыз қалады. Жә... Ылдым-жылдым көңіл айтқанына да шүкір, бұ жұрттың. Бұл күнде небір көңілжақын, қайғыңа ортақтасуы тиіс деген адамдарымыз қарға адым жерде тұрып бет көруге, жүзбе жүз көңіл айтуға жарамайтын боп алды емес пе? 

«Қайғы шынымен бөліссең азаяды. Қайғы. Шынымен ел келіп, жоқтау айтып, көңіл айтуы деген есіңде тұрады. Бір жақының өмірден өткенде, келмей қалған бір жақының өмір бойы есіңде тұрады. Тойыңа келмей қалғаны ұмытылып кетеді. Бірақ қазаға келмей қалғаны, ұмытылмайды. Өйткені сені басып тұрған қайғының бір шетін көтеретін, әркімнің орны бар. Сол кезде келіп көтереді», - дейді этнограф, жазушы Ұларбек Нұрғалым.

Ұсынған: Назерке Лабихан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір