• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 20:39:46
Алматы
+35°

08 Желтоқсан, 2018 Аймақтар

Елбасының жеке қолдауымен Алматы қарқынды дамып келеді - Бауыржан Байбек

Спикер Мемлекет басшысының жеке қолдауының арқасында Алматы ірі мегаполис ретінде әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарқынды даму үстінде екендігін атап өтті

Астанадағы Орталық ком­муникациялар қызметінде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің қатысуымен Елбасы Жолдауларын іскеасыру аясында Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен, негізгі жетістіктерімен, алдағы жоспарларымен таныстыруға арналған брифинг өтті.

Спикер Мемлекет басшысының  жеке қолдауының арқасында Алматы  ірі мегаполис ретінде әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарқынды даму үстінде екендігін атап өтті. Елбасы тапсырмаларының шаһарда орындалу барысы,  қалаға инвестиция тарту жайлы, денсаулық сақтау, білім беру және «7-20-25», «Нұрлы жер», т.б. ипотекалық бағдарламалар шеңберінде  тұрғын үй салу жөнінде, цифрлық технологияларды енгізу туралы жан-жақты,  егжей-тегжейлі әңгімеледі.

«Өздеріңіз жақсы білесіздер, Алматы қаласы аса ірі қаржы-экономикалық, іскерлік орталық, сонымен қатар мәдениет пен өнердің, спорттың, руханияттың орталығы ретінде үнемі Елбасы назарында. Биылғы жылғы қыркүйек айында Мемлекет басшысы арнайы Алматыға ат басын бұрып, шаһарымыздағы жаңа кәсіп­орындармен, жүйелі түрде қайта жаңғыртылып жатқан қала орталығымен, «АлматыБас­Жоспар» институтының жұмысымен танысып, оң бағасын берді. Алматының болашақтағы дамуы бойынша кеңес өткізіп, нақты міндеттер қойды.

Елбасының ұдайы қолдауының арқасында Алматыда тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсім қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылдың 9 айында экономиканың өсуі 3,5 пайызға артты.

Өнеркәсіптік өнім көлемі 3,8%-ға, құрылыс 5,8%-ға, тұрғын-үйді пайдалануға беру 15,5%-ға, инвестиция 18,5%-ға, оның ішінде шетел­дік инвестиция 21,6%-ға артты.

Қала экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызға  дейін өсті. Өткен жылмен салыстырғанда бюджетке 13,7%-ға артық салық түсті. Сонымен қатар, шағын және орта бизнестің жалпы салық түсіміндегі үлесі 64%. Нәтижесінде соңғы көптеген жылдар ішінде жұмыссыздық деңгейі алғаш рет 0,1%-ға азайып, 5,2%-ға төмендеді.

Мемлекет басшысының «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және «Бес әлеуметтік бастама» мемлекеттік бағдарламаларының аясында тұрғын-үй құрылыс жұмыстары үлкен қарқын­мен жүргізілуде. Мысалы, «Нұрлы жер» бағдарлама­сының аясында биылғы жылы 4 800 отбасы жаңа пәтер алады, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 20%-ға артты. «Нұрлы жол» бағдарла­масының аясында 4 200 жұмыс орны құрылып, 111 шақы­рым инже­нерлік желі жүргізілді. 28 әлеумет­тік тұрғын үй және 2 мектепке қосалқы ғимарат салынды.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша респуб­лика көлемінде келіп түскен өтініштердің 30%-дан астамы Алматыға тиесілі. Соның жарты­сы, яғни жалпы сомасы 10,9 млрд. теңге бола­тын 843 пәтер несиесі мақұлданды. Бұдан басқа ағымдағы жылдың аяғына дейін бағдар­лама талаптарына сәйкес келетін 600-ден астам пәтер пайдалануға берілмек.

Бұл бағдарламалардың барлығы ел эконо­микасын нығайтуға, азаматтардың әл-ауқа­тын арттыруға, инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған. Нәтижесінде осы жылдың өзінде 29 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайда­лануға берілуде.

Соңғы 3 жылда 800 шақырым  инженерлік жүйе жөнделіп, 500 шақырымға жуық жол салынды және жөндеуден өтті», — деді Бауыржан Байбек.

Шаһар басшысы айтқандай, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын  іске асыру аясында жалпы сомасы 97,7 млрд. теңгеден астам қаржыға 265 жоба  мен  іс-шара қарас­тырылған. Оның 90%-і кәсіпкерлер мен демеу­шілердің арқасында жүзеге  асырылуда.«Туған жер» жоба­сы шеңберінде бизнес өкілдері әлеуметтік нысандардың құрылысы мен ауқымды жобаларға белсене қатысуда. Жыл басынан бері 18 млрд. теңгеге  93 жоба іске асты.

Бұл ретте еліміздің және бүкіл түркі әлемінің тарихи-мәдени мұрасын насихаттау мақсатында «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық этно-фестивалі өткені, түркітілдес  (6 мемлекет) елдердің қатысуымен «Ұлы дала елі» халықаралық этно-фестивалі ұйымдастырылғаны белгілі.

Қала әкімі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында «Ethnoland» этномәдени кешенін және «Боралдай сақ қорғандары» аумағында «Сақ мәдениеті орталығын», қала орталығында ежелгі Сақ қорғанын музей етіп ашу жоспарланғанына да тоқталды. Уақы­тында қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген Райымбек батыр кесенесі   аумағын абат­тан­дыру, Мемориалды музей кешенін құру арқы­лы киелі орынды қайта жаңғырту бойын­ша жобалық-сметалық құжаттама әзірленге­нін айтып, бұл нысандардың қай-қайсысы болма­сын еліміздің сонау сақ дәуірінен тамыр тарт­қан терең тарихын шетелдік туристерге паш ететін ауқымды жобалар екендігін еске салды.

«Қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсет­кіштері мен тұрғындардың әл-ауқаты тұрақты артып келеді. Елбасының биылғы «Қазақстан­дық­тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының, ондағы міндеттерінің тиімді іске асырылуы қаламыздың әлеуметтік-эконо­мика­лық әлеуетін арттыра түспек.  Бұл бағыт­тағы жұмыстар өзінің жалғасын таба беретін болады», — деді Б.Байбек.

Шаһар басшысы, сондай-ақ  журналистер тарапынан қойылған бірқатар ұрымтал сауал­дарға да жауап берді.

Сауалдардың бірі Алматының көк түтіннен неге арыла алмай келе жатқаны жөнінде болды. Әкім  түтін жаһандық мәселе екенін айтып, оны шешуде әлемдік тәжірибеге сүйе­нетіндіктерін мәлімдеді. Бұл мәселеде  негізгі үш себепті атады.  Оның бірі ЖЭО түтіні, ол түтіннің 11 пайызын құрайды. Бұл мәселені шешу қиын, әрі қымбатқа түседі, алайда жоба бойынша техникалық-экономикалық дәлел­де­ме­лер әзірленіп жатыр екен.«Президент станцияны газға көшіруді тапсырды. Бұл маңызды жоба, бірақ күрделі, әрі қымбат. ЖЭО-2 Самұрық-Энергоға тиесілі екен, мекеме алғашқы техникалық-экономикалық дәлелде­ме әзірлеп үлгерді», — деді Бауыржан Байбек. Яғни, ол өте күрделі  әрі қымбат жоба — ЖЭО-2-нің газ­ға өтуі арқылы шешілмек. Әкімнің тұжырым­дауынша, үкімет бұл қымбат жобаны оңтай­ландырып, тазалау құрылғыларын ауыстырып, бу-газ турбиналы құрылғылар тұрғызады. Лас­танудың тағы бір  көзі – көліктер. Олар түтіннің 70 пайызын шығарады екен. Бүгінде қалада көлік реформасы бел­сенді жүргізілуде. Түтіннің тағы бір себепкері — жекеменшік сектор. Жылдың со­ңына дейін шаһар басшысы  қаланың барлық аймақта­рына газ құбырлары өткізілетінін мәлім­деді.

Бауыржан Байбек Алматыда өзі туралы  жиектасты зауыты бар, жанұясы автотұрақ­тарға иелік етеді деген сынды қаңқу сөздерді де естігенін айта келе, әңгімесін былайша тұжырымдады: «Сен дұрыс тәртіп орната бастасаң, қызығушылық танытқан тұлғалар сен туралы өтірік әңгімелер тарататыны жасы­рын емес. Мысалы, біз қор­шауларды бұзып жатсақ: «әкім металдар мен рельстер сатады екен»  дейді. Ал заңсыз дүңгір­шектерді бұзып жатсақ: «әкім өзінікін қойғысы келеді» дейді. Кө­шелерді жөндеуден өткізе бас­тасақ: «әкімнің бордюр және плита зауыты бар екен дейді. Сол үшін біз жалдаушылардан құрылыс материал­дарын қандай зауыттардан алғаны туралы ақпарат жариялауын талап етеміз.

Автотұрақ мәселесіне де қатысты —  менің жанұям автотұрақтарға иелік етеді деген сөз шыққан. Менің ойымша, бұл әңгімелерді заңға бағынып жұмыс істегісі келмейтін азаматтар таратып отыр. Осылайша белгісіз біреулер әкімдікке қысым көрсетіп, қиын әрі қажетті реформаны жүзеге асыруға мүмкіндік бермеуді ойлап отыр. Менің немесе әкімдіктің ешқандай жеке мүддесі жоқ. Қанша қиын болса да, біз жұмыс істеуді жалғастырамыз.

Енді «Мизам» базары жайында. Онда сани­тар­лық норманы бұзған, рұқсат қағаздары жоқ контейнерлер болған. Ал контейнер деген жүк таситын металл жәшік. Базар иелері ыстықта да, суықта да денсаулықтарына зиян келтіріп, тәулігіне 12 сағат жұмыс істеуі үшін адамдарды сол контейнерде орналастырғысы келген», — деп  мәлімдеді  Бауыржан Байбек.

Сонымен қатар, шаһар басшысы  қала­дағы бордюрлердің барлығы жөндеуден өтіп жатқанын, олардың көп бөлігі қайта пайда­ланылғанын, уақытша жолдарға ескі асфальт төселгенін атап өтті. Жалпы, бұзылған қор­шаулар меншік иелеріне қалса, трамвайлар мен рельстер қалада электронды сауда арқылы сатылған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір