• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 14:23:02
Алматы
+35°

20 Наурыз, 2019 Айтты-ей, бауырың!

Елбасын жақсы көрдім, марқұм атам үшін....

«Менің президентім – Нұрсұлтан Назарбаев», «Назарбаевсыз Қазақстан деген мемлекет болмас еді» деген ұранмен сол кісіге алғаш рет дауыс бердім.

Ес жиғалы көргенім, білгенім, дауыс бергенім – бір-ақ президент. Ол 1991 жылдан бастап ел басқарып келеді, мен 1994 жылы дүние есігін аштым. 2015 жылғы президент сайлауында университет қабырғасында оқып жүріп, «Менің президентім – Нұрсұлтан Назарбаев», «Назарбаевсыз Қазақстан деген мемлекет болмас еді» деген ұранмен сол кісіге алғаш рет дауыс бердім. Дауыс берерде, «шынымен Назарбаевты белгіледім бе?» деп ақ параққа қайта-қайта қарап, өзге біреуді белгілеп қойсам, Назарбаев жеңіске жете алмай қалатындай күй кешіп, қобалжығаным, қолдарымның дірілдегені әлі есімде. Тек сол кісіге сендім, Қазақстанды тығырықтардан алып шығатын жан деп ұқтым. Дәлірек айтқанда, шынайы өмірге, арпалысқа енді қадам басып келе жатқан бойжеткенге мұның бәрін сендірген біздің қоғам болды. Біздің мектеп, университет, біздің мұғалімдер, ата-анамыз одан өзге президент елді басқара алмайтындай сендірді мені. Немесе өзім аңқау болдым ба?!

Міне, жасым ширек ғасырға таяды. Мен бір кездері «ерекше құрметтеген» президент өкілеттілігін тоқтатты. Оны кеше кешкісін жолда кетіп бара жатып естідім. Үстімнен біреу мұз толы су төгіп жібергендей болды. Кеше түсте ғана «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» деп жарыса жазып жатқан едік. Бір сағатта бәрі өзгеріп сала берді. Ол миллиондаған халықтың көзінше «Өкілеттілігін тоқтату» туралы құжатқа қол қойды. Оған бәріміз куә. Сенер-сенбесімді білмедім. Көз ашқалы тек Назарбаевты президент деп таныған мен өзге ел басшысын шынымен елестете алмадым. Орнына сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырып кетіпті. Ол бөлек әңгіме...

19.03.19. Бұл қазақ елі үшін тарихи дата. 30 жыл ел басқарған президент мерзімінен бұрын өкілеттілігін тоқтатқан күн. Бұл күнді қазақтың 60-70 пайызы асыға күтті. Шынымды айтсам, Назарбаевты «ерекше сыйлаған» мен де күттім. Неге? Иә, университет қабырғасына дейін аңқау болып жүрген бойжеткеннің арпалысқа толы қоғамға қадам басқанда көзі ашылды. Қоғамға басқа көзқараспен қарадым, билікті таныдым. Саясатқа да көз салдым. Алайда марқұм атамның «Назарбаев – ерекше тұлға. Оған Алланың нұры жауған. Мемлекет басшыларын таңдайтын Алла Тағала. Ал Назарбаев қазақтың басына біткен бақ» деген сөздері тосқауыл болып жүрді. Сол себепті Елбасыны жақсы көрдім. Иә, шынымен жақсы көрдім. Бұған атам себеп пе, әлде басқа ма? Жауабын өзі де білмедім...

Кешке «айды аспанға шығарған» жаңалықты естідім де, үйге кірдім. «Назарбаев енді президент емес. Не болар екен?» Ұйықтар алдында да, түнде оянып кетсем де, осы сұрақтарды ойладым. Ертең бізді не күтіп тұр?

Оятқыш сағаты шыр етті. Назарбаев кетіп, дала да, қала да, адам да, жалпы қоғам өзгеріп кетті ме екен? Терезені аштым, күн жарқырап тұр, әзірге еш өзгеріс жоқ. Теледидарды қостым, сол баяғы бағдарламалар, сериалдар, бәрі қаз қалпында. Бұл жер де тыныш. «Жұмысыма барайын, ондағы атмосфера өзгеше шығар» деп ойладым. Автобусқа міндім, сол баяғы таңғы ұйқыларын қимай, жұмысқа әрең бара жатқан жолаушылар. Назарбаевты ойлап не қуанып, не мұңайып отырған бірін көрмедім. Бәрінің қабақтарынан қар жауып тұр. Салон ішіне әрең сыйып, біреу «ә» десе, екіншісі «мә» деуге дайын тұрған жұртшылық. Жә, автобус іші де өзгеріссіз. Радиода да сол баяғы әуендер. Жұмысқа келдім, бәрі баз қалпында. Президенттің орынтағын босатқанын алғаш көрген мен де өзгерген жоқпын. Жалпы, президенттердің ауысқаны қандай болады? Мұны әлі сезініп жатқан жоқпын. Министрлердің ауысқанын көргеніммен, өз елімнің президентінің ауысқанын көрмегем. Көз алдымда  әлі де сол адам, президенттің тағында отырған да Назарбаев секілді. Ал сіз қандай сезімдесіз?

Гүлім Жақан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір