• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 23:43:17
Алматы
+35°

26 Шілде, 2018 Әлеумет

Елбасыға пікір: "Біз бүгін ауызша ғана "рухани дамып" жатырмыз"

Әсіресе біз адам тәрбиелеуден кенже қалдық, руxани-мәдени, тәрбие, кейде мораль деген сөзді ұмытып кеттік.

Академик  Оразалы  Сәбденнің

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевқа,  Қазақстан  халқына

АШЫҚ ПІКІРІ

 

Біз өзі қайда бара жатырмыз? Бізді қайда алып барады?! Кеше ғана автоұрылардың қолынан қапияда қаза болған Теннің тағдыры ой салды.
Ата-анасына, туған-туысына, Қазақстанның туын көтеріп жүрген спортшы жора-жолдастарына, бүкіл Қазақстан халқына көңіл айтамын!
Өкінішке орай, бұл жалғыз Денис Теннің басында болған оқиға емес! Осындай келеңсіздіктердің түр-түрі еліміздің әр түкпірлерінде өте жиі кездесуде. Мұны егеменділік алған 27 жылдан бері тапқан жетістігімізбен катар, жіберген үлкен қателігіміз деуге болады. Дәл осы туралы "ойлан, халқым, толған, билік" дегім келеді. Егер дәл осылай кете берсек, бала- шаға, немере-шөберелердің  келешегі не болады? Айналадағы алпауыттарға жұтылып кетпейміз бе деген күдік кеудені кеулей түседі.

Әлемдік Давос форумының жаһандық бәсекелестігіне жүгінсек, Қазақстан денсаулық саласы бойынша 94-орында екен. Ең өзекті инновация, жаңа теxнология, бизнес, ғылым салаларының дамуы бойынша 80-100-орында болсақ, жас нәресте өлімінен, анемия, суицидтен ең соңындамыз, қаржы саласы бойынша  114-орында, ал коррупциядан алдымызға жан салмай, бәрінен озып келеді екенбіз.
Сонда біз немен мақтана аламыз?  Осындайда "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым" деп күңіренген ұлы Абай хакімнің сөздері еріксіз есіңе туседі...!
Осы күнге дейін сауынды сиырдай сорып келген екі емшегіміздегі мұнайымыз бен газымыз да, сирек металдарымыз да біраз жылдардан кейін таусылады. АҚШ-тың өзі жер байлығын ашып есептеп, қайта көміп, келер ұрпақтарына қалдырып отыр! Біз сонда не қалдырамыз? Кедейшіліктен көні кепкен қарапайым қазақтың соры қайнап отырғаны рас. Жоқшылықтың нәтижесінде тәрбие-білімнен кенже қалған, бір мамандық иесі атана алмаған қазақ жастары ұрлыққа баруда, теріс жолға түсуде. Біз бүгін ауызша ғана дамыған елдердің қатарына қосылып, "рухани дамып" жатырмыз. Шындығында,  руxани құндылығымызды түгендер болсақ, мұнда да мақтанатындай ештеңе жоқ.

Сонда біз әлемде неден алдамыз? Оны айта алмаймын.
Денис Тен, Самал Еслямова, Геннадий Головкиндер өз күшімен жетістікке жетіп, Қазақстанның атын шығарып жүр еді. Енді міне, Теннен де айырылдық... Осы біз Мұстафа Өзтүріктен де жылап айрылғанымызды неге ұмыттық? Неге бүгінде елім деген азаматтардың үні шықпайды?

Құрметті Елбасы, осы келеңсіздіктерге шұғыл түрде назар аударуыңызды сұраймын!

Тез арада «елім» деген ақылман азаматтармен дөңгелек үстелде бас қосып, ел ішіндегі бүгінгі дертті ашық айтып, алдын алу үшін не істеу керек екенін ақылдасу керек! Егер көп жылдан бергі қордаланып қалған келеңсіздіктер туралы мен айтар болсам: жұмыссыздық ( 2,7 млн. жұмыссыз өзін- өзі қамтамасыз етеді дейді, бірақ бұл шындыққа жанаспайтыны анық). Егер біздегі 4,9% жұмыссыздық рас болса, онда әлемдік ГИННЕС Кітабына нағып кіре салмаймыз!?
"Кейбір жігіт жүреді мақтан күйлеп..." деп ұлы Абай айтпақшы, мақтанғанда алдымызға жан  салмайтын болдық. Әсіресе біз адам тәрбиелеуден кенже қалдық, руxани-мәдени, тәрбие, кейде мораль деген сөзді ұмытып кеттік. Міне, бұл күнгі біздің болмысымыз осы.

Сонда біз қайда барамыз, бізді қайда алып барады?

Өкінішке орай, қайда бара жатқанымызды білмейміз...

Қайда бастап бара жатқандарын батыс алпауыттары да білмейді.

Әлемнің өзі қазір әлем- жәлем болып тұр. Дамыған елдер байлыққа бас ұрып, руxани құндылықтан кенже қалды. Әлеуметтік инновация дамып жатқан кейбір Скандинавия мемлекеттерін айтпағанда, дамыған мемлекеттердің өзі өркениет жолынан шатасып отыр. Бір карағанда, Қытай экономика жағынан жақсы дамып келе жатыр, алайда, демократия жағынан Кытайды алда көп қиындықтар кутуде. Әлем дамуының мән-жайын болжай келе, бізге де ойланатын кез келді я бұл соңғы мумкіндігіміз болуы мүмкін.

Әлемдегі жылдам өзгерістер біздің қазіргі керенау қозғалысымызға қарап  тұрмайды. Шығыста 1,4 млрд. Қытай, оңтүстікте 1,3 млрд. халқы бар Үнді елі, солтүстікте 147 млн. орысың ол отыр. Өзбек көршіміз де қарап жатқан жоқ, тез көбейіп 33 млн-ға жетті! Олар жылда шет елде тірлік жасап, 20-25 млрд АҚШ долларын ел бюджетіне әкелуде. Ал бәріміздің төбемізден қарап, АҚШ тұр. Осылардың қыспағында мәңгілік шикізат елі болып калмаймыз ба деген күдік те жоқ емес. Бұл сұрақ қазір әр қазақты мазалауы тиіс. Әрқайсымыз үн қосатын кез келді!

Мен өз басым Елбасына егеменділік алғалы 30-дан  астам концептуалды елдің дамуына қажетті деген идея, ұсыныстарымды беріп келемін. Соның бірі 2012 жылы тікелей жоба ретінде барлық есебімен жазып берілген Түркістанды рухани Астанаға айналдыру арқылы рухымызды көтеру жобасы еді. Бүгінгі таңда бұл жобаны жүзеге асырудың өзектілігі артпаса, кеміген жоқ. Елбасына берген жобаларымның бірі іске асса, басқалары өз кезегін күтуде. Оның себебі, жоғарыда айтылған, ендігі,  баршаңызға мәлім...

Мен әлі де елім үшін, болашағымыз үшін қызмет етуге дайынмын.

Ертең жарыққа шығаратын әлемдік деңгейдегі жобам да даяр тұр. Елде қордаланған үлкен проблемаларды оңтайлы шешу үшін не істеу  керек деген сұраққа жауабым: әлі де кеш емес.

Сыздауықтай асқынған елдің ішкі келеңсіздіктерін шешу үшін Елбасының өзі мұрындық болып, халқымыздың арасынан мақтау-мадақтан алыс, келелі ой айта алатын, іс жасай алатын, табанының бүдірі бар ақылман игі-жақсыларды  бір дөңгелек үстел басына жинап, ақыл-кеңес құру мәселесі уақыт күттірмейтін аса қажет мәселе болып отырғанын тағы да айтамын. Аталмыш проблемаларды шешудің негізгі тетіктері қандай, мемлекетті жаңа жолға салу үшін не істеу керек, осы сұрақтарының төңірегінде кеңес құру - бүгінгінің ең ұтымды қадамы болмақ. Бұл Кеңес - тұрақты Мемлекеттік ұлттық Кеңес ретінде үнемі жұмыс істеп тұруы керек. Кеңес функциясы - Конституциялық өзгерістерге, саяси-әлеуметтік,  экономикалық өзгерістерге оң ықпал ететін ұсыныстар беріп отыру болып табылады. Кеңесте талқыланатын мәселелердің бәрі халыққа жария түрде өткізілуіне мән беру де аса маңызды болмақ.  Біз ұсынып отырған жиынға әлемнің әр тарабында тарыдай шашылып жүрген талантты қандастарымыз да қатысуы тиіс. Бұл отырыс жариялы болса  я оны барлық ақпарат құралдары тегіс  көрсетсе деген ой бар. Сонда кімнің ішінде не бар, кімнің қандай ойы бар екенін халық білетін болады. Ат төбеліндей аз халықпыз, мақсатымыз ел мен жерді, тіл мен ділді сақтап, келер ұрпақты бақытты ету, өзге елге жем болмау, өркениетті, дамыған, демократиялық ел болу! Осыны көрген халқымыз өз уәжін ел алдында сөз айта алатын марқасқа азаматтары арқылы білдірер еді, тура жол көрсетілер еді. Елбасы да жұмыр басты пенде, бәрін ой елегінен өткізіп, осы қадамға барғаны дұрыс болар еді деп ойлаймын.

Халқым, сіз не дейсіз?

 

 

Қазақстан ғалымдар Одағының Президенті,

академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,

ҚР Парламентінің 4 дүркін депутаты,

СССР спорт шебері, Қазақстан  чемпионы                       О.Сәбден

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір