• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 08:38:23
Алматы
+35°

30 Қыркүйек, 2018 NEWS

Елбасы Түркістан облысын құруға не түрткі болғанын айтты

Түркістан облысына ресми сапармен барған Елбасы рухани астанадағы этноауылда халықпен кездесіп, көне қала тарихына тоқталды

Түркістан облысына ресми сапармен барған Елбасы рухани астанадағы этноауылда халықпен кездесіп, көне қала тарихына тоқталды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі sputniknews.kz сайтының дерегін негізге алып. 

"Халқымыз үшін тарихы бай, тағылымы терең Түркістанның еліміз үшін орны өте бөлек. Ол бүкіл Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Түркістан — қазақ елінің рухани жүрегі, қазақтың көптеген аяулы перзенттері мәңгіге жай тапқан қасиетті қала. Осында жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і ел басқарған қырандар, 30-дан астамы қол бастаған батырлар, ауқымды сөз бастаған билер. Түркістан тарихы — күллі қазақтың тарихы", — деген Елбасы облыс орталығын Түркістан қаласына көшірудегі негізгі себептерді де атап өтті.

"Қасиетті Түркістанға деген мақтаныш сезімі әр қазақтың жүрегінде ұялаған. Түркістан тек бізге ғана емес, күллі түрік жұртшылығына қасиетті әрі қадірлі мекен. Халқымызда "Мәдинада Мұхаммед, Түркістанда Ясауи" деген сөз бар. Осындай сан алуан факторлар Түркістанды тұтас тұран додасының, түбі бір түркі жұртының рухани орталығына айналдырды. Былтыр түркі мемлекеттері Түркістан қаласын түрік әлемінің мәдени астанасы деп жариялады. Осыған орай мұнда ТҮРКСОЙДЫҢ қолдауымен 40-тан астам іс-шара өткізілді. Түркі әлемінің мәдени орталығы деп танылды. Осының барлығы  Түркістанды облыс орталығы деп жариялауымызға себеп болды", — деді мемлекет басшысы.

Халық алдында сөз сөйлеген Елбасы Түркістан облысының орталығын жастар қаласы деп атады.

"Түркістан — жастардың қаласы. Сондықтан жастарға қызмет беру үшін, оларға жақсы қалада тұру мүмкіндігін жасау үшін осылай жасап отырмыз", — деген Нұрсұлтан Назарбаев облыс орталығы тек қазақстандық емес, алыс-жақын шетелден қуана келетін көптеген туристердің ордасына айналуы тиістігін атап өтті. Бұл ретте қаланың әдемі болуы тек әсем ғимараттарымен ғана емес, мұнда тұрған халықтың мәдениетімен, парасатымен байланысты екенін жеткізді.  

Айта кетерлігі, Түркістанға ресми сапарған барған президент жаңа әкімшілік орталықтағы мемориалды тас қалау рәсіміне қатысты. 

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысына Түркістан шаһарының даму барысы туралы баяндама жасады. Мұнан соң Елбасы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, "Әзірет Сұлтан" тарихи-мәдени қорық-музейінің даму жоспарымен танысты. Сондай-ақ, президент Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, жауаптыларға бірқатар тапсырмалар берді. Одан өзге Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы сапары кезінде бірқатар шешімдер қабылдағанын мәлімдеді.

"Бүгін біріншіден, Түркістан қаласының негізгі даму жобасын бекіту үшін, екіншіден, шаһарды еркін экономикалық аймақ етіп жариялансын деген жарлықтарға қол қойдым. Аман болсақ, 2-3 жылдың ішінде Түркістан жайнап, басқа қала болып, еңсесі көтеріліп, бәріміздің қуанышымызға өсіп өркендейтін болады", — деді Елбасы.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір