• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 04:04:04
Алматы
+35°

21 Наурыз, 2019 Саясат

Елбасы – Толағайдай Тұлға

Елбасы – Толағайдай Тұлға

Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстан халқына жасаған мәлімдемесі тарихи шешім болды. Бүгін болмаса ертең мұндай үндеу жасаларын білгенбіз. Сондықтан теледидардан Елбасын көріп отырып, көзімізге жас келді. Кейін «неліктен жанарым жасқа толды?» деп ойландым. Көп ұзамай себебі де анықталды. Сөйтсем, Нұрсұлтан Әбішұлы әкемізге айналып кеткен екен ғой. Құдды үйдің отағасы жол жүргелі жатқан кездегідей сезімді бастан өткердік. Бірақ Аллаға шүкір, Елбасымыз аман-есен. Оның Ақордада отыратынына тәубе дедік. Тарихтың доңғалағы еш уақытта тоқтамайды. Ылғи алға жылжып отырады. Жаңалық болып отыруы да – заңдылық. Жаңа ұрпақ келе жатыр. Нұраға олар үшін қолдан келгеннің бәрін жасады деп ойлаймын.

Ол – бүгінгі қазақстандықтардың ағасы, болашақ қазақстандықтардың атасы. Мың қазақтың қолынан келмейтін шаруаларды отыз жыл ішінде Нұрағаңдай бір қазақ жасады.

Соңғы мыңжылдықта қазақтың басынан өтпеген, жаңа тәуелсіз Қазақстан сынды алып ғимараттың іргетасын өз қолымен қалағандай болды. Әрине, ел іргесін қалауға барша Қазақстан халқы атсалысты. Бірақ сол халықты бағыттаған, «Тәуелсіздік» деп атлатын құбылыстың архитекторы – Елбасы. Маңдайына жазылған міндетті шамасы келгенше, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрместен атқарды. Қазақ ертегілеріндегі Толағай сынды қимылдап, отыз жылдың ішінде Қазақстанды әлемге танытты. Елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерін бөліп-жармастан, құрмет тұтатын, бауырмал, жаны кең, дархан екенін жер жүзіне таныта білді.

Бір байқағаным, Елбасымыз – кең пейілді адам. Жақсының алдында адам тартылмайды, қысылмайды. Бұл кісі Мемлекет басшысы бола тұра қарапайым кейіптен тайған емес. Өз басым Н.Әбішұлынмен үш-төрт рет кездесіп, сұхбаттастым. Солардың бәрінде оның адамға салмақ салмай, керісінше кеңістік беріп, көтермелеп отырды. Тіпті туған ағамызбен тілдесіп отырғандай күй кешкеніміз бар. Президенттің осы қасиетін ерекше сыйлаймын. Құрмет тұтамын. Осы мәмілесіне байланысты жақын арада хат жолдауды жоспарлап отырмын.

Қазақстан экономикасы сонау тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда ондаған есе күшейді. Елімізде алып локаматив деп қарастырсақ, тәуелсіз Қазақстан өз даңғыл жолына түсті дей аламыз. Сондықтан жоғарыда атап өткенімдей, Елбасын әкеміз деп қабылдап кеткен екенбіз. Мемлекет басшысы қызметін Қасым-Жомарт Тоқаевқа сеніп тапсырды. Ол кісі де – жүректі, етек-жеңі кең пішілген азамат. Елімізді алған бағытынан тайдырмай, әрмен қарай алып жүреді деп сенеміз. Бір ғана тілегім – күллі қазақстандықтар осындай сәтте көк тудың астында жиналса екен. Туымызды биікке көтеруіміз керек. Ол ел беделінің әрмен қарай өсуіне әсер тигізеді. Халықтың бірлігі мықты боларына сенемін. Біз осы орайда Нұрағамызға алғыс айтып, Қасым-Жомарт Кемелұлына қолдау білдіргеніміз жөн.

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір