• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 17:30:57
Алматы
+35°

05 Қыркүйек, 2018 Саясат

Елбасы кімге сенеді?

Елбасының сенімі мен қолдауының арқасында бірқатар шенеуніктер саяси ойынның беделді ойыншысына айналған секілді.

Елбасы кімге сенеді? Елбасының жанында кей шенеуніктер бірнеше жылдан бері жылы орындарын ғана ауыстырып қызмет атқарып жүр. Елбасының сенімі мен қолдауының арқасында бірқатар шенеуніктер саяси ойынның беделді ойыншысына айналған секілді. Бұл шенділердің бірін халық аспанға көтеріп мақтаса, енді бірін ащы тілдерімен даттап жүр. Қайсысын мақтап, қайсысын даттайтынын ішіңіз білер, ол жағын өзіңізге қалдырдым, құрметті оқырман! Алайда Елбасының жанында бірнеше жыл бойы қызмет еткендердің қатарында кімдер бар? Qamshy.kz ақпарат агенттігі "ескі гвардия" тізімін жинақтап, оқырман назарына ұсынуды жөн көрді.

Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов

Иманғали Тасмағамбетов

1956 жылы желтоқсан айында Гурьев (қазіргі Атырау) облысы, Махамбет ауданы, Новобогат ауылында дүниеге келген.

Халықтың қошеметіне бөленген Иманғали Тасмағамбетов өзінің еңбек жолын қазіргі Атырау қаласы Махамбет ауданындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде бапкерліктен бастағанын біреу білсе, біреу білмес.

Кейін 1981 жылдан 1991 жылға дейін КОКП ОК-тың (Кеңестік одақтың коммунистік партиясы Орталық комитет) мүшесі, 1990-1991 жылдарда Қазақстан компартиясының ОК Политбюро мүшесі болды. Қазақстан Реcпубликасының 12- шақырылған Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.

Ал саяси өмірбаяны сол кездегі жалғыз жастар саяси ұйымы — Қазақстанның ЛКЖО-да (Лениндік коммунистік жастар одағы) басшылық қызметімен байланысты.  1979 жылдан Махамбет ауданындағы ЛКЖО ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Гурьевте (қазіргі Атырау) ЛКЖО қалалық комитетінің және облыстық комитетінің бірінші хатшысы болды. 1989 жылы ЛКЖО ОК, 1991 жылы Қазақстан Республикасының жастар ісі жөніндегі Мемлекеттік комитетін басқарды.

Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін араға 2 жыл салып Иманғали Тасмағамбетов ҚР Президентінің көмекшісі болып тағайындалды.

1995 жылдан бастап ел басқарушы қызметінде жоғарғы орындарды атқарып, Қазақстанның вице-премьері, білім және мәдениет вице-премьер-министрі, Қазақстан Республикасының Президенті әкімшілігінің жетекшісінің орынбасары, Қазақстан Президентінің бірінші көмекшісі, Атырау облысының әкімі, Қазақстан премьер-министрі, Мемлекеттік хатшы, Қазақстан Президенті әкімшілігінің жетекшісі болады.

2004—2008 жылдары 1,5 млн тұрғыны бар Қазақстанның ең ірі қаласы Алматының , 2008 ж. сәуірдің 4 Қазақстанның елордасы — Астана қала әкімі боп тағайындалды. Қазіргі уақытта Иманғали Тасмағамбетов ҚР-ның РФ-дағы Төтенше және өкілетті елшісі ретінде қызмет атқарып жүр. Биылғы жылдың мамырында Ресей елінің Ржев қаласында қазақша сөйлеп елдің сүйіспеншілігіне бөленген еді. Әрине өз елімізде жүріп қазақ тілін менсінбейтін шенділердің қасында Иманғали Тасмағамбетовтың орны бөлек, беделі асқақ.

Кәрім Мәсімов Қажымқанұлы

Кәрім Мәсімов

1965 жылы қазіргі Астана қаласында дүниеге келген. Ұлты ұйғыр болуы бек мүмкін, алайда нақты белгісіз. Әкесі Қажымқан Қасымұлы Мәсімов кезінде кірпіш зауытының директоры болған. Ал Қажмұқанның ұлы Кәрім еңбек жолын 1991 жылы - Қытай Халық Республикасындағы КСРО Сауда өкілдігінің құқықтық мәселелер бойынша кеңесшісі болып бастаған. Халықтың есінде жылы орнын ұзақ уақыт сақтап қала алған Үкімет басшысы ретінде есте қалған. 2007 жылы премьер-министрлікке Мәсімов тағайындалды.

2012-2014 жылдары премьер-министр қызметін Серік Ахметов атқарса, 2014-2016 жылдары Үкімет басына Кәрім Мәсімов оралды. Үкімет басшысы болған кездегі бір жылда бір-ақ рет Атырау облысының жаңа әкімін зиялы қауымға таныстыру үшін іс сапарға шыққан. Ең алғаш рет Үкімет отырысын бастан-аяқ қазақша жүргізген Үкімет басшысы болып тарихта қалды. Себебі Қазақстан үшін бұл мақтанарлық жайт.

Кәрім Мәсімов қазір 2016 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Әзірге Мәсімовтің қызметтен кететін түрі жоқ. Еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деп үміттенуден басқа амал да жоқ сықылды.

Әділбек Рыскелдіұлы Жақсыбеков

Әділбек Жақсыбеков

1954 жылы Қостанай облысы Қарабалық ауданыны Бөрілі ауылында дүниеге келген. 1988-1995 жылдар аралығында көпсалалы «Цесна» корпорациясының басшысы ретінде қызмет атқарады.

1995 ж. Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына сайланып, 1996 жылы Ақмола облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалады.

Саяси қайраткер ретінде Нұрсұлтан Назарбаевты идеал санайтын Әділбек Жақсыбеков 1997 жылдың желтоқсанынан 2003 жылдың маусымына дейін Астана қаласының әкімі атанады. Әділбек Жақсыбековты «Елбасының көлеңкесі», «Елбасының оң қолы», - деп атайтындар да бар. 

2003 ж. шілдесінен 2004 ж. желтоқсанына дейін Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрі атанды.

2008-2009 жылдары – Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2009-2014 жылдары – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып қызмет атқарды.

2014 жылғы сәуір мен қазан аралығында – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болды. Кейін қайтадан 2014-2016 жылдары – Астана қаласының әкімі болып тағайындалды.

2016 жылғы 21 маусымда Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалған Әділбек Жақсыбековты сынаушылар қатары аз.

 Марат Мұханбетқазыұлы Тәжин

Марат Тәжин

Социология ғылымдарының докторы Марат Тәжин 1960 жылы Ақтөбе қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын және С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген соң 1992 жылға дейін ғылыми-оқытушылық қызметпен айналысады. 1992 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер Кабинетінің Аппаратында: Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары, осы бөлімнің меңгерушісі, ҚР Президенті Аппараты Басшысының орынбасары және Ақпараттық-талдау орталығының басшысы ретінде жұмыс істейді.

1994-1995 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің Мемлекеттік кеңесшісі, 1995-1999 жылдары Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары және Президент Әкімшілігі Талдау және стратегиялық зерттеу орталығының басшысы болып тағайындалады.

Кейін 1999-2001 жылдары Президенттің Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі көмекшісі — Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы болып қызмет атқарады.

Ал 2017 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.

Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулин

Нұрлан Нығматулин

Нұрлан Нығматулин 1962 жылы 31 тамызда Қарағанды қаласында дүниеге келген.  1984 – 1985 жылдар аралығында «Қарағандыоблгаз» ӨБ автоколонна инженері, басшысы болып тағайындалған. 1985-1990 жылдары Қазақстан ЛКЖО Ленин аудандық комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан ЛКЖО ОК комсомол ұйымдары бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан ЛКЖО Қарағанды облыстық комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы болып қызмет атқарды. 1999-2002 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары ретінде қызмет атқарса, 2002-2004 жылдар аралығында ҚР Көлік және коммуникация вице – министріне көтерілді.  Кейін 2012 және 2016 жылы екі рет  ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы болып сайланды.

Сауат Мұхаметбайұлы Мыңбаев

Сауат Мыңбаев

1962 жылы Талдықорған облысы Панфилов ауданы Үшарал ауылында дүниеге келген. 1989 жылы Алматы халық шаруашылық иниститутының оқытушысы, доцент қызметін атқарушы қызметін атқарды. 1995 жылы 10 ай бойы Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің орынбасары болып қызмет етті.

2007-2010 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы энергетика және минералды ресурстар министрі, 2010-нан 2013 жылға дейін ҚР мұнай және газ министрі болып тағайындалды.

2013 жылдан бастап "ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы ретінде қызмет атқарып келеді. Журналистік зерттеулердің халықаралық консорциумы былтыр жариялаған офшор құжаттарында Сауат Мыңбаевтың есімі аталған болатын. Алайда «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы офшорда ешқандай есепшотының жоқ екенін айтқан.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір