• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 10:23:42
Алматы
+35°

22 Қыркүйек, 2017 Экономика

ЭКСПО-дан кейінгі теңгенің тағдыры не болмақ?

ЭКСПО-дан кейін теңге девальвацияға ұшырады ма? Осы сұраққа жауап беру мақсатында экономика сарапшыларының пікірі мен деректер пайдаланылды.

Бүгінгі таңда көпшіліктің мазасын алып отырған бір сұрақ бар: ЭКСПО өтті, енді теңгенің құнсыздануы бола ма? Осы мәселенің жауабын белгілі экономика мамандарының пікірімен және бүгінгі таңдағы деректермен қоса қарастырып көрелік.

Экономика сарапшыларының болжамдары

Сарапшылар Астанада ЭКСПО көрмесі аяқталысымен ұлттық валюта құнын жоғалтуы мүмкін деген болжамдар айтқан болатын.  Жыл аяғында курс $1 үшін 420-450 теңгені құрауы ықтимал делінген еді. Мұндай болжамды осыдан үш ай бұрын Алматыда өткен «Орта Азияның 25 жыл ішіндегі жалпы саяси-экономикалық жағдайына қорытынды және Қазақстан мен Ресейдің даму перспективалары» атты конференцияда Tele Trade Central Asia аналитиктер тобының жетекшісі Сергей Полыгалов айтып еді.

Сол сияқты Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының басшысы Жәнібек Айғазин ең қауіпті жағдайда бір доллар 363-370 теңгеге дейін өсуі мүмкін деген болатын.

Сергей Полыгалов жоғарыда жасаған болжамын саяси-экономикалық факторлармен байланыстырды. Ол теңгенің құлдырауына қатысты негізгі үш себепті атап өткен: мұнай бағасының $50-дан төмендеуі, ЭКСПО көрмесіне кеткен қаражаттың өзін-өзі ақтамауы және Халық банктің екінші дәрежедегі банктерге қаржылай көмек көрсетуі. Forbes Қазақстанның есебі бойынша, 2014 жылдың наурыз айынан 2017 жылға дейін ЭКСПО-ға кеткен қаражат жалпы есеппен 543,53 млрд теңгені құраған.  

Ал Халық банкінің еліміздегі басқа банктерге қолдау көрсетуі жөніндегі мәселе бойынша экономист, Ғалым Құсайынов өз ойын білдірді: «банктерге қазіргі уақытта ақша емес капитал керек, себебі банктерде айтарлықтай үлкен сома бар. Бірақ ол соманы Халық банкі тез арада қайта пайдаланысқа енгізіп жібереді».

Сонымен қатар, Ғалым Құсайыновтың пікірінше, теңгенің әлсіреуі мынадай үш факторға тәуелді: біріншіден, Ресей рублінің ахуалы және мұнай бағасының төмендеуі. Екіншіден, төлем балансы, инфляция және ақша ұсынысы да есепке алынуы тиіс. Үшіншіден, ұзақ уақытқа жоспарлағанда еңбек өнімділігін және оның өсу қарқынын АҚШ және басқа да дамыған мемлекеттермен салыстыру керек.

Алматы менеджмент университетінің доценті, Іскерлік әкімшіліктендірудің докторы Ерлан Ибрагим Қазақстан шындығында сыртқы факторларға «өте қатты бағынышты» деді. Егер шикізат саласында қандай да бір кері әсер болса немесе көршілес мемлекеттерде кризис туған жағдайда ол теңгенің құлдырауна негізгі себеп болуы мүмкін.

Бүгінгі күнгі жағдай немесе деректер не дейді?

Бүгінде ЭКСПО-ның аяқталғанына он күннен асқан уақытта Халық банкінде доллардың сатылымы жалпы 341, 32 теңгені құрап отыр. Әзірше долларға қатысты курс 341 теңгенің аясында құбылып тұр. Яндекске сүйенсек, мұнай бағасы қайтадан жоғарылап келеді. Соңғы мәлімет бойынша мұнайдың бір баррелі $56, 20 құрайды. АҚШ-тың энергетика министрлігіне сүйенсек, 2017 жылдың соңына дейін мұнай бағасы орта есеппен $51,7 көлемінде тұрақталмақ.

AlmaU іскерлік басшылығының экономисті Ерлан Ибрагим: «Егер менен біреу ақшамды қай валютада сақтаймын деп сұраса, мен шетелдік валютада сақтаңыз деген ақыл айтар едім». Дегенмен, қазіргі таңда қазақстандықтарға алаңдайтын себеп жоқ. Өйткені, мамандар мұнай нарығында айтарлықтай қатты құлдыраулар болмайды және оның бағасы $60-ға дейін өсуі мүмкін деп отыр.

Замира Пулатова

Zamira Pulatova

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір