• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 13:31:36
Алматы
+35°

15 Қыркүйек, 2017 Әлеумет

«ЭКСПО-2017» оқушылар көзімен: Не білді, не түйді?

Жарқын болашаққа жол бастаған «ЭКСПО- 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі талайдың біліміне білім, шабытына шабыт қосты.

Көптен күткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің жабылғанына 1 аптадай уақыт болды. «6 ай күткен тойымыз 6 сағатта өтіп кетті» деп бір өкініш, бір қуанышымен бөлісіп жүрген қазақтарды талай көрдік. Бұл жолы да дәл сондай күйге тап болғандаймыз. 5 жыл бұрын «Астанада халықаралық көрме өтеді» деп жүргенімізде 3 ай өткен көрмеміз 3 күндей көз алдымызда жалт ете түсті. Көрменің қалай өткені турасында айтылған әңгіме көп, пікірлер сарыны әлі де таусылар емес. Бірі сынап мінесе, бірі мұндай көрменің елімізде өткенін үлкен мақтанышқа балады.

115  ел мен 22 халықаралық ұйым қатысқан «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне жалпы келген қонақтың саны 3 998 545 адам келген. Көрмеге деген қызығушылығы жоғары Қазақстан тұрғындарының саны миллионнан аспаса, кем емес. Жаздың 3 айындағы демалыс уақытының бір бөлігін көрмеге арнаған тұрғындардың жас мөлшері де әр қалай. Жасынан бастап кәрісіне дейін көрмемен танысып, ой қалыптастырып жатыр. Сол қазақстандықтардың тең жартысы мектеп оқушылары екенін де айта кету керек.

Үлкен жастағы адамдар өз пікірлерімен бөлісіп, әлеуметтік желілерде қызу талқылап жатты. Ал ертеңгі Қазақстан болашағының тұтқасын ұстап тұратын бүгінгі оқушыларымыз қандай пікір қалыптастырды екен? «ЭКСПО-2017» көрмесі бүлдіршіндерімізге не берді, не үйретті? Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін тамашалап келген Алматы облысы, Жамбыл ауданы Қарғалы ауылындағы КММ «Қарғалы №3 мектебінің» белсенді оқушылармен әңгімелесіп көрді.

Мектептің белсенділері елімізде халықаралық деңгейде көрменің өткенін мақтан тұтады.

3 сынып оқушысы Жаппарова Азиза Астанаға барарда көрмені дәл өзі көргендей ғажайып деп елестетпеген.

«Мен пойызбен Астанаға бара жатқанда көрмені көз алдыма елестетіп көрдім. Жай ғана ұлттық киімдер мен түрлі бұйымдар сататын ғимарат шығар деп ойладым. Нұрғаным апай «міне, келдік» дегенде аузым ашылып қалды. Біз Қазақстан павильонын 3 сағат араладық. Қатты ұнағаны бірінші қабаттағы сиқырлы тақта болды. Тақтадағы салттың атына қолыңды тигізсең, суреттер қозғалып, сөйлей бастады. Мен еліміздің көп салт-дәстүрлерін бір орында тұрып-ақ біліп қайттым. Барғаныма қатты қуанамын, себебі талай дүниемен танысып қайттым. Бармағандар көп нәрседен құр қалды.», - деді былдырлаған тілімен өзінің ұмытылмас сапары жайында естеліктерімен бөліскен Азиза.

7 сынып оқушысы Қайдар Еркебұлан физика мен математиканы сүйіп оқиды. Сол себепті ЭКСПО-2017 көрмесіндегі түрлі техникалық бұйымдар көзіне оттай басылды. Роботтар, машиналар жасау Еркебұланның арманы. Халықаралық көрме оқушының арманына шабыт қосып, елін дамытатын азамат болуды мақсат етуіне түрткі болды.

«Маған қатты ұнағаны Жапония павильоны болды. Барлық жасағандарын мен же елім үшін пайдалансам деймін. Павильонның іші қараңғы болды, себебі технологиясы дамыған мемлекеттің павильонына келушілер үшін үлкен әсер қалдыруды қалаған. Бір түсінгенім, жапондықтардың технологиясы электронергеияны үнемді пайлануға жұмсалған. Біздің елімізде жарықтың, газдың, судың бағасы қымбат деп айтып отыратын анам. Мен сабағымды жақсы оқып, Жапонияға оқуға барамын. Олардың технологиясымен танысып, бар білгенімді Қазақстанда жүзеге асырамын», - дейді небәрі 13 жастағы Еркебұлан.

7-сынып оқушысы Сапар Құралайға Қазақстанның павильоны ерекше ұнаған. Павильоныд үш сағат бойы араласа да, шыққысы келмеген Құралай тәтті естеліктерімен құлшына бөлісті.

«Қазақстан павильонында күн, жел, су, ғарыш энергиясының үлгілерімен таныстық. Павильонның іші де, сырты да көз тартарлық. Лифтілері, лазерлік шоулары да ерекше. Ішінде жүріп, Қазақстанды түгелдей аралап шыққандай болдық. Бір қабаты желге, басқасы күнге, енді бірі ғарышқа арналған. Күнге де, айға де серуендеп келдік.

Ресей павильоны да ерекше ұнады. Нағыз Арктиканы көргендей болдық. Үш ай бойы қалай мұз болып сақталып тұрғанына таң қалдым. ЭКСПО-ны аралағаныма қуанамын және елімізде осындай көрменің өткенін мақтан тұтамын».

4-сынып оқушысы Шефер Полина суртеші болуды армандайды. Көбіне пейзаж салғанды жақсы көретін Полинаның Малайзия павильонына кіргенде шабыты ашыла түскен.

«Джунгли әлеміне енгендей болдық Бұрын-соңды мұндайды тек кинолардан ғана көретінмін. Малайзия павильонына кіріп, өзім джунглиге барып келгендей болдым. Айналамыздың бәрі жап-жасыл болды. Кіре салғанда құстардың, судың даусы естілді. Сол жерде отырып алып, сурет салғым келді. Бірақ басқаларын да аралау керек болды. Алматыға қайтқанда бәрін саламын деп ойладым. Сабақ басталып, әлі уақытым болмай жүр»,- деп бөлісті өз естелігімен Полина.

10 шақты оқушыны ертіп барған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айтжанова Нұрғаным Абсадыққызы оқушыларын «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне ертіп барып, аралатқанына дән риза. «Бұл сапарымыз – оқушылардың болашағына үлкен қадам болды» дейді ұстаз журналиске айтқан пікірінде.

«Мектебіміздің оқушылары бізге туған балаларымыздай болып кеткен. Өз баламыздың болашағы үшін бәрін жасаймыз ғой, сол секілді мектебіміздің әр оқушысының болашағы бізді алаңдатады. Үлкен азамат болып өссін, елінің мақтанышы болсын, елінің игілігі үшін еңбек етсін деп жанталасамыз. Сөйтіп жүргенде «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне жолымыз түсті. Көп мектептер аудан әкімдігі талап еткен соң амалсыздан барып жатады. Ал біз қанатымызды кең жайып, Астанаға құстай ұшып бардық. Көрмені аралау арқылы білім жинадық, армандадық, арманымызға шабыт қостық. Әсіресе, оқушыларымыз үлкен әсер алды. Олар Қазақстанның болашағы. Ертеңгі күні елді дамытатын үміттеріміз. Қазақстанна өзге павильондарға кірген бетте бізде де осындай болса ғой деп армандап жүрді. Сол армандарын міндетті түрде өз қолдарымен жүзеге асыратындарына сенімдімін. Ал Отанымыз үшін, Елбасымыз үшін басымызды тіке көтеріп, «бұл – біздің ел» деген мақтаныш кеудемізді кернеп, риза болып ауылымызға қайттық», - деді Нұрғаным Абсадыққызы.

Жарқын болашаққа жол бастаған «ЭКСПО- 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі талайдың біліміне білім, шабытына шабыт қосты. Еліміздің бүлдіршіндерімен көрме жайлы тілдесу арқылы болашағымыздың тұтқасы берік болады деген сенім ұялады бойымызда. Себебі болашақ Қазақстан – бүгінгі бүлдіршіндеріміздің қолында.  

Гүлім ЖАҚАН

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір