• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 14:52:58
Алматы
+35°

15 Қараша, 2016 NEWS

ЕГЕР ДОНАЛЬД ТРАМП АҚШ-ТЫҢ ЭКОНОМИКАСЫН ӨЗГЕРТЕ АЛСА, ОНДА ӘЛЕМ ДЕ ӨЗГЕРЕДІ

Қазақстандық белгілі экономист Зейнолла Кәкімжанов (ҚР бұрынғы қаржы министрі) АҚШ президенті Дональд Трамптың экономикалық ұстанымдарын &laquo...

Қазақстандық белгілі экономист Зейнолла Кәкімжанов (ҚР бұрынғы қаржы министрі) АҚШ президенті Дональд Трамптың экономикалық ұстанымдарын «Трампономика» деп атауды ұсынып отыр. Бұл туралы kaz.365info.kz «Трамп ақымақ емес, оның идеяларында үлкен мән жатыр — Кәкімжанов» атты мақаласында жариялады.

 Кезінде сарапшылар 1981-1989 жылдары АҚШ-тың 40-шы президенті болған Рональд Рейганның экономикалық саясатын «Рейганомикой» деп атаған еді.

«Мен неге Трампқа сенім арттым?»

«Қазір өзін өзі сыйлайтын менеджер (кем дегенде, жоғарғы буындағы), немесе сондай болғысы келетіндер, кез келген ортанқол бизнесмен сияқты, әлемдік экономика тынысынан, жаһандық үдерістерден хабардар болу керек, — деген пікірде Зейнолла Кәкімжанов. — Әсіресе, мұны ұлттық экономиканы түзейтіндердің түсінгені маңызды. Ондай үрдістерді түсінбейтіндер елді әлемдік экономиканың көшіне ілестіре алмайды.

Мен «Рейганомикаға» ұқсастырып, «Трампономика» деген термин енгіздім. Рейган әкімшілігінің экономикалық саясаты АҚШ саясаты үшін өте өнімді әрі пайдалы болды деген пікір қалыптасқан. Кейбіреулер, тіпті, мұндай экономикалық саясат КСРО-ның күйреуінің бастауы болды деген сенімде. Бұл өз алдына бөлек, күрделі әрі үлкен әңгіме, бірақ қазір мұны еске алу

АҚШ-тың экономикалық, ішкі және сыртқы қоса алғанда, саясатының әлемге әсер ететінін тағы бір рет көрсету үшін маңызды.

Өйткені, АҚШ әлі күнге дейін әлемдік экономиканың 25 пайызын құрайды».

«Мен неге Трампқа сенім арттым?» — дейді өзіне өзі сұрақ қойған Кәкімжанов, сөйтіп, өз таңдауының бірнеше себебін келтіреді.

«Біріншіден. Мен Америка халқының санасындағы өзгеріс үдерістерін байқадым, мен олардың қаншалықты нақты екенін білуге қызықтым. Трамптың АҚШ президенті болып сайлануы олардың шынайы екенін көрсетті.

Екіншіден. АҚШ-тың ұлттық экономикасын дамыту және экономикалық стратегияны құру бойынша Трамптың өзінің ұстанымын қалай жүзеге асыратыны менің қызығушылығымды тудырып отыр. Экономикалық жүйе құрылымы жөніндегі менің іргетастық ұстанымдарым соңғы 30 жылда АҚШ жүргізген экономикалық саясатқа қайшы келетін. Ал Трамптың экономикалық ұстанымдары, керісінше, маған жақын болып шықты. Егер Трамптың саясаты жемісті болса, онда менің іргетастық ұстанымдарының да жаны болғаны. Ендеше, мен оқыған жоқпын, яғни, менің ойға түйгенім бос қиял емес.

Үшіншіден.

Трамптың әлемге деген көзқарасы американдықтардың мүдделерінен түзіледі, бұл АҚШ-тың кез келген президенті үшін қалыпты дүние

Егер Трамптың бастамалары табысты болса, онда әлем елеулі өзгерістерге ұшырайтын болады».

Темір торда туған әлжуаз жолбарыстар

«80-ші жылдардың соңында мен Мәскеу мемлекеттік университеті мен КСРО Ғылым академиясында экономикадағы оқу циклі мен диссертациямды қорғауды аяқтап жатқан едім, — дейді өткенді еске алған Қазақстанның бұрынғы қаржы министрі. — Біз Карл Маркстың „капиталына„ негізделген фундаменталды экономиканы және оның қосымшасындағы математиканы көп оқыдық. Дипломдағы менің мамандығым да солай аталады «Экономикалық кибернетика жөніндегі маман». Содан бері көп уақыт өтті, мен бізді дұрыс дүниеге үйреткенін түсіндім.

80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың басында Батыстан экономика бойынша базалық кітаптардың аудармасы келе бастады. Университетте бізге батыстың экономикасы бойынша алғашқы берілген теория — „Еңбекпен қамтылудың, пайыздың және ақшаның жалпы теориясы„ деген Кейнстің еңбегі болатын. Одан кейін Самуэльсонның «Экономикс» деген кітабы орыс тілінде шықты.

Бұл кезде КСРО сыртқы әлемге ашыла бастаған еді, „нарықтық экономика„,, «биржалар», «банктер», «менеджмент» деген сөздер жиі қолданыла бастады

Мен осы кітаптарды жан-жақты зерттей бастадым, бірақ олардың мән-мағынасын түсіне алмай-ақ қойдым…

Менің экономикалық көзқарастарым Маркстың құн теориясына негізделген еді. Ал Кейнс пен Самуэльсонның кітаптары құнды қайта бөлуді қарастырады, бірақ олардың қайдан және қалай құрылатын айтпайтын. Батыстың барлық экономистері Марксті зерттеуге ұялатын. Мен мұны неге еске алып отырмын?

Сол кезде біздің қалай қарай қозғалуымызды түсіну үшін, мен халықаралық экономика мен оның локомотиві — АҚШ экономикасын бақылай бастадым. Сол заманның өзінің нарықтық бас білгіші — АҚШ-тың федералдық резерв жүйесінің басшысы Алан Гринспен болды. Бірде, шамамен 1993 жылы

мені оның АҚШ ноу-хауларды сатуға негізделген жаңа экономиканы құратын болады деген сөздері таң қалдырды

Бүгінгі терминдерді қолдансақ, оны „зияткерлік білім экономикасы„ деп атауға болады. Осыған байланысты, Гринспен экономиканың дәстүрлі салалары АҚШ үшін соншалықты маңызды болмайды деген еді.

Бұл Батыстың кәсіпкерлеріне дәстүрлі өндірісті АҚШ пен Еуропадан Оңтүстік-Шығыс-Азия елдеріне ауыстыруға берілген белгі іспеттес болды. Сөйтіп, дәстүрлі өндіріс ошақтары, яғни, металлургия, химия өндірісі, жиһаз өнеркәсібі, жеңіл индустрия, машина, құрал-жабдық және тағы басқалары жаңа аймаққа қоныс аудара бастады. Осы қоныс аударудың нәтижесінде «азиялық жолбарыстар пайда болды».

Кейінірек осы «азиялық жолбарыстардың» нағыз жабайы айбарлы жолбарыстар емес, темір тордың ішінде туған хайуанаттар паркінің әлжуаз жануарлар екені анықталды

Өндірісті осылай көшірудің арқасында Қытайдың экономикасы жақсы көтерілді. Бұл жерде елдің алып болуы мен жоспарлы мемлекеттік экономика шешуші рөл атқарды.

Карл Маркстікі жөн еді

Сол кезде «Гринспеннің концепциясы» мені қатты таң қалдырып қоймай, сонымен қатар толғандырды. Мен өзімді экономикадан ешқандай хабары жоқ адамдай сезіндім.

Содан бері 25 жыл өтті, ал мен енді ғана бірдеңе түсіне бастағандаймыз: Гринспен және батыстың бүкіл экономикалық ілімі жаңылысты.

Кейбіреулердің бұған қарсы шығып, АҚШ экономикасы Apple, Intel, Facebook, Tesla және басқаларын шығаратын зияткерлік білім мен компаниялардың есебінен өркендеп жатыр деген уәж айтуы мүмкін. Иә, ол солай. Алайда егер АҚШ-тың сол алдыңғы қатарлы технологиялық компанияларында еңбекпен қамтылғандардың санын алатын болсақ, ол елдегі еңбекке жарамды халықтың 3-ақ пайызын құрайды. Сонда басқа халық қалай күн көрмек?

Маркстың құн теориясының негізінде бір іргетастық қағида жатыр – құнды адамның еңбегі жасайды. Экономикалық қуаттылық материалдық игіліктерді өндіру мен қызметтерді көрсетуге жұмсалған жұмыстың мөлшері мен сапасына қарай өлшенеді.

Ел экономикасы қуатты, ал халқы дәулетті болу үшін елдің еңбекке жарамды халқы жұмыс істеу керек

АҚШ-та болған адам ол елдің экономикасы қуатты, ал халқы дәулетті деп айта алмас. Ол жақтағы жолдардың сапасы көптеген елдердегіден нашар. Ал Чикагодағы салдырлап қалған метроны көрдіңіз бе? Делидегі метро әлдеқайда жақсы жұмыс істейді. Сіз ел ішінде американдық авиакомпаниялардың ұшақтарымен ұшып көрдіңіз бе? «Эйр Астана» олардан әлдеқайда артық. Қонақүйлердегі, мейрамханалардағы, дүкендердегі қызмет көрсету сапасын Еуропа мен Азиядағымен салыстыруға мүлдем келмейді. Мен автомобиль жасаудың бұрынғы әлемдік бесігі — Детройтты көрдім. Көрініс қорқыныш тудырады. Соған қарамастан, АҚШ әлі күнге дейін әлемдік экономиканың көшбасшысы. Ол әлемдегі үздік білім беретін, медицинаның, жаңа технологияларды жасау мен оларды өндіріске енгізетін ел. Білім экономикасын лайықты бағалаған Гринспен дұрыс жасады.

АҚШ-тың стратегиялық қатесі

Бірақ Гринспен экономиканың дәстүрлі салаларына қатысты үлкен қателікке жол берді. Егер сіз болат құю өндірісін Оңтүстік-Шығыс Азияға көшіру жөнінде шешім қабылдасаңыз, онда салааралық әріптестік деген түсінік бар екенін ұмытпауыңыз керек. Бір саланы жабу елдің барлық басқа салаларындағы, тамақ өндірісі мен технологиялық саланы қоса алғанда, өндірісті қысқартуға әкеліп соғады. Ал өндірісті қысқарту жұмыс орындарын қысқартуға ұласады. Жұмыс орындарын қысқарту дегеніміз ел экономикасының негізі болып табылатын құн өндірісін қысқарту деген сөз.

Бүгін АҚШ пен Еуроодақ дәстүрлі өндірістерді өз елдерінен шығаруды ынталандырғанда стратегиялық қатеге жол бергендерін түсінді

Нәтижесінде, олар бүгін өз елдеріндегі дәстүрлі өндірістердің қалдықтарына күшті қысым жасап жатқан Қытай сияқты өте мықты белеске ие болды.

Егер Гринспен және оның жақтастары Маркстың „Капиталын„ дұрыстап зерттегенде, олар мұндай стратегиялық қатеге бой алдырмас еді.

„Әлемдік білгіштің„ не кінәсі бар?

Ендеше, АҚШ ненің есебінен ұзақ жылдар бойы көш бастап тұр? Оның жауабы дайын: мемлекеттік қарыздың өсуі мен қолма қол долларды басып шығару есебінен. Әлбетте, АҚШ технологиялар саласындағы көш бастаушылығы сол қалпында қалып отыр, бұл ел экономикасы өсуінің маңызды тетігі. Бірақ

егер сіз АҚШ-тың көптеген жетекші технологиялық компанияларының құнды құру мен оны капиталдандыруын сарапқа салсаңыз, олардың қуаттылығы көпірме екенін түсінесіз

Гринспен 2006 жылы мерзімінен бұрын өз еркімен қызметінен кетті. Өйткені ол өзінің не бүлдіргенін түсінді — ол қызметінен кетісімен АҚШ-тың қаржы нарығындағы көпірме жетістіктер жарылып, зардабын әлі күнге дейін шегіп отырған әлемдік қаржы дағдарысына ұласты. Оның артынан бекерден-бекер дағдарыстың себепкері — Гринспен„ деген сөз шыққан жоқ. Десек те, ол „әлемдік білгіш„ болатын. Бүкіл әлемнің капиталисттері оның сөзін екі етпейтін. Гринспен Кейнстен үйренді. Алайда Кейнс құнды қалай бөлуді үйреткенімен, оны қалай жасауды үйреткен жоқ. Гринспен басқа елдерде басқа халықтар жасаған құнды АҚШ-тың ұтатынында етіп, қайта бөліп отырды. Бұл үшін американдық қаржы институттары қазіргі күнге дейін жұмыс жасап жатқан көптеген қаржы құралдарын құрды.

Трамп идеяларының жаны бар

Айтарлығы, мұндай қайта бөлушілік Америка халқына опа әпермеді, өйткені

американдықтар — өздері құрған қаржы институттарының әлемдегі ең үлкен борышкерлері

Макдональдста бір долларға түстенетін олар өздерінің үйлері, өз машиналары, өз айфондары мен айпадтары үшін төлейді, бірақ жақсы білім, жақсы медициналық қызмет үшін төлеуге қауқарсыз.

Американдықтардың басым көпшілігі төлем жасауға қабілетсіз, өйткені елде жұмыс орындары аз, барын жаңа мигранттар алып қойған. Кедейлер үшін жоғары салықтарды Американың орта табы төлеп отыр.

Осы орайда айтарлығы, американдықтар өздері түсініп болмайтын НАТО елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, Талибтермен, Асадпен соғысқа триллиондаған доллардың жұмсалып жатқанын көріп отыр.

Аталған мәселелерден кейін Дональд Трамп пен Берни Сандерстің сайлау алдындағы үндеулерін түсіне бастайсың. Бұл бедел қуалаушылық, яғни, популизм емес. Бұл нақты өмір. Трамп идеялары көңілге қонымды, олардың жаны бар…»

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір