• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 17:59:36
Алматы
+35°

07 Тамыз, 2017 Әдебиет

«Егемен Қазақстан» тілшілері Шерхан Мұртазаға сыр ақтарып қайтты

Бүгінде Шерағаның тәрбиесінен нәр алған шәкірттері ұстаздарына жиі барып, сыр шертісіп қайтады. Бұл жолы да сол үрдіс қайталанды.

Жазушы, қоғам қайраткері, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шерхан Мұртаза өз өмірін қазақ әдебиетіне, қазақ басылымына арнаған. Өнегеге толы ғұмырында Шерхан Мұртазаның талай құнды жазбалары, кітаптары жарық көрді. Сондай-ақ, қаламы қарымды, ойы ұшқыр журналистерді тәрбиелеп шықты. Бұған белгілі журналист Талғат Сүйінбайдың «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған әңгімесі дәлел. Шерхан Мұртаза «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі, әдеби қызметкері болды. 1963-1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінің редакторы. Содан кейінгі уақытта «Жазушы» баспасының, «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы. Бүгінде Шерағаның тәрбиесінен нәр алған шәкірттері ұстаздарына жиі барып, сыр шертісіп қайтады. Бұл жолы да сол үрдіс қайталанды:

Аяулы абыз аға – Шерхан Мұртаза Алматыда тұрады. Оқ­та-текте ол кісінің отауына бас сұ­ғып, хал-жағдайын сұрап, ізет етіп қайту – «Егеменнің» осын­да­ғы тілшілер қосыны қызмет­кер­лерінің әуелгі айнымас әдеті!..

Аздап сырқаттанып, оңалған қаламгер ағамызға Астанада «Еге­мен Қазақстан» сериясынан шық­қан өзінің «Намыс найзағайы» кітабының бумасын көтеріп, құстай ұшып «Самалдағы» үйіне жеттік. Амандық-саулықтан соң, бумадан бір тал кітапты үзіп алып, қолына ұстаттық. Бәріміз сілтідей тынып, бақылап тұрмыз. Көк кітапты қолына алған қарт қаламгер, сыртқы мұқабасын бір шолып, ішін ашты, парақтап көрді. Сөйтті де ашылған параққа бетін басып тұрып, екі рет сүйді. Со­дан соң кітапты үстелдің үсті­не қойып, «Рахмет!» деп қар­лы­ғыңқы дауыспен қысқа қайыр­ды. Оң қолын баяу көтеріп «Оты­рыңдар!» деген ишара жасады. Ма­надан бері абзал ағаның әр қимылын жіті бақылап, демімізді алмай, қимылсыз тұрған баршамыз сол-ақ екен еркінсіп сала бердік.

Шерағаң қазір сөзге сараң. Оны біз жақсы білеміз. Дастарқан жайып жүрген жазушының қызы Алма «Ол кісі қазір көп тыңдайды, әңгімелеріңізді таусылғанша айта беріңіздер, содан жаны рахаттанып қалады», – деп те қойды. 

Алғашқы әңгімені «Алматы ақшамының» бас редакторы, қалалық мәслихаттың депутаты, «Егеменнің» экс-тілшісі, жазушы Қали Сәрсенбай бастады.

– Тоқсаныншы жылдары Шераға өзіңіз мені аттай қа­лап, қызметке алған едіңіз, секре­тариатқа... үш айдан соң әдебиет бөлімін ауыстырам дедіңіз. Қалта дәптерлеріңізге жазып қоясыздар ма, әйтеуір, дәл үш ай болғанда бір-ақ күнде бөлімге ауыстым... Есіңізде ме Шераға?! 

 – Шерағаңның арқасында «Ақ­сайдан» 4 бөлмелі пәтер ал­дық. Батасын беріп, тұсауын өзі кесті. Сол шаңырақтан өсіп-өндік. Ұжым болып дүрілдетіп өткізген пәтер-тойы есіңізде ме, Шераға? 

Бұл – Қалекеңнің жұбайы, сол кездегі «Егеменнің» тал­ғамы зор, қаламы жүйрік ерке қыздарының бірі  

–Таңсұлу ханым.  Шераға бас изеді. Қали мен Таң­сұлу бес жасар немересі Шер­ханды өздерімен бірге әдейі ертіп келген екен. Дана Шерхан мойнына асылып еркелеген бала Шерханның маңдайынан сүйіп, бетін сипап күбірлеп сөйлеп, батасын берді.

– Мінезі де Шерағамның міне­зіне ұқсас. Содан да болар «ау­ма­ған Шерағамыз ғой, Шера­ға­мыз...» деп әрдайым еркелетіп оты­­ра­мыз, – деді Қалекең жымиып.

«Егеменнің» есігін 17 жасында ашып, 100 жылға жуық ғұмыры бар қасиетті қара шаңыраққа тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан «Егеменнің» Алматының тілшілер қосынының шолушысы, қаламгер Гүлзейнеп Сәдірқызы: – Шерағам менің газеттегі өмі­рімді түбегейлі өзгертті. Ол кез­дегі ерекше бағаланатын стена­гра­фистік қызметтен тілшілікке ауыстырып, қызыл шапан жауып, болашағыма үміт артып, батасын берген еді! – деді. 

Әрдайым әзілі басым, күлкісі күміс Гүлзейнеп әңгіменің тиегін ағытты! Жұрт мәз-майрам болды да қалды! Бұл күндері айтуға ғана оңай! Ол тұста Шерағаңының редак­торлық сеніміне кіру журналис­тер арасында екінің біріне бұйыр­маған іс. Тәуелсіздіктің елең-алаңында ел газеті «Егемен Қазақстанда» намыс найзағайын ойнатқан қаһарман қаламгер-редактор қаншама жас толқынның томағасын сыпырып, қырандайын көкке самғатты! Шерағамның шаңырағындағы бүгінгі отырыс­та ол жайында өте көп айтылды. Редакция өмірінен небір естен кетпес қызықты оқиғалар еске алынды.

Осы жолдардың авторы да қарап тұрмай «Сіздердің бар­лық­тарыңызды Шерағам жұмысқа алған екен, ал, Шерағам мені жұ­мыстан кетпе, «Егеменде» қал деп өтініш айтып еді... Есіңіз­де ме, Шераға?» дегенде қалам­гер­дің жүзіне күлкі белгісі себез­гі­легендей болды. Бас изеді. 

Қазақстан Парламенті кезекті бір тараған жылы Шерағам «Еге­мен Қазақстан» редакциясына сол кездегі бас редактор Уә­лихан Қалижанға бас кеңесші болып қызметке оралды. Қызық кезең! Барша жұрт Шерағаң бейне «Егеменіне» қайта орал­ғандай әсерде жүрді. 1998 жыл. Бас­қа қызметке ауысып бара жат­қанымды естіген екен, дәлізде жолығып қалып: «Сені «Еге­меннен» кім қуып жатыр, а... қайда барасың, неге қалмай­сың?» дегені бар еді. Шіркін, Ше­рағаң! Ештеңені қалт жібер­меген қағылездігін айтсаңызшы! Шер­ағаң секілді құдіреттен мұндай сөз естимін деп ойлаппын ба, сасып қалдым. «Ешкім де... Шераға, америкалық журналистермен қыз­мет істеп көрсем деп...» дедім кі­біртіктеп. «Америкалықтар дей­сің бе... Оның жөн екен!», – деді. Біздің әңгімемізді иіп тыңдап, ара-тұра бас изеп, сөйлемесе де жайдары отырған асыл ағамыздың осынау бір қылығына сүйсінуден басқа амалымыз қалмады. 

Өңінен байқағанымыз – өзінің «Егеменінің» жауынгерлерінің қилы қызықтарын есіне алып бір жасап, әбден рахаттанған секілді. Тағы бір рет «рахмет» дегенде, біз тұруға оңтайландық. «Егемен Қазақстан» редакциясының қа­ламгердің 85 жылдық туған кү­ніне орай Алматыда ардагер жур­на­листер арасында бильярдтан тур­нир өткізетіндігі туралы құлағ­дар еттік. Шерағамның оң қабағы кө­теріліп, қасы керіліп, басылды. Бильярд спортының хас шебері жастық шағының бір сәтін еске алған шығар, бәлкім...

...Бәріміз құшақтасып қош­тастық.

Шерағаң таңертең Жуалыға жүреді. Елге барып, ағайынды аралап, саумал ішіп, киікоты мен жусанның иісін жұтып оралмақ Алматысына!..

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір