• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 11:39:08
Алматы
+35°

АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы  Джон Керри халықаралық саясатта Дональд Трамптың жүргізіп отырған саясатына көңілі толмайтынын мәлім етті. Ол өз сөзінде «Трамп бүкіл әлемнің алдында Американы масқара етті» деп мәлімдеді.

Ол Американың демократиялық құндылықтарын жермен жексен етті. Әлемнің алдында АҚШ-тың беделіне нұқсан келтірді, масқарамызды шығарды. Американы төркүл әлемнен оқшаулап тастады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін  бұрынғы АҚШ басшылары құрған альянс пен іргетасы мықты институттарға қауіп төндірді. Біз алға емес, артқа қарай шегініп барамыз.

Мен ондаған жылдар бойы АҚШ билігінде, мемлекеттік қызметте жұмыс істедім. Америка мүддесіне сай елдің сыртқы саясатын жүргіздім. Бірақ дәл Дональд Трамптай елдің ішіне іріткі салған, ұлттың қауіпсіздігін ойламайтын,  АҚШ-тың абыройын төккен әпербақан адамды көрмедім. Твиттер арқылы саясат жүргізіп, Американы  ұятқа қалдыратын мұндай адамның Ақ үйде отыруға құқы жоқ,–деді ол Демократиялық партия өкілдерінің алдында сөйлеген сөзінде.

Осыған байланысты ол 2020 жылдың қарашасында басталатын президенттік сайлауға дайындықты қазірден бастауға шақырды. 2013-2017 жылдары АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы болған Джон Керри «ол үшін бүгіннен бастап сайлауалды кампаниясына жарна төлеуді бастап кету керек» екендігін айтты.

Ескерте кетейік, Дональд Трамп та келер жылы президенттік сайлауға түсетінін мәлім еткені белгілі. Өткен сайлауда ұтылып қалған Демократиялық партия осы жолы Трамптың аяғын тұсауға барын салады. Қазірдің өзінде Дональд Трампқа қарсы бәсекелес ретінде демократтардың атынан сайлауға түсуге АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Джо Байден, сенатор Берни Сандерс, сонымен қатар бұрынғы мемхатшы Джон Керри  ниетін білдірді.

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір