• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 19:25:28
Алматы
+35°

02 Қаңтар, 2019

Димашты мойындауға, тануға біздің "данышпандардың" өресі жетпес еді...

Талғам деңгейлері әлемдік стандарттард артта қалған, біліктіліктері тым төменде жатса да, сонысына қарамай атақтары тар шеңбердің аумағында ғана жер жарады.

Димаш әлемдік деңгейдің, өнерге деген биік талғамның не екенін қазақтарға әбден ұқтырғандай болды. Әрине, ұғатындай санасы барларға жеріне жеткізе түсіндірді. Өйтпегенде, оны қазіргідей мақтан тұту былай тұрсын, ендігі сахнадан қуып жіберер ме едік, кім білсін. Бірнеше жыл бұрын әлде бір «әділ қазылар алқасы» дейтін біреулер сол Димаштың ит терісін басына қаптап сынап-мінеп жатқанын дүйім жұрт көріп, естіген еді ғой. Ал, бүгін әлем елдерінің жоғары талғамды, биік мәдениетті көрермендері мен шын кәсіби өнертанушылары оны таныған соң ғана қазақтар «иә, солай екен ғой» деп мойындаған болып жатыр. Бұрын солай таныса, мойындаса қайда қалды? 

Мойындауға да, тануға да біздің данышпандардың өресі жетпес еді. Әлгі «әділ қазылар алқасы» аталатын топас тобырдың бірегей өкілдері сынаған соң бітті. «Ол – әнші емес, шыңғырған жай біреу» деп қана қарап, шын талантты тентіретіп жіберген болар едік. Баяғы сол Абай дана айтқандай «көп айтса болды, жұрт айтса көнді» дегеннің кері. Бұл жерде «көп» дегенді «топас», «жұрт» дегенді «тобыр» деп түсінген абзал шығар. Қазір де көптеген салада сол топастардың («әділ қазы») дегені жүріп, тобыр солардың ығына қарай жығылып тұр. Жалғыз ән өнерінде ғана емес, барлық салада солай. 

Түрлі байқау-жүлделерде, конкурс-понкурстарда ат төбеліндей бір топ қазылық етіп отырады. Олардың дені сол әділдіктен садаға кеткір залымдар. Талғам деңгейлері әлемдік стандарттардан әлдеқайда артта қалған, біліктіліктері тым төменде жатса да, сонысына қарамай атақтары тар шеңбердің аумағында ғана жер жарады. Қысқасы, қазақстандық масштабта сол топастардан асқан данагөй жоқтай-ақ көреді. Жұрт солардың айтқанына көнеді де, қайдағы бір дарынсыз, халтурщиктерді көкке көтереді. Шын мәнінде, олардың әділ қазы да, саланың білгірлері емес екендігін ән өнерінде бір Димаш қазір толықтай паш етті, біршама елдің көзін ашты. 

Енді, әдебиет, кино секілді өзге де көптеген салада Димаштай шын дарындар әлемдік деңгейде танымал бола бастаса, қазіргі мадақталып, орден тағып, атақ алып жүргендер мен оларға баға беріп, сараптама жасап отырған данышпандардың да арттары ашылып, ай далаға тентіреп кетер еді.

Қуандық Шамахайұлының Facebook парақшасындағы жазба

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір