• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 04:17:27
Алматы
+35°

29 Наурыз, 2019 Әдебиет

"Димаш, тағдыр саған у емес бал ұсынған..."

Талантыңнан айналдым, дауысыңнан, Тағдыр саған у емес бал ұсынған...

Qamshy.kz ақпарат агенттігі қазақтың маңдайын біткен дара тұлғасы, қазақ атын күллі әлемге танытқан күміс көмей әнші Димаш Құдайбергенге арнап жазған қазақ ақындарының жырларын ұсынады.

 

Дара

Бере ме бірден нарықтың парқы бағасын,

Шалқардың көлік секілді шалқып ағасың.

Миллиардтар елі жұлдыз деп қол соқты, Димаш,

Жұлдызың сенің додада жарқырағасын.

 .

Үрімде жолың ашылсын, Қырымда бағың,

Байғазы десем осы өлең

Ырымдағаным...

Жүрекке жетті бұлбұлдай құйқылжытқаның,

Бозторғай сынды көгімде шырылдағаның.

.

Жұлдызды әнсіз бұл қазақ жамырата ма,

Әуенсіз күнім бата ма, таңым ата ма?!

Қол соқты саған қытай мен ормандай орыс,

Қол соқты сынды Парижде Әміре атаңа.

.

Қуат ап ескен даланың самалы күннен,

Жаңалығыңнан жанымның жанары күлген.

Сирек үн, дара дауыс деп дабырлап қалдық,

Кім түсінуші еді бірақ та дараны бірден?!

.

Шуағын төксін бауырың,

Жұртың арайын,

Басыңа қонған бақ шығар бұл күн, ағайын!

Әлем қол соғып жатқанда, Димаш, жарығым,

Маңдай теріңді жырыммен сүртіп алайын!

Мақпал Мыса

***

Димаш, алға!

Жарайсың, Димаш, əйгілі болдың əлемге, 
Талантты сендей əнші тумаған əр елде.
Қазақтың қандай ел екендігін жұрт білді,
Дəлелдедің СЕН, дəлелде, тағы дəлелде.
.
ҚАЗАҒЫМ, алға, ДИМАШЫМ, самға қырандай,
Шарықта шарла, өнерің барда мынаңдай!
Талайды таңдай қақтырған сенің - дауысың, 
Жеті қат тіпті аспанды тесіп шығардай.
.
Жылжи берсінші жетістігіңнің керуені,
Ақталды міне ата-анаңның да еңбегі.
"Құдайбергендей" тегіңіз тегін емес-ау,
Өзіңдей ұлды қазаққа Құдай бергені.
.
Əміре атаң - əлемді əнмен тербесе,
Сол салған жолды жалғашы сен де, ендеше.
Сəттілік саған серік болсыншы, Димашжан,
Жанымыз біздің алып-ұшады "сен" десе!
.
Естісек, шіркін, "сайыстан тағы жеңді" - деп,
Жас толып көзге кетеді жүрек елжіреп.
Қазақтың сендей талантты ұлы тұрғанда,
Көк туым көкте тұрады желсіз желбіреп!
.
Саят Əбенов

***

Сен қазақтың байрағын желбіреттің

Әуен қалқып барады ғарыштарға,
Ғарыштармен хақым жоқ қауышпауға.
Қанаттарын сабалап айдын көлде,
«Аққуыңсыз» мүмкін бе тағы ұшпауға?!

Мәскеу жайды құшағын, Қырым жайды,
Құлын даусың Лондонда шырылдайды.
Оза шапқан бәйгеден Құлагер-ұл,
Арда үніңнен жан-тәнім шымырлайды.

Шарлап кетті шартарап бұлбұл үнге,
Жер қозғадың ,,Адайдың" күмбіріне.
,,Ұмытылмас күніңе" мәңгі айналсын,
Қамшы басқын сен дағы дүлдүліңе.

Мөп-мөлдір тұнығады ақ таңда әуен,
Сұлу саздың сен дағы ақтаңгері ең.
Қазағымның бағысың маңдайдағы,
Жарық болсын жұлдызың атқан берен.

Таңдандырып талайдың сал-қыранын,
Аспанында Шанхайдың шалқыды әнің.
Миллионның жүрегін отқа ораған,
,,Адажиоң" жаһанға салды ұранын.

Менде еліттім қайтейін, елжіреттің,
Сыйқыр емес, пенде едік ет-жүректің.
Шырқыраған құлыным, шын қуандым,
Сен қазақтың байрағын желбіреттің.

Әсел Оспан

***

 Дүлдүл

Шырқай білген шынайы сан ғасырдай,

Алты қырдан қазақ па, әнді асырмай…

Әлем біткен әншіге жалт қарады,

Әміренің әдемі жалғасындай!

 .

Құбылыссың ерекше, білем мүлде,

Атыңды айтып әр қытай жүрер күнде.

Аспан асты елінде асқақ тұрдың,

Аспан астын шулатып жібердің де…

 .

Ән шырқаған дала мен тауда мәңгі.

Қазақ әлем назарын аударар-ды.

Қырдың үні қытайды қырып салып,

Дала даусы дүниені жаулап алды!

 .

Ашылатын алдынан бағын біліп,

Келді қытай еліне нар ұл кіріп.

Миллиард қаржы шын дарын шығармай-ақ,

Миллиардты алды ғой бағындырып…

 .

Ақындарым арнауда жырын ғажап,

Есі кетті естіп ел үніңді аз-ақ.

Дүлдүлімен жауласа бұрын бабам,

Бұлбұлымен жаулады бүгін Қазақ!

 .

Ең үздікке артады ел де ауырын,

Көркем ұлдың шайқаған көр дауылын!..

Жапырылды үніңді жаһан тыңдап,

Жалғыз өзің Жеңдің ғой, Сен бауырым!

 .

Биік рух бар анаң, әкеңде де,

Ұлтым десе, ұғынбас қапер неге?

Шекесі тар шенеунік қазақ білмес,

Қазақ тілін үйреттің жат елге де!..

 .

Қалың қауым жібермей қарсы алғанда,

Таңдайлары ойылды тамсанғанда.

Қытайларды қыбырсыз тұрмайтұғын,

Қимылдатпай қойдың ғой ән салғанда!..

 .

Өскен ұлтпыз өрлеген  өлеңменен,

О, Құдірет!

Осы ғой өнер деген!

Әуеніңмен әуелеп жылап тұрды,

Миллион қазақ еліне елеңдеген!

 .

 Дүлдіүлі сен бәйгенің дүбірлеген,

Қаншама ару жылады күлімдеген…

Байлық пенен биліктің қолы жетпес,

Жүректерді жауладың Үніңменен!

 .

Қалың қытай Димаш деп қалды ұранмен,

Шақыруда шартарап барлығы әлден.

Ұлы дала ұланы болдың нағыз –

Ұлы Қытай қорғанын алдың әнмен!

 .

Шын дарындар шығады шырайлы елден,

Сыпырыла құлады сынай келген.

Әнің ғажап болмауы мүмкін емес –

Сені өйткені Қазаққа Құдай берген!

Қазыбек  ИСА

 ***

Даусыңнан айналдым Димаш

Димаш досым құлақ ас тілегіме,

Əлемге де танылдың міне, міне.

Əндеріңді тыңдап ем, кішігірім

Өлең келді жұдырық жүрегіме.

.

Өнердің есігіне біліп кірсең,

Аралап бар əлемді жүріп білсең.

Қас болған қысық көзді қытайлардың,

 Тас болған жүректерін жібіттің сен.

.

Киелі сахнада өзің жүрдің,

Бақтың бір күн қонатын кезін білдің.

Əніңді тыңдап, сөзін ұқпасам да,

Даусыңмен музыканы сезіндірдің...

.

Тек тілерім күтпесін алдан қайғы,

Білесің, ақылды адам алданбайды.

Кей қазақ өкпелетсе көңілге алма,

Өзіңде көріп жүрсің болған жайды.

.

Ал сен өз қазағыңды білесің ғой,

Онша-мұнша өнерге таң қалмайды.

Қытайың былай тұрсын, бар жас əнші,

 Сендей жұлдыз болуды армандайды...

.

Ерекше əнші боп қалдың ел есінде,

Тоқтамай жүз өнердің кемесінде.

Джеки Чанмен кездесті дегеніңді,

Естігенде, жыладым сенесің бе?

.

Тағдыр жазған сан түрлі жол бар еді,

Бата, тілек адамға қорған еді.

Көзімнен көрер болсаң шаттығымды,

Құшақтап алар едің сонда мені...

.

Өзіңді жалғыз Құдай қолдап еді,

Біреулер Димаш деген сол ма деді.

Менің бұлай жазғаным сол Джеки Чан,

Ең бірінші арманым болған еді.

.

Қытай қызын құлаттың дидарыңмен,

Ары қарай өнерді сүй жаныңмен.

Арманыма сен жеттің қазақ бауыр,

Соның үшін шынайы ризамын мен.

.

Аман бол əкең үшін, анаң үшін,

Баса бер, Джастиндерден қаламысың?!

Сенімен түскен жалғыз суретім бар,

Кім білген сол суреттің бағалысын.

.

Жүрегіңе өлең боп байланайын,

Атағың жете берсін айға дəйім.

Көңіліме ой салған неше түрлі,

Димаш бауырым даусыңнан айналайын.

.

Сүйген құлын бір Құдай қолдап өтер,

.Көптеу мақтап жіберсем олда бекер.

Жасай бер, айтпақшы бір өтінішім,

Джеки Чанға сəлем айт, сол да жетер...

.

Димаш жан тілегіңнен айналайын,

Əн айтқан жүрегіңнен айналайын,

Талантыңнан айналдым, дауысыңнан,

Тағдыр саған у емес бал ұсынған...

 

Бақдәулет Арыстан

 

Жинақтап, ұсынған: Мақпал Сембай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір