• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 10:58:25
Алматы
+35°

15 Қаңтар, 2018 Әлеумет

Дүркіреген кентті қаңыраған ауылға айналдырған кім?

«Ол әкімді ауыл ішінен сайласа жақсы ғой. Өзге ауданнан әкеліп қояды, оны ауыл жағдайы алаңдатар дейсің бе?!», дейді шұға комбинатында жұмыс істеген Бадыр ата.

Бұл – XX ғасырда  бүкіл республиканы асыраған ауыл. 1909 жылы Қарғалыда шұға фабрикасы салынғанда еліміздің әр аумағынан халық жиналып, осында жұмыс істеді. Кәсіпорын бүкіл республиканы, тіпті шет мемлекеттерді түрлі-түсті матамен қамтамасыз етті. Бір кездегі үлкен кент бүгінде қаңыраған ауылға айналған. Әсет Бейсеуов, Талғат Мұсабаев сынды айтулы азаматтарды дүниеге әкелген Қарғалы ауылының аянышты күйі тұрғындарын алаңдатып отыр. 20 мыңнан астам халқы бар ауыл жағдайына көңілдері толар емес. Зейнеткерлікке шыққан қариялар өз заманында дүркіреп тұрған кентті сағынса, жастар жағы рухани демалу былай тұрсын, көңіл көтеретін орын жоқ деп налиды. Ауылда су да бар, газ да тартылған. Тек есік-терезесі үңірейіп бос тұрған, құрылысы басталып, аяқталмай қалған, іші қоқысқа толы ғимараттар жұртты қынжылтады. Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Қарғалы ауылына барып, мәселенің мән-жайын өз көзімен көріп қайтты.

Ауылда бәрі бар...

Ұзынағаш ауылынан 11 шақырым қашықта, тау бөктерінде орналасқан Қарғалының табиғаты көз тартарлық. 1909 жылы шұға фабрикасы салынғанда ауылдың алғашқы іргетасы қаланды. Басында «Қарғалы», ал 1937 жылдан кейін «Фабричный» деп аталды. 2007 жылы Алматы облысы мәслихатының шешімімен ауылға о бастағы «Қарғалы» деген атауы қайта берілді.

Қазір Қарғалы ауылдық округіндегі халықтың жалпы саны – 20 мың 805 адам. 15-ке жуық жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. «Алматы конфеттері» кәсіпорны, есік-терезе шығаратын цех, екі наубайхана жұмыс істейді. Ауылда бес орта мектеп бар. Тәуелсіздік жылдары 50-ден астам шаруа қожалығы ашылған: ірі қара, қой-ешкі, жылқы, құс өсіріп отырған ауыл тұрғындары тамақтан тапшылық көрмейді.

Әкімшілік ішіндегі кітапхана

Көркіне көз тоймайтын әсем табиғатын тамашалап, кәсіпорындарының жұмысымен сырттай бақыладық. Бірақ еститін құлақ болса, халқының айтар мұңы көп. Ауыл тарихымен танысу мақсатында кітапханаға кіріп-шықтық. Қарғалы ауылының кітапханасында ел мен жердің өткен-кеткен өмірінен сыр шертетін басыламдар жетіп артылады екен. Бір өкініштісі, 10 мыңнан астам кітап кішкентай бөлменің ішіне сіресіп әрең сыйып тұр. Адам айналатын орын жоқ. Соншама рухани қазына үшін жергілікті әкімдіктің бір бөлмесі ғана берілген.

Кітапхана Қарғалы

1964 жылдан бері жұмыс істеп тұрған ауыл кітапханасының бұған дейін жеке ғимараты болмаған. Кітапханашы Майра Тәкенова «барға қанағат», - деп шүкіршілік етіп отыр.

Кітапхана Қарғалы

«Мына кітаптың бәрін рет-ретімен орналастырып қоятын жайлы орынға зар болып қалдық. Бөлме беріп отырған әкімдікке рахмет», - деді кітапханашы.

Қаңырап қалған ғимараттар

Алаң Қарғалы

Ауылдың қақ ортасында, әкімдікке жақын тұсында атаулы күндер тойланатын алаң бар. Наурыз, Жеңіс күні, Білім күні, Жаңа жыл мейрамдары түгел осы алаңда өтеді. Тұрғындардың айтуынша, ондай күндері алаң безендіріліп, мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Алайда той тарқасымен қоқысқа толатын алаңның жағдайына алаңдайтын ешкім жоқ. Шашылған құмыралар мен сынған ыдыстардың қалдығы бірнеше күн бойы жата беретін көрінеді.

қарғалы алаң

Алаңның оң жақ бөлігінде құрылысы басталып, аяқталмай қалған үлкен ғимаратты бірден байқауға болады. Тұрғындарының сөзінше, ғимаратты 1990 жылдары «Мәдениет үйін» саламыз деп тұрғыза бастаған екен. Бұл хабарды естіген қарғалылықтардың қуанышында шек болмаған. «Рухани азығымызды Мәдениет үйінен алатын болдық», – десіп бір-бірінен сүйінші сұрап та жүрген. Алайда сол жылдары-ақ ғимарат құрылысы белгісіз себептермен тоқтап қалған.

Қарғалы Мәдениет үйі

Тұрғындар осы істі қолына алып, құрылысты қайтадан жалғастырып әкететін қалталы азамат табылса деген арыз-армандарымен бөлісті. Сонда ауылдың кітапханасы да әкімшілікке қарап қалмас па еді?!

Қарғалы кинотеатр

Жабық тұрған мына ғимараттың да жағдайы мәз емес. Алғашында кинотеатр болып ашылған. Оның ісі оңға баспаған соң 2000 жылдардың басында жастардың би билейтін ордасына айналыпты. Қарғалы жастары осы клубқа жиналып көңіл көтеретін-ді. Тіпті кинотеатрдың жұмысын жаңғыртады-мыс деген сыбыс тараған. Алайда айтылған сөз жерде қалып қойды. Сырты қоршалып, іші қаңырап тұрған бұл ұсқынсыз ғимаратты көрген халықтың күрсінуден басқа амалы жоқ. Ауыл жастары қыдырып, бой сергітіп қайту үшін сонау Ұзынағаш ауылына немесе Алматыға барады.

Ал бос тұрған ғимаратты қайта қалпына келтіруге әкімдік те, оны жекешелендіріп алған иесі де асықпайтын сияқты.

қарғалы өрт

Ал мына бір үй 1990 жылдары өртке оранып, содан бері иен тұр. Бір бөлмеден шыққан тілсіз жау бес қабатты үйді түгел жалмаған. Абырой болғанда, зардап шеккен адам жоқ. Тек үйсіз-күйсіз далада қалғандары болмаса...

Бұл үй «сол күнгі өртті ұмытпаңдар» дегендей аңғал-саңғал болып әлі тұр. Мұны қайта жөндеп, ретке келтіретін немесе бұзып тастап, орнына тағы бір үй салатын бір жанның табылмағанына ауыл тұрғындары қапалы.

Қазақстанның алғашқы фабрикасы

Шұға комбинаты

Мынау – өз заманында аты дүркіреп, бүкіл республиканы асыраған Қарғалы шұға комбинатының қалдығы. Қарғалы ауылының өзі аталмыш комбинаттың құрылуы негізінде пайда болғанын жоғарыда айттық.

Құнды мата өнімдерін шығарған шұға комбинаты 1909 жылы құрылып, 2000 жылдарға дейін тоқтаусыз жұмыс істеп келген. Фабрика өнімі тек Қазақстан ішіне ғана емес, Ресейге, Украинаға, Орталық Азияға, тіпті Қытайдың кейбір аудандарына экспортталатын. Соғыс жылдары бұл кәсіпорында майдандағы жауынгерлерге шинель тоқылды.

Шұға комбинаты

Қазан төңкерісінен кейін комбинатта 3500-ға жуық жұмысшы 3 ауысымға бөлініп жұмыс істеді.  Төңкеріске дейін фабрика жылына 150 мың метр шұға өндірсе, 1986 жылы 3 млн 685 метр түрлі-түсті мата шығарды.

Алайда XX ғасырдың кәсіпорын директоры болған Марат Әлімов өмірден озған соң ғасырға жуық дүркіреп тұрған фабриканың жағдайы мүлде нашарлап кеткен. 2006 жылы комбинат жұмыс істеуін доғарды. Үш мыңға жуық адам жұмыссыз қалып, комбинатты өз иелігіне алған адам тарихы тереңде жатқан шұға фабрикасын дөңгелетіп әкете алмады.

Шұға комбинаты

Кәсіпорынның бүгінгі халі осындай. Қарғалы ауылындағы жасы келген әр тұрғынның шұға фабрикасына еңбегі сіңген. Қай қариядан сұрасаң да комбинатпен байланысты жастық шағын еске алып, көкірегі қарс айрыла күрсінеді.

Жарты ғасыр өмірін шұға комбинатына арнап, сонда жұмыс істеген Бадыр Сәлімовпен тілдесудің сәті түсті. Түрік ұлтының өкілі 1944 жылы солақай саясаттың кесірінен Жамбыл ауданына отбасымен жер аударылып келген. Содан бері Қазақстан бұл кісілердің Отанына айналды. Комбинат жұмысын тоқтатқанымен, Бадыр ата кезінде бірге жұмыс істеген Амантай ата мен Орынтай атаны жанына алып, күнде таңертең фабрикаға барады. Бұл әдетке бойлары үйреніп қалған.

Шұға комбинаты

«1962 жылдан бері жұмыс істедік. Жақсы жұмыс істедік, барымызды салдық. Көп марапатталдық та. Сөйтіп 1991 жылы Совет Одағы құлағаннан кейін фабриканың жұмысы нашарлай бастады. Сол жылдары директорымыз да қайтыс болып, фабрика өзгенің қолына өтті. Ол иелік ете алмады. Дегенмен 2006-ға дейін істеп тұрған. Біз де фабриканың қайта оңалып кетуінен үмітімізді үзбей, күнде таңертең жұмысқа аттанатынбыз. Алайда сол жылдары комбинат дәрменсіз халге ұшырап, банкрот болып, ақыр соңы жабылып, бірнеше мың адам жұмыссыз қалды», – дейді Бадыр ата.

Ал бүгінде комбинаттың тек қалдығы қалған. Ілініп тұрған плакаттардан Совет өкіметінің ізін ғана көресің.

Шұға комбинаты

«Осы комбинаттың жұмысы қайта басталып, өз ісін жалғастырса екен», – деген арманын ауыл халқы жасырмады.

Қарғалы ауылдық округінің жайқалған табиғаты да, білім алатын мектептері де, тамақ өнімдерін шығаратын фабрикалары да бар. Алайда түрғындар кеше ғана дүркіреп тұрған ауылды мынандай күйге түсірген кім екенін түсінбей дал. Осының бәрін қолына алып, «ауылды көркейтемін» деген бір жас буынның шақпай жатқанына егде адамдар налиды. Ал ауыл әкімін тұрғындарының жартысы танымайды. Себебі есеп беру кездесулерінің қашан, қалай өтетінінен хабарсыз. Ол кездесуге тек мұғалімдер мен дәрігерлер баратын көрінеді. Ал қалың жұртшылық жиі ауысатын әкімдердің түрін де көрген емес.

«Ол әкімді ауыл ішінен сайласа жақсы ғой. Өзге ауданнан әкеліп қояды, оны ауыл жағдайы алаңдатар дейсің бе?!», – деп аһ ұрады Бадыр ата.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір