• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

02 Мамыр, 23:49:39
Алматы
+35°

24 Маусым, 2017 NEWS

ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ V ҚҰРЫЛТАЙЫНДАҒЫ 5 МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ (ВИДЕО)

23 маусым күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақ елі президентінің қатысуымен

23 маусым күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақ елі президентінің қатысуымен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өтті. Qamshy.kz тілшісі осы құрылтайда айтылған 5 маңызды мәселеге назар аударды.

«Отандастар» қоры

Елбасы шетелдегі қазақтарды қолдау үшін «Отандастар» қорын құруды тапсырды. «Қандастарға мемлекет пен қоғам тарапынан жан-жақты қолдау, көмек жасау үшін шетелдегі және елге көшіп келген ағайындарды қолдау үшін «Отандастар» деген қор құрамыз. Мен оны Үкіметке тапсыратын боламын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұл осыдан екі ай бұрын зиялылармен кездесуінде жазушы Смағұл Елубайдың Елбасы Назарбаевқа айтқаны еді.

«Сіз сұрақ қойдыңыз, «5 миллионды қалай әкелу болады?» деп. Құдайға шүкір бізде байлар бар. Соларға ұран тасталса: «шетелдегі қазақтарды көшіріп келуге көмек берсеңіздер, сіздерді салықтан босатамыз, орден береміз» деген сияқты ма, осыны қозғалысқа айналдырсақ, тарихтың алдында беті жарық болар еді Нұреке! Өйткені енді 10-15 жылда сол елден айрылып қаламыз», - деп күйінген еді жазушы Смағұл Елубай. Бұдан президенттің зиялылар пікірін бағалайтынын аңғаруға болады.

Барша қазаққа біркелкі әліпби

Елбасы өз сөзінде латын әліпбиіне көшу туралы айтты. Президенттің айтуынша, латын әліпбиіне көшу - ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам.

«ТМД елдері кириллица, қытайдағы қандастарымыз - төте жазу, батыс елдеріндегі бауырларымыз латын әрпін қолданады. Сонда, сөйлескенде тіліміз бір болғанымен, оқығанда тіліміз үш түрлі. Бір-бірімізді түсіне алмаймыз. Жазуын ұқпаймыз. Бұл бір жағынан, жер жүзіне тарыдай шашылған қазақтың кейінгі ұрпағын бір-бірінен алыстатады. Екінші жағынан, ғылым мен техникаға, интернетке латын әрпі керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы латын әліпбиіне көшу әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақтарды рухани жақындастыра түсетінін атап өтіп, өзінің Жолдауында 2025 жылға дейін бұл мәселеге меже қоюын тапсырғанын айтты.

«Бірақ оны соза берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Біздің ғалымдарымыз тиісті әріптің бізге керек үлгілерін түрік және басқа латын әрпіне көшкен Әзербайжан, Өзбекстан үлгілеріне қарап отырып, кемшіліктерін ескере отырып, бізге керекті әліппені таңдап алуы керек. Меніңше, қиындығы жоқ. Себебі, 1 сыныптан бастап барлық балаларымыз ағылшын тілінде оқиды. Барлық мектептерде ағылшын тілі оқытылады. Оларда латын әрпі қолданылады. Өсіп келе жатқан ұрпаққа оның ешқандай қиындығы жоқ. Бізге де онша қиыншылығы жоқ деп ойлаймын. Кейбір ағайындардың біздің шығармаларымыз не болады деп қынжылатыны бар. Қазіргі интернет заманында ешқандай проблема жоқ», - деді Елбасы.

Қауымдастық кеңсесінің Астанаға көшірілуі

Қауымдастықтың Алматыдағы кеңсесі қара базардың қоршауында қалған, елге елеусіз бұрышта тұр. Мәселе орнында емес. Қонаев көшесінің бойындағы Қауымдастық үйі ширек ғасырда қазақтың қара шаңырағына, қасиетті орынға айнала алмады. Осы жолғы құрылтайда Елбасы қауымдастық кеңсесін Астанаға көшіретінін айтты.

«Құрылтайдың офисін Алматыдан Астанаға  көшіретін уақыт келді. Басшылардың жанында болуы керек», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Мамашевтің кетуі

Құрылтайдағы басты жаңалықтардың бірі Талғат Мамашевтің Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары қызметінен кетуі болды. Басты жаңалық болатын себебі оның бұл қызметтен кетуін жұрт күтті. Өйткені Мамашев қауымдастыққа келген 13 жылда мың-сан мәселенің ішінен көрінбеді.

Мамашевтің орнына Көші-қон демография агенттігін басқарған Зауытбек Тұрысбеков келді. Оның кандидатурасын Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды.

Айтпақшы, Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы басшысы болып қайта сайланды.

Шеттегі қазақтар қиындығы сөз болды

Құрылтайда аз нәрсе айтылған жоқ. Шетелдегі қазақ жастарының ассимиляцияға түсуінен алаңдаған Елбасы құрылтайы барысында шетелдік қазақ балалары үшін арнайы стипендиялық бағдарлама енгізуді жүктеді.

 «Шетте жүрген ағайынның ұрпағына көмек жасау, өсіп келе жатқан жастарға қолұшын беру қажет. Біз шетелдегі қазақ бауырларымыздың балаларына Қазақстанда білім алуларына бар жағдайларын жасаумыз керек. Қазір олар грант арқылы еліміздің жоғары оқу орындарында оқи алады, өздеріңіз білесіздер. Үкіметке қандастарымыздың жоғары білім алуларын қолжетімді ету үшін, оларға бөлінетін квотаны екі есеге көбейтуді тапсырамын», - деді Елбасы.

Сондай-ақ, Қытайдағы қандастар тағдыры да сөз болды. Германиядан келген Өмірхан Алтын Елбасына  Қытайдағы қазақтарға қысым жасалғанын айтып, ашынды. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ол туралы бейхабар екенін айтып, сыртқы істер министрлігіне тапсырма беруге уәде етті.

Тәуелсіздік алған жылдан бері елге миллион қандасымыз келді десек те, шетелде әлі 5 миллионнан астам қандасымыз бар екені бұл жолы да айтылды. Қорыта келгенде Қауымдастықтың басшылығы жаңарғанымен мәселелер ескі күйінде қала берді. Бір анығы - Қазақ көшінің ендігі тағдыры «Отандастар» қоры мен Зауытбек Тұрысбековтің қолында.

***

Айтпақшы, кеше ақпарат таратқан кейбір телеарналар Әлемге тарыдай шашыраған қазақты Совет зұлымдығынан шетелге қашып кеткендер деген сыңайда ақпарат берді. Қоғамда осылай ойлайтындар әлі де бар. Олар Өлгейде, Орынбор мен Омбыда, Алтай мен Құлжада, Ташкентте кемі 2-3 ғасырдан бері тұрақты тұрып келе жатқан қазақ ауылдары бар екенін білмесе керек. Үйсін елі мен Найман хандықтарын айтып, арғы тарихқа кетпесек те біз санамалаған топырақтарда аңызақ жел мен шаңқай күнге мұңын айтқан бабаларымыз қашап кеткен сынтастар, сол бабаларымыздың өзі жатқан молалар шекараның тысында да баяғыдан қоныс тепкен қазақ топырағы бар екеніне куә емес пе?

Нұрғали НҰРТАЙ

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір