• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 19:36:54
Алматы
+35°

20 Шілде, 2017 Әлеумет

Діни ағымдардың орасан зардабы

Жат ағымдардың негізін жеке адамдар қалайды

 Дін – адамзатты ізгілікке тәрбиелеп, елді ұйыту мақсатынан туған терең түсінік. Ал діни ағымдар ше, олардың ұстанған бағыты қандай? Қазақтың дәстүрлі діні дегенді қалай түсіну керек? Осы мәселелер төңірегінде  ой өрбітсек.

Жер бетіндегі адамдарды діндарлар және дінсіздер деп екіге бөлуге болады. Дінге бет бұрғандарды: иудейлер, христиандар, мұсылмандар деп жіктеп, ал жеке өз пікіріне сүйенушілер мен сектанттарды: философтар, дохриттер, сабилер, жұлдызға және пұтқа табынушылар дейміз. Ал, әлемдегі барлық  діндер бірнеше ағымға бөлінеді. Жат ағымдардың негізін жеке адамдар қалайды, діни ұғымдарды өз мүддесіне пайдаланып қолдан жасаған.

Әр діннің секталарға бөлінуі туралы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде: «Иудейлер – жетпіс бір, христиандар – жетпіс екі, мұсылмандар – жетпіс үш ағымға бөлінеді, олардың тек біреуі ғана жұмаққа кіреді» – деп ескерткен. Демек, дәстүрлі дін ғана тура жолға жетелейді.

Ресейдің белгілі дінтанушысы Александр Дворкин «Электр шамынан да секта жасауға болады» деген баспасөзге берген бір сұхбатында: «Секта – авторитарлық ұйым. Көздеген мақсатына жету үшін түрлі бүркемелерді шебер қолдана алады. Алдау, өздеріне тарту тәсілдеріне құрылған айла-әдістермен сектаға елді кіргізеді. Себебі сектаға адам өз еркімен сенбейді де именбейді. Негізінен алданатын топқа  бірінші-үшінші курс студенттері мен зейнеткерлер жатады. Студенттер әлі жас болған үшін өмір мәнін жан-жақтан іздеп, торға жиі түседі. Зейнет жасындағы қарттар бос уақыттары көп және қатарлары сиреп бара жатқан соң, өмірде жалғыз қалғандай сезінеді. Сол мезетте мәңгілік өмір туралы ойланады. Ал оны секта мүшелері өз мүддесіне пайдаланып, азғырады»,  деп сектаның зардабына етене тоқталған.

Бүгінде діни ағымға кіріп, оның шырмауына ілігіп, жан дүниесімен берілген азаматтар қоғамға қауіп төндіруде. Береке мен бірлік дарыған мемлекетіміздің тыныштығын бұзатын ағымдарға тұсау салынып, тамырына балта шабылса, оның өкілдері тиісті қылмыстық жаза алса іргесі берік, мәңгілік елге айналады. Ислам діні ағымдарына салынып, шалыс қадамға барғандар жылдан-жылға көбейіп отыр. Сондықтан исламның сол ағымдарының аттарын біліп, олардан бойды аулақ ұстап жүрген жөн.

 Ислам діні негізгі 4 ағымға бөлінеді:

1.Мутазилит (кадарит)

2.Сыфатит (суннит)

3.Хариджит

4.Шиит

Ерте кездерде осы төрт ағымнан 59 секта пайда болды. Мысалы: 1. Мутазилиттерден: василит, хузайлит, наззалит, хабити және хадасит, бишрит, муаммарит, мурдарит, сумалит, хишамит, джахизит, хаййатит және каабит, джуббаит және бахшамиттер, 2. Сифатиттен: ашарит, мушаббихит, каррамиттер. 3. Хариджиттен: мухаккимит, азракит, наджит-азирит, байхасит, аджрадит, салабит, суфрит-зийадиттер пайда болса, 4. Шиит ағымынан негізгі 5-секта: І Кайсаниттен: мухтарит, хашимит, байанит және разимит тарап шықты.

ІІ Зайдиттен: джарудит, сулайманид, салихит және бутридтер.

ІІІ Имамиттерден: бакирит және джафрит – вакифит, навусит, афтахит, мушайтит, исмаилит-вакифит, мусавит және муфаддалит, иснаашариттер.

ІҮ «Соңғы» шииттерден: сааит, камилит, илбаит, мансурит, хаттабит, каййалит, хишамит, нуаманит, юнусит деген секталар бөлінді.

Ү Исмаилит

Бұлар ертеректе туған секта түрлері болып саналады. Жақынырақта пайда болған ағымдарға: матурудит, исмаилиттер, друздар, мусталиттер, низариттер, Ибн Араби, Хабашиттер, саляфиттер, Ибн Таймия, Ваххабиттер, Хизбут-тахрир, ахмадиттер, бахаиттерді жатқызамыз. Осылайша ислами секталардың жалпы саны пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде ескерткендегідей 73-ке жеткен. Осынау көп ағымдар арасында тура жолды табуға жан-жақты білім керек. Ислам секталары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған, азғырушылар алқымнан алған заманда сауатты уағыздаушылардың  аз болуы, жеткілікті үгіт-насихаттың жүргізілмеуі өкінішті. Иә, дәстүрлі діни бағытты берік ұстану үшін көзі ашық теологтардың  нұсқауы өте қажет.

Ата-бабамыз ежелден әулие-әнбиелердің бейiттерiне барып, құран бағыштаған. Ал исламның секталары ата дәстүрге қарсы «таза дін» дегенді желеу етіп, ұлттық құндылықтарды жоққа шығарады. Әруақ ұғымын қате деп, ертеден келе жатқан жаңа түскен келіннің «Сәлем салу» дәстүрін ширк санап, Аллаға серік қосу дейді. Сонда ата-бабамыздан қалған ұлттық салт-дәстүрден бас тартсақ, қалайша мұсылман боламыз?! Адасудың басы осы.

Қазақ империяның боданы болған жылдары дінінен ажырап қала жаздады. Діннен ажырату – ұлтты жоюдың тиімді жолы деп санаған отаршыл топ нәтижеге жетуге барынша ұмтылды. Тәуелсіздік алған жылдардан бері жастардың қайта дінге бет бұру процесі қарқынды жүруде. Бұл жақсылық нышаны. Бірақ ел тыныштығын сақтап қалу үшін жоғарыда аталған фундаменталистік ағымдар жетегіне ермеу қажет. Қазақтың салт-дәстүрін, тілін жат санамайтын ата-бабадан мирас болып қалған дәстүрлі діннен адаспай жол тапқан жөн.

Бұл жайлар «Абылай ханның түсі» деген аңызда да келтірілген. Аңыздың кейіпкері көріпкер қария Абылай ханның түсін мынадай жорыған: «Соңғы ұрпағың қоян болады, қояндай жалтақтап қорқып өтеді» деген. Қазір расымен де, діни миссионерлерге жалтақтап,  ұлтын, тілін, дәстүрлі дінін сақтап қалуға батыл ұмтылудың орнына айдағанға көнгіш, айтқанға ергіш болып, жалтақтақ барамыз ба, қалай?!

Майра Алдабергенова

 

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір