• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 17:26:32
Алматы
+35°

11 Сәуір, 2017 Әлеумет

Дін мен мәдениеттің Қазақстан қоғамындағы келбеті

Жер шарын мекендеген әрбір ұлттың өзіне тән этникалық, болмыстық ерекшеліктерін айқындайтын мәдениеті, діні, ұлттық құндылықтары бар. Қазақстан қоғамындағы дін...

Жер шарын мекендеген әрбір ұлттың өзіне тән этникалық, болмыстық ерекшеліктерін айқындайтын мәдениеті, діні, ұлттық құндылықтары бар. Қазақстан қоғамындағы дін мен мәдениет – ата-бабамыздан  қалған үлкен мұра, асыл қазына, баға жетпес байлық. Осы аманатқа қиянат жасамай, көздің қарашығындай сақтау, оларды келер ұрпаққа жетілдіріп жеткізу– бүгінгі ұрпақтың мойнындағы парыз.

Қазақстан қоғамындағы дін мен мәдениет мемлекет тарихының қатпар-қатпар кезеңінен өтіп, халықтың өзіндік болмысы мен өмір салтын қалыптастыра отырып өрбіді. Ғылыми атеизм идеологиясы қабылданып, рухани өмірдің мәні кетіп, әлеуметтік салалардың барлығы материалданған кезеңде мемлекет өзінің тілі, ділі, діні мен мәдениетінен қол үзді, діни және мәдени сана әлсіреді, құндылықтар көмескілене бастады. Алайда қоғамның барлық саласын материалдандыруға бағытталған идеологиялық қондырманың дін мен мәдениет құбылыстарын толықтай жоюға күші жетпеді. «Қалпыңнан айырылсаң да, салтыңнан (дәстүріңнен) айырылма» деп өсиет еткен халық мемлекеттің аксиологиялық ерекшелігін, дін мен мәдениет сабақтастығын барынша сақтауға тырысты.

Әр нәрсенің қайыры бар дегендей, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында идеологиялық бос кеңістіктің орын алуы Қазақстанның ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүріне, соның ішінде діни, мәдени құндылықтарға қайта оралуына түрткі болды. Қазақстан Республикасы өзінің стратегиялық даму жолын анықтап, демократиялық, әлеуметтік, құқықтық, зайырлы мемлекетке айналды. Елбасының бастамасымен мемлекеттің мәдени мұрасы жаңғыртылып, көптеген игі жобалар іске асырылды, ұлттық құндылықтардың мәртебесі асқақтады.

Қазақстанның зайырлы мемлекет ретінде орнығуы әр түрлі діндердің қайта өркендеуіне мүмкіндік жасап, көпконфессиялы мемлекеттегі діни төзімділік пен келісімді нығайтуға, діни сенім бостандығы мен заң алдындағы азаматтардың тең құқылы болуына кепілдік берді. Зайырлы Қазақстанда конфессияаралық ынтымақтастық пен этносаралық бірегейлікті, сенім мен ар-ождан бостандығының үйлесімділігін сақтау басты құндылық  ретінде белгіленді.

Елімізде түрлі этнос пен конфессия өкілдерінің тату-тәтті өмір сүруі, діни және мәдени бірегейліктің өз қалпына қайта келуі – Елбасымыздың жүргізіп отырған сындарлы да салиқалы саясатының нәтижесі. Конфессияаралық және этносаралық келісім мен сұхбаттастықты қамтамасыз етіп, тек еліміздің емес, әлемнің үндестігіне үлес қосу мақсатымен Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі атты екі негізгі институт құрды.

Айтулы екі бастама да Қазақстан жерін мекен еткен әр түрлі дін және ұлт өкілдерінің рухани тұрғыда қайта жаңғыруы мен дамуын қамтамасыз етіп, өркениеттік, демократиялық ұстанымдарға, мемлекеттік ұлттық саясатта олардың мүддесіне орай құрмет пен мәдениетті қалыптастыруды басты мақсат етеді. Сонымен қатар әр түрлі діни бірлестіктер арасындағы достастықты дамытып, әлемдік деңгейдегі діни ахуалды талдау мен этносаралық, дінаралық жанжалдардың алдын алуды көздейді.

Рухани құндылықтарды қайта жаңғырту үрдісі «діни-мәдени ренессанстың» тууына септігін тигізіп, бүгінгі таңда елімізді мекендеген әр түрлі ұлт өкілдерінің рухани түлеуіне жол ашты. Қазақстан Республикасындағы дәстүрлі конфессиялармен қатар әр түрлі діни ағымдар да осы өлара кезеңді пайдаланып, жанталаса әрекеттенді. Әлбетте, теріс пиғылды діни ағымдардың негізгі мақсаты қазақстандықтардың дәстүрлі діни танымын өзгертіп, мәдениетінен алыстату екені түсінікті.

Бүгінгі қоғамда туындап жатқан теологиялық, әлеуметтік, рухани мәселелер дін мен мәдениет феномендерін дұрыс түсінбеуден, әр түрлі үдерістерге біржақты баға беруден, толыққанды тәрбиенің берілмеуінен пайда болды. Атап айтқанда, заңды түрде тіркелмеген теріс пиғылды ағымдардың көбеюі мемлекет азаматтарының тура жолдан адасып, радикалды идеяның тасымалдаушысына айналу ықтималдығын жоғарылатты.

Қоғам үшін дәстүрлі емес діни ағымдардың ішіндегі ең қауіптісі – салафизм. Қазақ мәдениетіне жат, фундаментализмге негізделген көзқарасты ұстанатын салафизм ағымының мүшелері Қазақстан үшін дәстүрлі ханафи мәзһабынан, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтардан үзілді-кесілді бас тартады.

Жастардың арасында суицид көріністерінің жиілеуі, тастанды балалардың көбеюі, қариялардың қарттар үйінде орналасуы, ажырасу деңгейінің жоғарылауы секілді әлеуметтік мәселелерді бүгінгі күн тәртібіндегі өзекті құбылыстардың қатарына жатқызуға болады.

Мұндай салдарлы мәселелердің Қазақстан қоғамында орын алуының басты себебі – ұлттық құндылықтардың, салт-дәстүрдің, тіл мен ділдің, мәдениет пен дін сабақтастығының жоғалуы, азаматтардың ұлттық рухының әлсіреуі, отбасы институтының құнсыздануы.

Әйгілі философ Гердер салт-дәстүр жүйесінің мемлекет дамуындағы рөліне ерекше баға беріп: «Салт-дәстүр – тіл мен мәдениет бастауларының анасы» деп тұжырымдаған.Мемлекеттік тіл, өзіндік діл, тарихи дәстүр мәртебесін биік қойған еліміздің әрбір азаматы бүгінгі күнгі әлеуметтік, рухани келеңсіздіктерге төтеп бере алатындығы сөзсіз. Мемлекетті құрайтын алтын ұя отбасында берілген ізгі тәрбие мен қасиеттер баланың дүниетанымын дұрыс қалыптастырып, болашақта қоғамға пайдасы зор азамат болып жетілуіне негіз болады.

Халқымыздың бойында ғасырлар бойы жинақталған ізгі қасиеттердің айнасы іспеттес болған діни таным мен мәдениет –бірін-бірі толықтырып тұратын бір бүтіннің екі жартысы. Мәдениет – халықтың болмысы, өмір салтыболса, діни таным – халықтың ойлау жүйесін құрайды.

Рухани құндылықтарына, мәдени мұрасына eрeкшe мән бeргeн eлдің іргecі бeрік, кeлeшeгі кeмeл. Біз – үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсететін, әкесі тұрып ұлы сөйлегеннен безетін, қызына қырық үйден тыйым салатын, ата-ененің қалауын қабағынан сезетін, ата-анасын құрметтейтін, қолдағыны бөліп беріп, көрші мен қонақтың көңілін табатын, тағы да басқа көптеген асыл қасиеттерді бойына сіңірген бірегей халықпыз.

Терең діни таным қалыптастыру, дін мен дәстүр тұтастығын көздің қарашығындай сақтау, ұрпақтан ұрпаққа мұра болған асыл қасиеттерімізге сызат түсірмеу – бүгінгі күннің талабы. Діни таным отбасы институтынан бастап қалыптасып, ақыл арқылы діни білім негізінде дамып, тұрақталады. Ал ата-бабаларымыздан аманат болып келе жатқан ұлттық құндылықтарды ұлықтау – халқымыздың мәдениетін сақтаудың кепілі.

Ибадуллаева А.А.

ҚР ДІАҚМ ДІК

«Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығы» РММ

Ғылыми-зерттеу және әдістемелік жұмыс бөлімінің ғылыми қызметкері

 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір