• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 22:30:39
Алматы
+35°

23 Қыркүйек, 2016 NEWS

Дін істері комитеті: ОРЫС ТІЛІНДЕ УАҒЫЗ ЖҮРГІЗУ ТУРАЛЫ ШЕШІМДІ ҚМДБ ҚАБЫЛДАЙДЫ

Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті бірқатар БАҚ беттерінде еліміздегі мешіттерде ресми уағыздардан кейін...

Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті бірқатар БАҚ беттерінде еліміздегі мешіттерде ресми уағыздардан кейін қосымша түрде оның орыс тілінде түсініктемесі айтылуы қажет деген мәселе төңірегінде туындаған талқылауларға қатысты түсіндірме берді, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

«Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде өткен экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде жекелеген мешіттерде уағыздардан кейін имамдардың орыс тілін пайдалануы туралы мәселе Министрлік тарапынан емес, осы шараға қатысушылардың бірімен көтерілген болатын. Сәйкесінше, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі аталған іс-шара барысында осы мәселе төңірегінде журналистер тарапынан сұрақтар қойылғаннан соң біршама түсініктеме берген болатын» делінген Дін және азаматтық қоғам істері жөніндегі министрліктің дін істері комитеті таратқан хабарламада.

Комитет мамандарының айтуынша, мұндай бастама қазақ тілін айтарлықтай меңгермеген азаматтарға бағытталған.

«Министрлікке исламға қызығушылық танытып жүрген бірқатар діндарлардың мешіт имамдарының уағыздарын толық түсінбейтіні туралы ел азаматтарынан өтініштер түсіп отырады. Өтініштерде сондай діндарлардың осы себепті ислам туралы ақпаратты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми көздерінен тыс жерлерден, оның ішінде теріс діни ағымдардың ұстанушыларынан алуға мәжбүрлік танытатыны туралы айтылады. Сәйкесінше, өтініш жасаушы азаматтар халықаралық тәжірибені ескере отырып мешіт имамдары ресми уағыздардан кейін қазақ тілін айтарлықтай меңгермеген азаматтар үшін орыс тілінде түсіндірме беруді ұсынады.

Осы ретте, аталған мәселе тұрғындарының құрамы көптеген ұлттардан тұратын елдімекендердегі жекелеген мешіттерге ғана қатысты екендігін айта кетуіміз керек», - дейді комитеттің баспасөз қызметінен.

Хабарламада сондай-ақ, министрлік, өз кезегінде, азаматтардан түсіп отырған кез-келген өтініштерді қарастыруға және оларды талдап отыруға міндетті екені, министрлік құзіретіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ішкі мәселелерінің шешімін табу кірмейтіні айтылған.

Сондықтан жоғарыда аталған мәселе бойынша мешіттерге келушілердің пікірлерін ескере отырып шешім қабылдауы тиіс Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына хабарласу керек екен.

Одан бөлек, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті еліміздің Конституциясында кепілдік берілген сөз бостандығына құрметпен қарай отырып, отандық бұқаралық ақпарат құралдарын дін тәрізді өткір салада туындап отыратын мәселелер туралы екіұдай ақпарат беруге жол бермеуге және тұрғындарға шынайы ақпаратты дұрыс жеткізуге шақырады. 

Darkhan Muqantegi

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір