• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 08:13:32
Алматы
+35°

08 Қараша, 2018 NEWS

Депутаттар мен әншілер текетіресінен кім ұтады?

Той жасауға тыйым салынса, әншілердің де біраз ақшадан қағылатыны белгілі.

Қымбат мейрамхана, эстрада жұлдыздары,  арнайы шоу-программа. Мұның барлығы енді қара тізімге кіреді. Осылайша халық қалаулылары қазақстандықтардың тойындағы ысырапшылдығын тоқтатып, прагматизмге үйретпек ниетте.  Қарызға белшесінен батып, жиған-тергенін қуанышына жарататын қазақ бұл бастаманы қалай қабылдайды? Шенеуніктердің ойы қандай? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Көрпесіне қарай емес, жұрттың сөзіне қарай көсіліп жүрген қазақтың аста-төк тойлары билік басында отырғандардың да назарына ілікті. Мәселен, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеде өзбек пен түріктерден үлгі алуға шақырған еді. Оған қатысты біраз пікірталас туындағанымен, ырду-дырдудан әлі де арыла қойғанымыз шамалы. 

Бірақ, халық қалаулылары мұндай тойларға шектеуді біртіндеп бастаған жөн дейді. Себебі...

«Әрине, біз ысырапшылдыққа бір жағынан шектеу қоюымыз керек. Әсіресе, мемлекеттік қызметкерлерге. Мемлекеттік қызметкерлер қарапайым халыққа жақын болуы тиіс. Заңмен тыйым салсақ, әсер басқаша болады. Мәдениет бір күннің ішінде өзгермейді», - дейді Мәжіліс депутаты Азат Перуашев. 

Десе де, жастар арасында ысырапшылдықтан бас тартқан жұптар да жоқ емес. Мәселен, өскемендік Нұрсұлтан зайыбымен  дүркіретіп той өткізбей, жетімдер үйіне қайырымдылық жасауды жөн көріпті. Ол мұндай қадамға бұрыннан іштей дайын болған. Жары Алтынай да бірауыздан отағасын қолдай кеткен. 

Атқамінерлердің бұл идеясы той жүргізушілері мен шоумендерге жақпағаны белгілі. Мәселен, асаба Алдияр Алпысбаев бұрынғыдай қазақи дәстүрмен той өткізетін болсақ, шығынға батамыз деген пікірде.

Әлбетте, той жасауға тыйым салынса, әншілердің де біраз ақшадан қағылатыны белгілі. Шенділердің мұндай уәжіне продюсер, әнші Қыдырәлі Болманов бүй дейді:

«Елімізде заң шығаратын мәселелер таусылып, той ғана қалған ба? Онда сіз бақытты адамсыз. Бүкіл проблемамыз шешіледі ме одан? Бізге түйінді мәселелерді шешу керек. Той - ол бұрыннан келе жатқан нәрсе», - дейді продюсер Қыдырәлі Болманов.

Экономистер де аста-төк тойға тыйым салу керек деген пікірді қолдайды. Алайда тойдағы ысырапшылдықты деваливация да, дағдарыс та тоқтатқан жоқ. Сондықтан да ол уақыт еншісінде. 

«Шариғат бойынша әуелі өзіңді жарылқа дейді. Өзіңді жарылқасаң, отбасыңды жарылқа. Оны жарылқадың ба, көмектестің бе, енді ауылдастарыңды жарылқа. Оның барлығын жарылқадың ба, қауымды жарылқа. Енді сол қаржы болатын болса, неге сол қауымды жарылқамайды?» - дейді экономист Орақ Алиев. 

Сонымен, қарапайым халық той жасау үшін кемінде 15-20 мың  доллар жұмсайды. Оның ішіне - кит, мейрамхана, қыз жасауы, өзге де қымбат сыйлықтар кіреді. Шамамен тағы 5 мың доллар қосылар. Ал осы бағаға, яғни шамамен 7 500 000 миллонға Астана мен Алматының шеткі ауданынан 1 бөлмелі пәтер, Шымкенттен 3 бөлмелі үй алуға болады дейді экономистер.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір