• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 09:08:25
Алматы
+35°

02 Наурыз, 2018 Ғылым-білім

Депутат латынға негізделген қазақ тілін барлық балабақшада оқытуды ұсынды

Сенат депутаты латын әліпбиіне негізделген мемлекеттік тілді оқытуды балабақшадан бастап жүргізуді талап етті.

Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлының латын әліпбиін балабақшалардан бастап оқыту туралы Үкімет басшысына арналған депутаттық сауалы ел ішінде қызу талқыланып жатыр, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Сенат баспасөз қызметінің жетекшісі Әділбек Қаба депутаттық сауалды талқылауда әртүрлі ауытқушылық, түсінбеушілік тумауы үшін сауал мәтінін өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялады.

«Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінде: «Латын әліпбиіне көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, XXI ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» – деп өз көзқарасын айқын білдірген болатын. Жақында ғана «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы да қолданысқа енгізілді. Біз жазуымызды жаңғырту арқылы ана тіліміз бен қоғамдық санамызды жаңғыртуға зор мүмкіндік алдық.
Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру еліміздің және өз ұрпағымыздың болашағы үшін және бүкіл әлеммен бірлесе түсуімізге, ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруімізге, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызатындығы басы ашық басты мәселе екендігі барша қазақстандықтардың санасына сіңді ғой деп ойлаймыз.

Күні кеше Елбасы ендігі арада Парламент те, Үкімет те өз жұмыстарын тек қана мемлекеттік тілде жүргізу жөнінде орынды нұсқау берді. Бұл біздің қоғамның көптен бері күтіп жүрген зәрулі бір мәселесі болатын. Елбасының осы тапсырмасы ендігі арада Қазақстанның барлық облыстық әкімдіктерінен бастап, меншік иесіне қарамастан бүкіл мекемелерде жүзеге асырыла бастағаны да жөн болар еді.
Қазір қоғамды тағы да бір мәселе алаңдатып отыр. Латын әліпбиі қолданысқа енгізіледі деген әңгімеден соң, әсіресе әлі күнге дейін өз ана тілдерін жетік білмейтіндердің қауіптері күшейіп, олар өз балаларының болашағына алаңдап, балаларын орыс тілді мектептерге бере де бастады. Өйткені ертеңгі күні балаларын латын қарпінде оқытып, білім беруге үрке қарап отыр.

Латын әліпбиімен бірге кириллица қатар жүретіндігі біздің біртұтас ұлт болуымыздың өзіне қауіп төндіретіндей. Өйткені латын қарпін тек қазақ тілді мектептерде ғана қолданатын болсақ, күні ертең әр ата-ана балаларын өздері білетін тілдегі, яғни кириллица графикасымен орыс тілінде жұмыс істеп тұрған мектептерге берерлері де қазірден белгілі болуда. Түптің түбінде бұл келіп, қоғамды біреулері латын әліпбиін меңгерген, ал екінші топты латын қарпін білмейтін, тек кириллицамен ғана жұмыс істей алатын топтарға бөліп жібермей ме деген мәселе алаңдатады. Бұл келіп тұтас бір қазақ ұлтының тағы да тілдік негізде бөлшектеніп кетуіне әкеп соғатындай сезіледі.

Қалыптасып отырған осы бір жағдайға байланысты және Елбасының біртұтас ұлт қалыптастыру жөніндегі идеясына орай латын әліпбиін сол арқылы мемлекеттік тілді Қазақстанды мекендеп отырған барлық ұлт өкілдерінің білуі керек деп санаймыз. Бұл маңызды мәселені еліміздегі барлық диаспоралардың саналарына осы бастан сіңіретіндей түсінік жұмыстары жүргізілуі қажет. Өйткені, болашақта латын әліпбиімен жұмыс істейтін тіл ол біздің қазақ тіліміз – Мемлекеттік тіл! Ал, Мемлекеттік тіл барлық қазақстандықтарға ортақ тіл. 

Осыған орай, жалпы Қазақстандағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде, яғни бүкіл бала-бақшаларда ендігі арада оқу-тәрбие жұмыстарының бәрі де тек латын әліпбиіне негізделген мемлекеттік тілде жүргізілуін ойластыруды және бала-бақшаларда латын әліпбиін қазірден бастап оқытып, үйретуді қажет деп санаймыз. Үкіметтің осы мәселеге қатысты кешенді іс-шара жасауын сұраймыз».

Айта кетейік, былтыр балабақшалардың бәрін қазақ тілінде оқыту мәселесін Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметін атқарып отырған Иманғали Тасмағамбетов те көтерген.

Иманғали Нұрғалиұлы Үкімет мүшелері мен зиялы қауым өкілдері қатысқан жиында тіл мәселесі туралы айта келіп, Қазақстандағы ешбір ата-ананың қарсы шықпайтынын алға тартып, барлық балабақшаларды қазақ тіліне аударуға бастама көтерген.

«Егемендігімізге, Тәуелсіздігімізге 25 жыл толды. Қазір барлық жерде балабақшалар салынып жатыр. Неге соны қазақ тілінде ашпаймыз» деген еді өз сөзінде. Тасмағамбетовтың бұл бастамасы көпшілік тарапынан қолдау тапқан.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір