• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 07:12:02
Алматы
+35°

14 Қыркүйек, 2018 NEWS

Денистің өліміне қатысты тың деректер. Қасымов өзіне шаң жуытар емес

Дениске шабуыл жасалған уақытта Қасымов Ақтауда болған екен.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне қатысты тың деректермен бөлісті.

«Нақты дәлелдер сотта нақтыланады. Денис Тенге шабуыл жасағандардың екеуі де Алматыға көшіп келгендер. Екеуі де үш мәрте сотталғандар. Олар алғашында көлік жуу орталығында жұмыс істеді, кейін әйнек ұрлаумен айналыса бастады. Дәл сол күндері ақшадан қатты қысылыпты. Пәтерге төлеу үшін керек болған екен ақша. Құжатсыз, ештеңесіз қалаға келеді де, бір пәтерге орналасады. Басқа елдерде мұндайға жол бермейді. Ондай қылмыскерлерге қаланың өзі жағдай жасап отыр. Қалаға келді, бір пәтерге орналасты», - деп түсіндірді ІІМ басшысы. Сөзіне қарағанда, мұндай қылмыстардың жиі орын алуына қала тұрғындарының өздері кінәлі. Әрі қарай министр күдіктілердің қылмыстарын қалай жүзеге асырғандарын айтып берді.

«Таң ата көшеге шығып, қылмыстарын жүзеге асыратын нысан іздеуге кірісті. Денис Теннің көлігінің маңын айналшықтап жүрді. Қымбат көлік, терезелері бар, ешқандай жазуы жоқ. Қазір көбі сақтанып, нөмірлерін қалдырып кетеді. Сөйтіп әлгі екеуі терезені кесуді бастайды. Дәл сол уақытта Денис Шығып қалады. Ол спортшы ғой, қылмыскерлерді бірден ұстады. Күдіктінің бірі қашып үлгермеді, Денистің қатты қысып ұстағаны сонша тіпті спортшыға күші жетпеді. Сол сәтте екіншісі серіктесін құтқарып қалу үшін Дениске пышақ сұғады. Өлтіргісі келді ме, жоқ па, сотта анықталады. Жағдай осындай», - деді.

Ал Дениске шабуыл жасалған уақытта Қасымов Ақтауда болған екен.

«Маған хабарласып, қылмыс жайында айтты. Бәрін бақылауда ұстадық. Қылмыскерлерді анықтап, біріншісін ұстадық. Екіншісін ұстау қиынға соқты, ол қашып жүрді. Біз де барымызды салып іздеуге кірістік, ақыры ол да ұсталды. Үш түнімізді ұйқысыз өткіздік», - деді Қасымов.

Айта кетейік, 2018 жылдың 19 шілдесінде Алматының дәл орталығында қазақстандық мәнерлер сырғанаушы Денис Тенге шабуыл жасалды. Көп қан жоғалтқан спортшы сол күні ауруханада жан тапсырды. «Денисті өлтірді» деген екі күдікті – Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергенов тұтқындалды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір