• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 21:43:47
Алматы
+35°

06 Мамыр, 2018 Аймақтар

Далалық жұмыстарға дайындық пысықталды

«Агробизнес» бағдарламасы бойынша 28 шаруашылықтан 460  млн. теңгеге өтінімдер түсіп отыр.

Алда егін егу науқаны келе жатыр. Күннің қызуы молайып, жылуы жерге жеткен шақта диқандар қауымы жер жырту шаруасына кірісетіні мәлім. Зейнеті мен бейнеті қатар жүретін егіншілік кәсібіне тыңғылықты түрде дайындықпен барған дұрыс. Осы орайда Батыс Қазақстан облысындағы далалық жұмыстарға дайындық пысықталды.

Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сатқан Өмірзақовтың айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 513,5 мың гектарға жоспарланған. Көктемгі далалық жұмыстарды уақтылы және  сапалы жүргізу мақсатында тиісті шаралар қабылданып, жұмыстар атқарылған. Жоспарға сәйкес барлық дәнді дақылдың алқабы 259,0 мың гектарды құрайды екен. Көктемгі егістік жұмыстарына 630-ға жуық шаруашылық құрылымы қатысады деген жоспар бар. Облыста дәнді дақылдар егумен 460, картоп өсірумен 105, майлы дәнді дақылдар егумен 64 және бау-бақша өнімдерін өсірумен 67 шаруашылық айналысады. Сондай-ақ 71,0 мың гектар жерге күздік дақылдар егілген.

Ал «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының директоры Ерлан Нысанғалиевтің айтуынша, Аграрлық несие корпорациясы БҚО-дағы  агроөнеркәсіп саласына жалпы 20 млрд. теңгеден астам қаржы салған. Филиалдың кредиттік портфелі бүгінде 12 млрд. теңгені құрайды екен. Жыл сайын көктемгі егістік жұмыстарына бағытталған несие ресурстары мемлекеттік бағдарламалар және корпорацияның өз қаражаты есебінен бөлінеді. Былтыр осы мақсатқа 34 ауыл шаруашылығы тауар өндірушіге 612 млн. теңге көлемінде несие берілген. Аталмыш қаржы  толық өтелген. Биылғы көктемгі далалық жұмыстарына «Кең дала» бағдарламасы бойынша 547 млн. теңге көлемінде несие беру жоспарланып отыр. Соған орай бүгінде 17 шаруашылық құрылымынан 474 млн. теңгеге өтініш түсіпті. Қазіргі таңда 10 шаруашылыққа 265 млн. теңге берілген. Ерлан Беркінұлы айтып өткендей, егін егу жұмыстарына «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 28 шаруашылықтан 460  млн. теңгеге өтінімдер түссе, қаражаттың 232 млн. теңгесі шаруаларға берілген.

          Ауыл шаруашылығы  кез келген қоғам экономикасының, адамзат тіршілігінің , барлық өндірістің негізі. Сондықтан аграрлық саясатты жүргізудегі БҚО-дағы  оңды бастамалар жалғасын таба беретін болады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір