• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

04 Мамыр, 19:09:26
Алматы
+35°

28 Наурыз, 2019 Оқиғалар

"Бюджет көтермейді..." Ми-8 неге апатқа ұшырай береді?

Тік ұшақтарды дер кезінде жаңартып отыруға бюджеттің шамасы жете ме?

Кеше  Қызылорда облысының Жалағаш ауданында  МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырап, 13 адам опат болды.

Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті баспасөз қызметі  «27наурыз күні сағат 17:35 кезінде «112» пультіне Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағының апатқа ұшырағаны туралы хабарлама келіп түсті. Тікұшақ анықталмаған себептер бойынша құлап, толығымен өртеніп кетті» деп хабарлама тартатты.

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, аталмыш тікұшақ 4 бірдей әскери тікұшақ құрамынан тұратын бөліммен бірге Ақтау қаласынан Шымкентке ұшып бара жатқан. Ұшу сапары арнайы бөлімшелердің «Алтын жебе» кешенді оқу және жаттығу аясында қараңғы уақытта әрі күрделі метеорологиялық жағдайда жүргізілген. Қазір Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың бұйрығымен апат орнына арнайы құрылған комиссия жіберілді. Қорғаныс министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, болған әуе апатының себебін анықтау мақсатында тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр».

Жалпы, МИ-8 тікұшағы Қызылордада бұған дейін де апатқа ұшыраған болатын. 2016 жылы 7 қыркүйекте Қызылорда облысында «Евро-Азия Эйр» авиакомпаниясының МИ-8 тік ұшағы ұшу кезінде апатқа ұшырады.  Ол кезде борт ішінде «ҚазТрансОйл» АҚ Шығыс филиалының басқармасы Жезқазған мұнай құбыры басқармасының қызметкерлері болды. Абырой болғанда ол кезде мұнай тасымалдаушылар аман қалған еді.  

Деректерге жүгінсек, МИ-8 ұшағына қатысты апаттық жағдайлар баршылық. Мысалы, 2017 жылы Алтай аумағында «Бийск Чемал-Кош-Агач» бағытын бетке алған бұл тікұшақ апатқа ұшырап 9 адам отпат болған. Іргеміздегі Ресейде нақ осы жылы Ми-8 тік ұшағы опатқа ұшырап, 18 адам қаза тапты. Отандық мамандар тікұшақтың құлауын ауа райының қолайсыздығынан немесе пилоттардың жіберіп алуы мүмкін қателігінен ғана іздей бермеу керектігін айтып отыр. Мамандардың пайымдауынша, мәселе  тік ұшақтың технологиялық жағынан ескіргендігінде де болуы мүмкін.

МИ-8 ұшағы 1960 жылдан бастап құрастырылып келе жатқан тікұшақ. Кеңестік дәуірден бері келе жатқан бұл құрылғы  қазірде емін-еркін сатыла береді. Әскери жаттығуларды орындау барысына, ауыл шаруашылығы егіншіліктерін залалсыздандыру ісіне, тыңайтқыштар шашу, зиянкестермен күресу тәрізді әртүрлі бағыттағы жұмыстарға қолдануға ыңғайлы тік ұшақ. Дегенмен, мамандар аталмыш құрылғының тым ескіріп бара жатқанын, сондықтан қолдану мерзімі өткенде дер кезінде жаңартып отыру қажеттігін алға тартуда.

Техника ғылымының докторы, профессор Жанғабыл Ақаевтың айтуынша, бізде осы жайттарға аса мән берілмей жатады.

«МИ-8 ұшағының 1982 жылғы құрастырылғаны 1 200 000 мың доллар, ал ұшақты 2014 жылғы құрастырылғаны 13 000 000 доллар. Айырмашылық бар ма, бар. Қазір біздің пайдаланып жүрген тік ұшақтарымыз да, ұшақтарымыздың да басым бөлігі ескі. 2014 жылғы тікұшақпен  түгел қамтуға біздің шамамыз келмейді. Бюджет көтермейді. Ал ескісін қолдансақ, апатты жағдайлар орын алады. 1982 жылғы тік ұшақтың өзінің қолдану мерзімі өткен. Тік ұшақтарды кем дегенде 8  жыл сайын жаңартып, күрделі жөндеуден өтікізіп тұру керек. Ал біз Кеңестік дәуірден қалған ескі технологияларды әлі қолданып жүрміз. Сондықтан бұл арада осы салаға нақты көңіл бөлінуі керек. Отандық әуе ұшақтарын жасауды біз жетік меңгере алмадық.  Ендігі кезекте бұл өте өзекті мәселе бола түседі. Ел ішін­дегі, тіпті ТМД аумағы бо­йын­ша ұшып жүрген ұшақтардың ба­сым бөлігі істен шығуға жақын. Ол құ­пия емес. Еуропаға ондай ұшақтарды кір­гізбейді де. Себебі олар халықара­лық қа­уіп­сіздік талаптарына сай емес. Соған қара­мастан, кейбір әуе компа­ния­лары қирауға жа­қын темір-тер­секке жабысып, онсыз да аз халық­тың өмірін қиып жатады. Сондықтан мұндай жайттар шешімін табуы тиіс»,-деді Жанғабыл Ақаев.

Ғалымның айтуынша, біздің ең осал тұсымыз техника ғылымдарын жетілдіруге мән бермейтіндігіміз. Техника ғылымы мен өндіріс орындарын тығыз байланыстырып, машина жасау, тік ұшақ құрастыру, ұшақ құрастыру жағын өндіріске бағыттап, ғылым мен өнідірс арасында өткел салғанымызда мұндай мәселелер азаятын еді. Отандық тікұшақ шығаруға  да болатын еді...

«Бірақ біз мұндай жайттарға аса мән бермедік. Шетелдің технологиясын сатып алу, соны қолдану әлі де болса тыйылар емес. Шетел бізге жақсысын бермейді. Әрі қымбат, әрі көнерген технологиясын сатып аламыз. Өзіміз жасау қолдан келмейді екен, ендеше заңды қатайту керек. Елімізге тік ұшақтар мен ұшақтарды енгізетін  әуе компанияларына да бақылауды күшейту керек.  Мұндай іспен айналысатын жекелеген әуе компанияларын жан-жақты тексеріп, қажет болса санын қысқартып куәліктерін алу қажет. 2012 жылы авиация саласын дамыту бағдарламасы қабылданды. 2020 жылға дейін бұл бағдарлама өз нәтижесін беру керек. Сондықтан нақты нақты жұмыстар істелінуі тиіс», - деді Жанғабыл Ақаев.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір