• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 22:49:33
Алматы
+35°

Ермұхан Бекмаханұлы Бекмаханов - көрнекті ғалым, қазақтан шыққан алғаш тарих ғылымының докторы, елімізде «Қазақстан тарихы» кафедрасының негізін қалаушы, профессор, Қазақ ССР ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымының дамуына өз үлесін қосқан ғалым. Ұлтымыздың аяулы әрі сүйікті перзенті, халық тарихының жанашыры, ұлы тұлға Е. Бекмаханов 1915 жылы Баянауыл ауданының Жасыбай атты шұрайлы жерінде дүние есігін ашты. Кеңес дәуірінде Бекмахановтар әулетінің Абылайхан ұрпағы екені ашық айтылмады.

Тек бүгінгі күні ғана олардың ұлтымыздың мақтанышы Абылайдың тікелей ұрпақтары екендігін жұрт жақын біле бастады. Осы тақырыпты қазақ баспасөзінде алғашқы көтерген Шота Уалиханов былай деп жазады: «...Абылай ханның баласы Уәлидің кіндігінен он төр ұл ұзағаны белгілі. Соның біреуі – Тәуке. Тәукеден Жанпейіс, одан Жанбабек тараған. Жанбабек үш ұл көрген: Бегедай, Беген, Жошы. Бегеннен Бекмахан мен Жармұхамед тарайды.Бекмаханнан Тоқаш, Дінше және Ермұқан туады». Бекмахан Бегенұлының орта шаруасы бар шаңырағында дүниеге келген Ермұхан — Абылайханның жетінші буын ұрпағы. Ермұхан 1921 жылы әкесінен айырылады. Әкесіз калған 3 баласына бас - көз болып, шаңырақтың барлық ауыртпалығын аналары Бәпіш бір өзі көтерген. Өкінішке қарай, Ермұханның анасы мен қарындасы зобалаң аштық нәубетінде ажал тауып, мүрделері қай жерде қалғаны белгісіз күйде. Әке мен анадан, қарындастан айрылған Ермұхан ағасы Діншенің қарамағы мен қамқорлығы арқасында мектепте оқып, білім алады.

1932 жылы Баянауылдағы жеті жылдық мектепті тәмәмдаған соң, Ермұхан Семей қаласына жол тартады. Баян өңірінің оқу іздеген азаматтары үшін Семей қасиетті Мекке мен Мединеден кем емес. Бұл жолмен ағайынды Сәтбаевтар, Аймауытов пен Марғұлан т.б. сүйіндік-қаржастың оқимын деген, оқу білім жолына түскен талантты жастары өткен. Семей - талабы бар өрен жастардан ұлтқа қалтқысыз қызмет істейтін зиялы қауымды өсірген қала. Семейде Ермұқанға дейін оның туған ағасы Дінше оқыды. Бұл бір өнерлі жас еді. Ол қазақтың белгілі жазушысы  Дихан Әбілевпен қатар оқиды. Замандастарының бәрі де Діншенің керемет өнерлі болғанын гармон, мандолин, домбыра аспаптарында Баянның сұлу әндерін бабына келтіріп айтатын өнерпаз болғанын айтады.

 Е. Бекмаханов Семейде бір жылдық дайындық курсын бітіргеннен кейін, 1933 жылы оқу - ағарту халық комиссариатының жолдамасымен Воронеж қаласына сапар шегеді. Мұнда ол мемлекеттік педагогика институтының тарих факультетіне түсіп, оны 1937 жылы аяқтайды. Е. Бекмахановтың Тамбов пен Воронежде оқып жүрген өмір кезеңінен деректер аз. Воронеждің тарихи қала болғандығын және «Қазақтың Геродоты» аталған А. И. Левшиннің отаны екенін айтсақ артық болмас. Е. Бекмахановтың тарих ғылымына тереңнен келуі осы жылдары қалыптасты. Ол халық тарихы жөнінде өзіндік тұжырымдамалар жасау қабілетіне ие болды. Үнемі тың ізденіс, ыждағатты даярлық, көп оқу оның бойындағы дарындылық пен зеректіктің отын маздата түседі. Әсіресе, ол тарихты шынайы түрде зерттеу идеясын өз көкірегіне нық орната алған. Міне, Бекмахановқа осы қасиеті үлкен абырой - бедел әперді, елдің есінде, жұрттың аузында жүргізді, биік тұрғыға көтерілді. Е. Бекмаханов - ғұлама ғалымдығымен қатар тәлімгер ұстаз, ағартушы-педагог.

Оның педагогикалық жолдағы қызметі Алматы қаласындағы № 28 мектептен бастау алады. Мектепте мұғалім болумен бірге ол 1937 жылы Алматыдағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында (қазіргі Ы. Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы) еңбек етті. Өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсе жүріп, халықтың оқу-білім меңгеруіне айрықша үлесін қосты. Е. Бекмаханов 1939-1940 жылдары аталмыш педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін де атқарады. Уақытпен санаспай, атқарып жүрген қызметіне қарамай, ғылыммен де шұғылдануды ешқашан босаңсытпаған. Институт директорлығымен қоса Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы Алматы университеті) аспирантурасында оқып, түбегейлі ғылымға ден қойған. Аспирантурада ол Диқан Әбілев, Мәлік Ғабдуллин, Әли Есмағамбетов, Дүйсенбек Еркімбеков сияқты белгілі азаматтармен оқыды.

 Е. Бекмаханов өзінің ғылыми ізденісін еш тоқтатпай, жетілдіре түсуге ұмтылған. Ұлы Отан соғысы жылдарында әртүрлі оқу орындарында тарих пәнінен дәрістер оқиды. Оның бұл қызметі өмірінің соңына дейін жалғасты. Е. Бекмахановтың өмір тарихына шола қарасақ, ол 1941-1942 жылдары Қазақ КСР Оқу халық комиссариатында мектептер басқармасының бастығы, 1942-1944 жылдары Қазақ КП Орталық Комитетінің лекторы, 1943-1948 жылдары Қазақ Ғылым академиясының тарих, археология және этнография институтында аға ғылыми қызметкер, институт директорының орынбасары болып қызмет атқарады. Оның ғылым жолындағы алғашқы ізденістері педагогика саласымен тығыз байланысты.

Ғалым Е. Бекмаханов қазақ мектептері үшін тұңғыш ежелгі дүние тарихы мен КСРО халықтары тарихы бойынша әдістемелік-құралдар жасауға белсенді қатысады. Аталмыш ғылыми еңбектер 1938-1939 жылдары «Халық мұғалімі» (қазіргі «Қазақстан мектебі») журналында жарияланып, ұстаздардың ғана емес, сондай-ақ былайғы жұрттың да қызығушылығын тудырды. Е. Бекмахановтың тарих ғылымына басы бүтін ден қоюы соғыс кезеңімен тұспа-тұс келді. Оның тарих ғылымындағы алғашқы қадамдарына, кейін үлкен арнаға ұласуына қамқорлық жасап, жетекшілік еткен КСРО ғылым академиясының академигі, белгілі тарихшы Анна Михайловна Панкратова болған еді. Академик-тарихшы жас ғалымға бағыт-бағдар беріп, ғылыми ізденісінің жетілуіне көп ықпал етті.

Деректерге көз жүгіртсек, 1941 жылдың күзінде Мәскеу түбіндегі қауіпті жағдайға байланысты Ресейдің ірі тарихшы-ғалымдарының тобы Алматыға жіберілген. Орталықтан келген тарихшылардың ішінде А.М. Панкратовадан басқа М. П. Вяткин, Н. М. Дружинин, Я. Я. Зутис, А. П. Кучкин сияқты тамаша мамандар болды. Іскер ғалым А. Панкратова олардың бәрін шоғырландырып, соғыс талабына сай ғылыми жұмысқа пайдалануды ұсынады. Бұл идеяның басы-қасында сол кезде Оқу халық комиссариатында қызмет істейтін Е. Бекмаханов та жүреді.

Сөйтіп, Ресей мен Қазақстан ғалымдарының үлкен тобы алдымен мектеп мұғалімдері үшін соғыс жағдайында тарих пәнінің оқыту әдістемесін аз уақытта жасап шығарады. Аталмыш әдістемелік құрал тез арада баспаға жіберіліп, тіпті Өзбекстанда да жарық көреді. Бұдан соң, ресейлік тарихшылар мен жергілікті ғалымдар тобы бірлесе отырып, ерте дүниеден бастап сол кезге дейінгі қазақ тарихының бір томдығын жазуға кіріседі. Орыс ғалымдарының көпшілігі қазақ тарихын толыққанды білмейтін. олар Алматы мұрағаттарынан, Ұлттық кітапханадан мағлұматтар арнауға мүмкіндік алады. Осы жұмыстарға араласқан ғалымдардың ішінде ең жасы әрі көзге түсер, көңілден шығар іс атқарғаны Е: Бекмаханов болған. «Қазақ КСР тарихын» дайындау барысында үлкен дау туғызған мәселе 1837-1847 жылдардағы Кенесары Қасымұлының көтерілісіне байланысты өрбиді.

Авторлар ұжымының өзара талқысынан соң, Е. Бекмахановтың көзқарасы көпшілік қолдауына ие болып, кітаптың сол тарауын жазу оған жүктеледі. «Қазақ КСР тарихының» бір томдығы 1943 жылы Алматыда басылып шықты. Бұл еңбек Кеңестік республикалардың тарихын зерттеудегі алғашқы жұмыс болумен ерекшеленеді. Сондай-ақ, оны жасауға беделі зор, білімі мол ғалымдардың қатысуы - кітаптың маңызын арттырды. Ол - ол ма, «Қазақ КСР тарихы» сталиндік сыйлыққа да ұсынылды. Бұл ұсыныс сарапшылардың сынынан сүрінбей өткенімен, авторлар қуанышы ұзаққа созылмады. Кітаптың мазмұндық мәселесі үлкен дауға ұласып, Е. Бекмаханов үшін бүл мәселе трагедияға айналды. Сталиндік сыйлық жөніндегі комитеттің соңғы мәжілісінде КСРО Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Яковлев «Қазақ КСР тарихы» орыстарға қарсы жазылған, саяси жағынан зиянды кітап деген орынсыз пікірлер айтып, сарапшылардың ойын сан-саққа аударады. Нәтижесінде сыйлық берілмейтін болып шешіледі. Яковлевтің айтуынша «Отан тарихы - біртұтас КСРО тарихы, яғни «орыс ұлты тұрғысынан» жазылған тарих болуы керек, әр республиканың жеке ұлттық тарихын жасау зиянды, интернационализм пікіріне сай келмейді-міс». Әрине, оның көзқарасы - шовинистік тұрғыдағы шатпақтар екені сөзсіз. Кітап төңірегіндегі теріс пікірлердің ауыртпалығы алдымен Е. Бекмахановқа түседі.

Е. Бекмаханов 1943 жылы Мәскеуде «Қазақтардың Кенесары Қасымұлы басқарған азаттық күресі» тақырыбы бойынша жүргізген зерттеулері негізінде кандидаттық диссертациясын қорғайды. Ал, 1946 жылы небәрі 31 жасында «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» тақырыбындағы докторлық жұмысын қорғап, оны 1947 жылы жарыққа шығарады.

Алайда, Кенесары бүлігін сынаушылар Е. Бекмахановтың монографиясын қатал сынға ала бастайды. «Қазақ КСР тарихына» бағыт алған сын-пікірлер енді оның монографиясына ойысады. Жергілікті сыншылар үшін «Қазақ КСР тарихы» авторларына, беделді Мәскеулік ғалымдарға соқтығудан гөрі монография авторына «Қамшы ала жүгіру» тиімді керінді. Әуелі, жалақор-сыншылар Е.Бекмаханов өзге біреудің қолжазбасын «ұрлап, көшірген» деп жала жапты. Алайда істің анық-қанығына тексеру жүргізген академик Дружинин «көшіріп алған» деген пікірді мүлде теріске шығарып берді. 1948 жылдың ақпанында КСРО Ғылым академиясының тарих институт ғылымында Е. Бекмахановтың монографиясы талқыға салынады. Талқылауда қазақстандықтар Кенесары Қасымұлы көтерілісі «реакцияшыл, феодалдық - монархиялық, ұлтшылдық» сипатта деген «ортақ пікір» білдіріп тұрып алады. Оларға Бахришин, Дружинин, Вяткин және Кучкиндер қарама-қарсы шығып, академик Греков автордың жеке басына соқтығу, оны буржуазияшыл, ұлтшыл деп айыптау, ғылыми  пікірталасқа жат әрекет екендігіне көңіл аударады. ғылымында Е. Бекмахановтың монографиясы талқыға салынады. Сонымен, 1948 жылы Мәскеуде өткен ақпан кеңесі Е. Бекмахановқа төнген қауіпті сейілткендей болды. Өкінішке қарай дау-жанжал онан соң да өрши түседі. 1948 жылдың 14-19 шілде аралығында Қаз КСР ҒА тарих, этнология және археология институтында ғалымның «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жж.» монографиясын тағы да талқылауға салды. Бес күндік талқылауда оның еңбегін сынаушылар өте қатал пікірлерге жол берді. Пікірлерге ден қойсақ, «Е. Бекмахановтың кітабы - мазмұны жағынан негізсіз, буржуазияшыл-ұлтшылдық сарындағы идеясыз еңбек, ғылыми жағынан зиянды» деген сықылды болып келеді.

Қазақ «ұлтшылдарына» қарсы майдан мүлдем бой бермей, Е. Бекмаханов 1951 жылы ірі саяси қателіктері үшін ҚазМУ-дың КСРО тарихы кафедрасы профессорлығынан шығарылады, университеттен қуылып, ғылыми-атақ дәрежелерінен айырды. Қазақстандағы тұңғыш Қазақстан тарихы кафедрасының ашылуы да Е. Бекмахановтың тағдырымен байланысты болғанына көз жеткізу қиын емес. «Ұлтшылдарды әшкерелеудің» аласапыран тұсында Қазақ КСР тарихы кафедрасы да жабылып, тек 1958 жылы, яғни Е. Бекмаханов айдаудан оралған соң ғана қайта жұмысын бастаған. Е. Бекмаханов бұдан кейін де КГБ-ның «құрығына» ілігіп, бақылауда болады. Ол аласапыран осы уақытта Алматы облысы, Нарынқол ауданындағы мектепте, онан соң, Жамбыл облысы, Шу ауданындағы бір ауылда тарих пәнінен мұғалім болады. Соңғысында жүргенде, яғни 1952 жылы тұтқындалып, 25 жылға сотталады. Қазақ тарихының ірі білгірі , ойы сұңғыла ғалым Е.Бекмаханов сталиндік қуғын - сүргіннің, шовинистік көзқарастың Құрбаны болды. Кенжелеп қалған тарих ғылымын қаз-қаз бастыру жолында маңдай терін төге еңбек еткен оның есімі тасаланып, мұралары жоққа шығарылды. Идеологиялық шеңберге мойынсұнбаған ғалым өзінің нағыз дер шағын тұтқында өткізді. Оның тұтқындалуымен бірге қазақ тарихы да қапасқа қамалды, тарихи мұраларымыздың орны үңірейіп қалды. Кеңес дәуірі халықтың, ұлттың тарихшыларын емес, жетекке еріп, айтқанға көніп, шектеулі жұмыстармен ғана айналысатын «партияның сенімді тарихшыларын» жасақтауға тырысты. Турасы керек, бұл принципке көнбегендердің «көзіне көк шыбын үймелетіп», айдауға салды, әулетімен қудалады, әуре – сарсаңға салып қойды. Қатаң бақылау жасап, олардың нақты тарихи дүниелерді жазуына тыйым салды.

1953 жылдағы өзгерістердің нәтижесінде КСРО-ның бас прокуроры Е. Бекмахановтың ақтау қағазына қол қояды. Алайда, айтулы ғалымның өмірі бұдан кейін де тынышсыздыққа толы болды. Ол 1954 жылы ҚазМУ-ға қайта орналасып, тек аға оқытушылық қызметін ғана атқарды. Жеке үй-жайы болмай, жалдап тұруға мәжбүр болды. Осындай әділетсіздіктердің бәріне де тоқырамай, тозбай, қайыспай қарсы тұра білген ғалым ғылыми ізденісін де тоқтатпады. Бойдағы бар күш-жігер, ақыл-ойын ғылыми ізденістерге арнады.

1957 жылы Мәскеудегі «Ғылым» баспасынан оның «Қазақстанның Ресейге қосылуы» атты көлемді жаңа монографиясы жарыққа шықты. Осыдан кейін оған докторлық ғылыми дәреже мен профессорлық атағы қайтарылып берілді. 1958-1966 жылдары ғалым алаңсыз еңбек етті. Осы жылдары ол ойында жүрген орасан көп, ұшан-теңіз идеяларын іске асыруға тырысты. Оның редакторлығымен бірнеше ғылыми жинақтар жарияланды. Ғалымның жетекшілігімен тың тақырыптарға зерттеулер жүргізіліп, оқулықтар даярланды, ғылыми Кеңес ашылып, одақтық ғылыми кеңестер мен конференциялар ұйымдастырылды. Е. Бекмаханов 1962 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясына корреспондент-мүше болып сайланды. Оның ойы Қазақстан тарихын еліміздің барлық жоғары оқу орындарында енгізу еді. Ол соңғы жылдары ғана іске асты. Тарихымыздың айтулы білгірі, тарлан талант Е. Бекмахановтың асыл тұлғасы кейінгі уақытқа дейін өзінің бағасын ала алмай келгені өкінішті. Ғалым жанын сала зерттеген Кенесары Қасымұлының болмысы, азаттық қозғалысы бүгінгі егеменді еліміздің тарихындағы айрықша кезең болып, өз бағасын алып отыр. Кенесары хан қазақ көгіне көтеріліп, ұлттық мақтанышқа айналды.

Ал, оның тарихымыздың төрінен орын алуына Е. Бекмахановтың ерен еңбегінің тікелей ықпал еткені сөзсіз. Ұлы ғалым 1966 жылы небәрі 51 жасында көз жұмды. Ғұмырының келте болуына қуғын - сүргіннің, айдаудағы азаптардың себеп болғанын айтудың өзі ауыр өкініш әкеледі. Алмас қылыштай ақиқат заман тудырған талантты тұлғаларымызды ақтап алды. XX ғасырдың соңында қарай, уақыттың алтын күрек желі оңынан тұрып, әлеуметтік өміріміздің ғана емес, санамызда жаңғыра бастады. Ақталған арыстармен бірге қазыналы мұра тарихымыз бен әдебиетімізге, мәдениетімізге қайтып оралды. Маңызы зор қайта оралған дүниелермен жадымыз жаңғыра, мауқымыз басылды.

Ұлтымыздың рухани қазынасы толысты. Қоғамдық өміріміздегі тегеуірінді сілкініс өткен тарихымызға жалтақсыз мойын бұрғызып, шыңдықтың жүзіне қаймықпай тура қарауға, келешекке нық сеніммен қадам басуға септік жасап отыр. Халқымыздың көрнекті қаламгері, академик Ғ. Мүсірепов өзінің бір жазбасында «Тарихты жасаушы бар және жазушы бар. Жасаушы қателессе, жазушы оны түземеймін деп әуре болмаса керек» деген мәні зор қағида келтіреді. Бұл өткен тарихты бұрмаламай, айқын түрде және ешбір қоспасыз жеткізуге байланысты айтылған сөз екенін әркім де жақсы түсінер. Міне, тамыры терең тарихымызды сондай өреде жаза білген, қазақтың тарих ғылымын қалыптастыруға ерекше еңбегін сіңірген біртуар тұлға – Ермұхан Бекмаханұлы еді...

Сібірде айдауда өткізген жылдары Ермұханның денсаулығына өз әсерін тигізбей қоймады. Өкпесіне суық тигізіп алған Ермұханның денсаулығы жыл сайын нашарлай берді. 1966 жылы өзінің емдеуші дәрігерінің табанды кеңесімен Министрлер Кеңесінің ауруханасына жатады. Алайда Ермұхан өкпе ісігінің соңғы кезеңінде еді. Сонымен қоса, астма ауруы да асқынып кеткен болатын. Ол өзінің өлетінін білген және өмірінің соңғы күндері ғалымның жағдайын сұрауға келген жерлесі, медицина ғылымдарының докторы Хамза Жұматовқа былай деген: "Менің жағдайым мүшкіл, алайда абыроймен өлу керек". Дәрігерлер де Ермұханның жағдайының мүшкіл екенін түсініп, өмірінің соңғы күндері ең жақын адамдарынан басқа ешкімді палатаға кіргізбеген. Алайда дәрігерлер Ермұханның әйелі Халима Адамбекқызының өтінішімен мамыр айының алғашқы күндерінің бірінде Бауыржан Момышұлына палатаға кіруге рұқсат еткен. Жағдайын сұрап келген Бауыржан Момышұлына Ермұхан: "Бауке, ер адам үшін 50 жас деген түк емес қой. Армандарым мен жоспарларымда орындай алмай кетіп барамын. Кешіріңіз мені" депті. Кейінірек Бауыржан Момышұлы өз естелігінде: "Ол менен өзінің тарих бойынша жазып үлгермеген ғылыми еңбектері үшін шынайы кешірім сұрады" деп жазады. Сөйтіп 1966 жылдың 6 мамырында Ермұхан Бекмаханов дүниеден озады. Ғалыммен қоштасу рәсімі бір күннен кейін болды. Кандидаттың және докторлық диссертациясының тақырыбын Кенесарыға арнаған Ермұханның жаназасына ғалым, геология-минереология ғылымдарының докторы, Кенесарының ұрпағы Нәтай Әзімханұлы Кенесарин арнайы Ташкенттен келіп, қаралы жиында сөз сөйлеп, өзінің досын ақтық сапарға шығарып салады.

Ермахан Бекмаханов Алматы қаласының Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ахмет Жұбанов жерленген Орталық зиратына жерленді.

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір