• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 06:24:54
Алматы
+35°

31 Мамыр, 2018 Денсаулық

Бүгін Дүниежүзілік темекіге қарсы күрес күні

ДДСҰ мәліметінше, жыл сайын шылым шегу салдарынан 7 миллионнан астам адам көз жұмады.

ДДСҰ мәліметінше, жыл сайын шылым шегу салдарынан 7 миллионнан астам адам көз жұмады. Оның 900 мыңға жуығы өзгелер тартқан темекінің түтінінен уланады екен. Олардың арасында темекі алпауыты атанған елдерде тұратын балалар да бар. Мамандардың айтуынша, олар темекі плантацияларында жұмыс істей жүріп уланатын көрінеді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Бүгінгі таңда дүниежүзінде бір миллиардтан астам адам тұрақты түрде темекі шегеді. Статистикаға сүйенсек, 2013 жылы әлемде шамамен 7,5 миллион тонна темекі өнімі өндірілген, ал 2014 жылы адамдар 5 триллион қорап темекі тұтынған. Бүгінде әлемдегі әрбір төртінші еркек никотинге тәуелді. Ал, әр тоғызыншы әйел шылымды серік еткен.

Темекі түтініндегі 4 мыңнан астам химиялық заттың кем дегенде 250-і денсаулыққа зиянды деп танылса, 50-ден астамы қатерлі ісік жасушаларын қалыптастырады. Сол себепті шылымқор ғана емес, оның түтінін жұтқан адамға да жүрек ауруына, өкпе, өңеш, асқазан т.б. обырына шалдығу қаупі төнеді.

Бұрын ондаған жылдар бойы шылымқорлық зиянсыз әдет ретінде жарнамаланып келді. Әлемдік қоғамдастық дәл осы кепкен шөптің жүрек-қан тамыры ауруларына, мысалы, инфарктке шалдықтырып, қатерлі ісік тудыратынынан бейхабар болды. Шындықтың бетін алғаш рет Британияның Медициналық зерттеулер кеңесі ашып берді. Зерттеу жұмыстары 1951 жыл мен 2001 жылдар аралығында жүргізілген. Никотиннің ағзаға зияны үш жылдан кейін-ақ анықталып, темекі тартатын адамдардың өмірі 10-15 жылға қысқаратыны белгілі болған.

Зерттеулерге қарағанда, темекі түтінінде 4 мыңнан астам химиялық зат бар. Оның кем дегенде 250-і денсаулыққа зиянды болса, 50-ден астамы қатерлі ісік тудырады. Сол себепті темекіні тартпаса да, шылымқордың қасында жүретін адамдар үшін жүрек-қан тамыры, тыныс жолдары ауруларына, өкпе, өңеш, асқазан т.б. обырына шалдығу қаупі жоғары.

Жалпы, шылымқорлықтың экономикалық салмағы да өте ауыр. Жыл сайын темекіге жұмсалатын шығын 1,4 триллион долларды құрайды. Бұл ғаламдық ІЖӨ-нің 1,8 пайызына тең. Ал, темекіден туындайтын ауруларды емдеуге жыл сайын шамамен 422 миллион доллар бөлініп отырады.

Зиянды әдеттермен күресіп, өз денсаулығын күту әркімнің өз қолында. Бүгінде шылымқорлыққа қарсы күрестің түр-түрі бар. Біреу тәуелділіктен арылу үшін никотин пластырь тағады, біреу топ құрады, енді біреу ынталандыратын кітап оқиды. Мамандар пікірінше, адам темекіге тәуелділіктен қанша ерте арылса, соншалықты ұзақ өмір сүреді. Ал, денсаулықты сақтап, ұзақ өмір сүру үшін профилактикаға ден қойған жөн.

Көптеген адамдар ауруы асқынбайынша дәрігерге қарала қоймайды. Бірде уақыттың тығыздығы қолбайлау болса, бірде өз-өзін емдеп, әне-міне басылар деген үмітпен жүріп қалады. Өкінішке орай, адамның басты капиталы - денсаулығының қадірін білмеудің соңы қайғылы жағдайларға душар етіп жататынын ескере бермейміз.

Әлеуметтік медициналқ сақтандыру қорының басқарушы директоры Серік Тәңірбергенов қазақстандықтардың көпшілігі дәрігерге созылмалы ауыр науқастармен немесе дерті әбден асқынып кеткеннен кейін ғана жүгінетінін айтады. Жыл сайын ауруханаға түсетін пациенттердің 68 пайызы немесе 2 миллионға жуығы шұғыл жағдайда жеткізілгендер. Бұл Қазақстанда ауруханаға түскен әрбір оныншы адамның өмірі қыл үстінде тұр деген сөз.

Жалпы, елімізде өлім-жітім көрсеткіші жағынан қан тамыры аурулары көш бастап тұр. 2017 жылы одан 32 мың отандасымыз көз жұмған. Екінші орынды тыныс жолдары аурулары иеленсе, үшінші орында - қатерлік ісік тұр. Бұлардың үшеуі де темекі шегу салдарынан пайда болатын аурулар, дейді сарапшы. 

Дегенмен, мұның да алдын алуға болады. Ол үшін жыл сайын ішкі ағзаларды тексертіп отыру қажет. Шылымқорлар үшін жүрек пен өкпе жұмысын  бақылауда ұстаудың маңызы зор. Мемлекет те азаматтарға көмек ретінде кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемін ұсынып отыр. Аталған пакетке жалпы практика дәрігерінің қабылдауы мен кеңесі, көздің көру қабілеті мен қысымын тексеру, қандағы холестерин мен глюкоза мөлшерін тексеру, электрокардиограмма, флюорография мен спирография жасатуға болады. Осы процедуралардың қай-қайсысы да ағзада шылым салдарынан болған өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан Медициналық сақтандыру қоры "ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге" шақырады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір