• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 17:25:27
Алматы
+35°

05 Мамыр, 2018 Әдебиет

Бұ не дауыс...?

Қас қарайса, шықпаңдар деп далаға! Ақыл қосып отыратын араға.

- Қас қарайса, шықпаңдар деп далаға!
Ақыл қосып отыратын араға.
Әлі есімде бұрын әжем айтатын,
Сол ақылын үйде отырған балаға.

Боранды күн ит пен бала құтырып,
Ақылынан кететінбіз құтылып.
Содан кейін жерден таяқ жейміз кеп,
Үйге қарай ал қайтамыз ұтылып.

Әжем айтқан ақыл сонда басқа екен,
Біздің көңіл сол ақылға қас па екен?!
Шықпа десе, сыры оның таста екен,
Таста да емес, есейетін жаста екен.

Қас қарайса, қазір менің қасымда,
Мың құбылған ойлар жатыр басымда.
Түнек басса түнеретін дүние,
Жұмбақ әрі қорқынышты расында!

Бозбала шақ,
Есейдік пе білмедім,
Түсінгендей дүниенің бір кемін...
Қас қарайса күбір-күбір біреулер,
Дауыстайды, мен дауыспен біргемін.

Құлағымның түбіне кеп сыбырлап,
Ән салады бәз біреулер ыңылдап.
Бала күнгі ессіз көңіл дәл бүгін,
Үрей басқан дүниеге құбылмақ.

Қас қарайса дала түгіл үй іші,
Өліктердің... шынымен-ақ иісі.
Құлағыма жыртыңдаған естілед,
Қос шайтанның, қос ібіліс сүйісі...

Күбірлейтін кімдер сонда құлаққа,
Кетпей қойды неге дауыс жыраққа???
Түннен шыққан дел-сал менің түрімді,
Байқамайды басқа адамдар бірақта.

Дертім бе екен, аурымын ба әлде мен,
Айта алмаймын ал дертімді елге мен.
Бала күнде көрші бала далаға,
Шығып кетіп адасқанын көрген ем...

Мен де сонда дала безіп жүрген ем,
Тау-тасым бар жерім де жоқ жүрмеген.
Қас қарайып, кірпік кеткен ілініп,
Ай далада түнеп шықтым, білмегем.

Содан бері естіп келем дауысты,
Дауыс күнде, дауыстармен қауышты.
Ойлануға әлім келмей отырмын,
Өзімді-өзім әлде мені тауысты...

Түн батады содан таңды атырам,
Ойды ойға тереңінен батырам.
Қас қарайса жанарымды тарс жұмып,
Дауыстардан өлең құрап отырам...

(с) Марғұлан Ақан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір