• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 19:29:21
Алматы
+35°

24 Шілде, 2017 NEWS

БҚО тұрғындары көшеге Жолбарыс батырдың есімін беруге қарсы шықты

Тұрғын: «Бір адам ұсынды екен деп көшенің атауын өзгерте салуымыз керек пе?»

БҚО-ның Ақсай қаласында әкімдік Кеңес одағынан бері есімі өзгертілмей келе жатқан көшелерге қатысты тұрғындардың басын қосып,  жиналыс өткізді. Талқыланған мәселе – Юбилейная және Элеваторная көшелерінің атын ауыстырып, қазақ батырларының есімін беру. Алайда жергілікті тұрғындардың басым көпшілігі (орыс ұлтының адамдары) көшенің атауын өзгертуге үзілді-кесілді қарсы шығып, биліктің ұсынысын қабыл алмай тастады, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Мой город сайтына сілтеме жасап.

Аудандық және қалалық әкімшілік қызметкерлері жасаған жиналысқа екі көшеден бар-жоғы 30 ғана тұрғын келіп қатысқан. Олардың дені – Юбилейная көшесінің тұрғындары. «Аталмыш көшеде қаншама халық тұрып жатыр?» деген сұраққа олар жауап бере алмады.

Бурлин ауданының әкімдік аппаратының басшысы Дархан Ақеділов мараторий өз күшін жойғандықтан, көптеген ауыл-аймақтардағы көшелердің есімін ауыстыру ісі қолға алынғандығын айтып, аты еш мән-мағына бермейтін көшелер өзге атауға ие болатындығын жеткізген.

«Юбилейная көшесі нақты қандай мерекенің немесе нақты кімнің құрметіне берілгендігін ешкім де білмейді. Бурлинск ауданының құрметті тұрғындарының бірінен көше есімін 18 ғасырда өмір сүрген батыр Жолбарыстың атына ауыстыруға ұсыныс келіп түсті», - деп мәлімдеді Ақеділов.

Алайда, әкімнің бұл сөзіне ашуланған тұрғындар бұл ұсынысқа қарсы шығып, көше атауын өзгертуге рұқсат бермейміз деді.

«Бір адам ұсынды екен деп көшенің атауын өзгерте салуымыз керек пе? Сіздер ең алдымен көшеге дұрыстап жөндеу жұмыстарын жүргізіңіздер, бұл көшеде аяқ алып жүру мүмкін емес. Ал жаңағы ұсыныс білдірген «құрметті азамат» дегеніңіз кім? Аты-жөнін айтыңыз», - деп залда отырғандардың бірі өз шағымын айтып қалды.

Белгілі болғандай, көше атауын ауыстыруға Жолдығали Батырханов есімді тұрғын ұсыныс білдірген екен. Өзі – Жолбарыс батырдың ұрпағы. Денсаулығына қатысты жиналысқа келе алмаған, алайда оның ой-пікірін балалары мен немерелері жеткізіпті.

Жиналыс барысында екі тараптың да пікірі тыңдалып, дауысқа салған. Алайда көше есімін өзгертуге ұсыныс білдірген кісінің туыстары ғана келісім берген, ал қалған тұрғындар үзілді-кесілді қарсы шығыпты. Бір қуантарлығы - №5 мектептің жанынан Жолбарыс батырға арнап ескерткіш орнатуға шешім қабылданған. Тұрғындар бұған рұқсат беріпті.

Естеріңізге сала кетсек, Ақсай қаласында көше атауларына қатысты наразылықтар 2014 жылдың күзінде басталған. Ол кезде 50 көшенің атын өзгерту көзделген. Алайда, жергілікті тұрғындардың арыз-шағымдары мен түрлі наразылық хаттары бұл істі кейінге шегерген болатын. Сонымен қатар Қазақстандағы мораторий 2016 жылға дейін созылған.

Кейіннен көше есімін өзгерту мәселесі 2016 жылы тағы да көтерілген. Ол кезде Бурлинск ауданында бірнеше кішігірім көшелердің атауы өзгертілген. 2016 жылы бұл мәселеге қатысты жергілікті тұрғындардың тым аз бөлігі ғана жиналысқа қатысқанымен, солардың қалауына байланысты көше атаулары өзгертілген еді. Алайда, қазіргі кезде ол көшелерді жаңа атауымен ешкім де атамайды екен. Барлығы ескі атауына үйреніп қалған.

 Дайындаған: Назерке Лабихан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір