• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 04:24:42
Алматы
+35°

14 Шілде, 2018 Аймақтар

«БҚО-да 15 IT сынып ашылмақ»

Облыс мектептерінің жартысынан астамын (58,6 пайыз) шағын жинақты мектептер құрайды

          «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының енгізілуімен елімізде IT саласын дамытуға жол ашылды. Өйткені, өркениетті елдердің көпшілігі осы сандық жүйеге көшу арқылы өнеркәсібін өркендетіп, халқының әл-ауқатын жақсарта түсуде.

Батыс Қазақстан облысындағы мектептерlің барлығы компьютерлік техникамен толықтай  қамтылған. Мамыр айында жергілікті бюджет есебінен ауыстыруды қажет ететін 1345 компьютер сатып алынды. Елбасымыз «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты елге Жолдауында «Цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу және мектептерімізді бейнеқұрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жалғастыру қажеттігін» атап көрсеткен болатын. Кең жолақты интернет желісіне облыс мектептерінің 86 пайызы қосылған. Сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдарының 60,5 пайызы бейнекамералармен қамтамасыз етілген. Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын табуда.   

          Оқу үрдісіне жаңартылған білім беру мазмұнының енуі цифрлық білім беру ресурстарын күнделікті пайдалануға жол ашты. Бұл міндет Елбасы Жолдауында да көрініс тауып, облыстың барлық мектебі отандық және әлемдік білім беру ресурстарын жинақтаған «Bilimland.kz» порталын қолдануда. Бүгінгі таңда порталдың тіркелімінде облыс бойынша 9470 пайдаланушы бар. 

          Облыс мектептерінің жартысынан астамын (58,6 пайыз) шағын жинақты мектептер құрайды, пайызға шаққанда бұл – 58,6. Оқушылардың білім сапасын көтеру және мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсету үшін ауылдық жерлердегі барлық шағын жинақты білім ұясы «Bilimbook» компьютер трансформерлермен қамтамасыз етілді.  

     Оқу барысын автоматтандыру технологияларына, онлайн білім беру құралдарына және мұғалім, оқушы, ата-ана арасындағы қарым-қатынастың заманауи әдістеріне қол жеткізу мақсатында 171 білім ұясы «Kundelik.kz» электрондық журналына қосылды. Қазіргі уақытта 10 мыңға жуық педагог, 81 мыңнан астам оқушы, 65 мыңнан астам ата-ана жүйеге тіркелген. Бұл жүйенің тиімділігі – сабақ кестесінің жай ғана енгізілуіне,  барлық сыныпқа және жеке оқушыларға үй тапсырмасын беріп, оның орындалуын бақылауда ұстауға, статистикалық мәліметтердің автоматты түрде жинақталуына мүмкіндік береді.

          Осыдан ғасырға жуық уақыт бұрын чех жазушысы Карел Чапек өзінің «Р.У.Р» пьесасының кейіпкерін ешбір қолданыста болмаған «робот» сөзімен атаған еді. Жазушының ғажайып ой еркіндігінің жемісі болған сол роботтар уақыт өте келе ғылымның жетістігі болады деп кім ойлаған ол кезде? Робототехника – әрбір оқушыға инженерлік, нұсқаушылық, шығармашылық идеяларды іске асыруға және өз әлеуетін көтеруге зор мүмкіндік беретін автоматтандырылған техникалық жүйелер құрумен айналысатын ғылым. Ол бағдарламалау мен механика сияқты пәндерге сүйенеді. Қазіргі уақытта облыстың 159 мектебі робототехника құрылғыларымен жабдықталып, 5353 оқушы үйірмелерге қатысып жүр. Биыл облыстық білім беруді ақпараттандыру орталығында роботты техника кабинеті жабдықталып, оқушылар мен мұғалімдер үшін апталық курстар жоспарланды. Сонымен қатар оқушылар үшін жазғы демалыс лагерьлерінде құлтемірлерді құрастыру бойынша оқыту курстарын ұйымдастыру жолға қойылды.

        Цифрландыру техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын да айналып өткен жоқ. Бұл төңіректе де бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қазіргі уақытта төрт колледж бес мамандық бойынша интерактивті модульдермен қамтамасыз етілді. Модульдің көмегімен жұмысшы мамандықтардың студенттері интерактивті материалды ұсыну арқылы кез келген қиындықтағы тапсырмаларды үйренеді және 3D форматында түрлі үрдістерді іске асырады. Техникалық және кәсіптік білім беру бағытында 2018 жылдың 1 қыркүйегіне қарай 32 колледжде оқыту үрдісіне «Platonus»  автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу жоспарлануда.

          Биылғы жылдың бір ерекшелігі – 1 қаңтардан бастап Орал қаласында мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке қою және жолдама беру қызметі автоматтандырылды. Ата-аналар үйде немесе жұмыс орнында отырып-ақ гаджеттер арқылы балабақшалар туралы мәліметтерді, кезек тізімін, сонымен бірге балабақшалардың орналасқан орны, білім беру бағдарламалары туралы қосымша мәліметтерді біле алады. Бұл өз кезегінде ашықтық пен шынайылықты қамтамасыз етіп, жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Аталған жүйе барлық аудан орталықтарында енгізілмек.

    Қазіргі қоғамда ақпараттық-коммуникациялық технологияны дамыту сапалы білім берудің бір бөлігіне айналды. IT саласына басымдық беріліп, оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуда  IT  технологияларының мүмкіндіктерін пайдалану күн тәртібінде тұр. Бұл орайда жаңа оқу жылында облыстың мамандандырылған мектептерінің бірінде ашылатын IT лицейдің өңіріміздің білім саласын цифрландыруға қосатын үлес салмағы зор болмақ. Сондай-ақ үстіміздегі жылдың 1 маусымында «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларды орындау, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде облыста 15 IT сыныптар  ашу жоспарланды. Аталмыш сыныптарда сабақ беретін педагогтарды даярлау курстары ұзамай басталады.   

Шолпан  ҚАДЫРОВА,

Батыс Қазақстан облыстық  білім

 басқармасының  басшысы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір